Түркия әлі де тынши алмай тұр
Сейсенбі, 11 маусым 2013 2:03
1 маусым күні Ыстамбұлдағы Гези саябағын отау туралы шешім қабылдануына байланысты, Түркиядағы наразылық акциялары бүгінде саяси сипат ала түскендей. Елдің көптеген қалаларында шеруге шығушылар премьер-министр Реджеп Тайып Ердоғанның отставкаға кетуін талап етуін жалғастыруда.
Сейсенбі, 11 маусым 2013 2:03
1 маусым күні Ыстамбұлдағы Гези саябағын отау туралы шешім қабылдануына байланысты, Түркиядағы наразылық акциялары бүгінде саяси сипат ала түскендей. Елдің көптеген қалаларында шеруге шығушылар премьер-министр Реджеп Тайып Ердоғанның отставкаға кетуін талап етуін жалғастыруда.
Түркия премьер-министрін жақтаушылар да елде аз емес. Осыған сүйенген Ердоған өзін қолдауға шақырған үндеу тастады. Ел астанасы – Анкара қаласында іс басындағы үкімет басшысының қызметін жақтаушылар сан мыңдаған адам қатысқан акция ұйымдастырып, премьер-министрге жан-жақты қолдау көрсететіндіктерін мәлімдеді. Осылайша, Түркия жұрты бүгінде екіге жарылып тұр. Бұл жік түсушіліктің аяғы немен тынары белгісіз.
Жер шарын жаяу айналып шықты
Жапониялық саяхатшы Масахито Есида Жер шарын жаяу айналып жүріп өтті. 32 жастағы жапондық бұл бастамасына 4,5 жыл жұмсады. Есида өзінің саяхатын 2009 жылы Қытайдың Шанхай қаласында бастаған болатын.
Ол Орталық Азиядан Португалиядағы Рок мүйісіне дейінгі жолды 1 жыл 8 айда жүріп өткен. Роктан АҚШ-қа дейін ұшақпен жеткен саяхатшы Нью-Джерси қаласынан Канаданың Ванкуверіне жаяу шықса, бұл елді мекенге 2011 жылдың қазан айында табан тіреген екен. Осыдан кейін ол Австралияны, Сингапур мен Вьетнамды кесіп өтсе, осы арада денсаулығы сыр берген. Сондықтан, Есида күн сайын шамамен 30 шақырым жүріп отырған. Енді ол жаяу Тайванға жетіп, одан әрі отанына жол тартпақ.
Ливиялықтар осыны көксеп пе еді?
Ливия қарулы күштері бас штабының бастығы генерал Юсеф әл-Мангуш Бенгази қаласында қарулы қақтығыс орын алып, ондаған адам қаза тапқаннан кейін, өзінің отставкаға кететінін мәлімдеген еді. Ел парламенті генералдың отставка туралы мәлімдемесін мақұлдады.
Әл-Мангуш Ливия әскерлерінің бас штабын басқаруды 2012 жылдың қаңтарында қолына алған болатын. Қазіргі кезде елдегі бұрынғы бүлікшілер аса күрделі проблемалар туындатып келеді. Формальді түрде билікке бағынатын заңды топтармен қатар, ел аумағында күні бүгінге дейін іс жүзінде ешкімге есеп бермейтін қарулы жасақтар іс-қимыл танытып жүр. М.Каддафиді өлтіргенде ливиялықтар осындайды көксеп пе еді, деген сауал туындайды.
Талибтер Кабул әуежайын шабуылдады
«Талибан» қозғалысының мүшелері Кабул әуежайына шабуыл жасады. Ауғанстан астанасы полиция бастығының мәлімдеуінше, шабуылдаушылардың барлығы қаза тапқан. Олардың 2-еуі өздері жарылып кетсе, 5-еуі атыс кезінде көз жұмған. Полиция мен әскерилер арасында шығын жоқ көрінеді.
Шабуылға байланысты әуежайдағы барлық рейстер тоқтатып тасталған. «Әл-Жазира» телеарнасының хабарлауынша, әуежайға шабуыл жасалған кезде Ауғанстан президенті Хамид Карзай Катарда болған. Оның елге келген-келмегені белгісіз. Сөз ретінде, Кабул әуежайы әскери және азаматтық мақсаттарда қатар қолданылатынын айта кетейік. Әуежай маңында НАТО-ның Ауғанстандағы штаб-пәтері де орналасқан.
Арменияның Кабальеге үлкен құрметі
Армения президенті Серж Саргсян испаниялық опера әншісі Монтсеррат Кабальеге «Ар-намыс» орденін тапсырды. Саргсянның мәлімдеуінше, Кабальеге орден Арменияның мемлекеттік және ұлттық мүддесін қорғағаны, тәуелсіздік пен демократияны нығайтудағы ерекше еңбегі және халықтар арасында бейбітшілікті нығайту ісіне қосқан үлесі үшін берілген.
Мұндай жоғары құрметке өзінің ризашылығын білдірген опера әншісі Арменияны «махаббат пен бейбітшілік аралы» деп атаған. Жақында Кабалье Ереван арқылы Таулы Қарабаққа барып қайтқан болатын. Сапары барысында ол танылмаған республиканың президенті Бако Саакянмен кездескен еді. Осы оқиғадан кейін іле-шала Әзербайжан опера әншісін елге кіруге рұқсат берілмейтін тұлға ретінде жариялады. Баку Кабальенің жаулап алынған аумаққа рұқсатсыз барғанына наразы.
Табиғат тағы тосын мінез танытты
Орталық Еуропада басталған нөсер жаңбыр шығысқа да жетіп отыр. Тоқтаусыз жауған жаңбырдан Қытайдың Хубэй провинциясы қатты зардап шекті. 5 адам опат болды. Эньши, Ичан және Цзинчжоу қалаларында 135 үй су астында қалды.
Билік 2316 адамды қауіпсіз жерге көшірген. Табиғат апатынан, тұтастай алғанда, 400 мыңдай жергілікті тұрғын тауқымет тартқан. Нөсер ҚХР-дің оңтүстік-батысындағы Гуйчжоу провинциясына да шығын келтірген. Онда 36 үй құласа, 1 адам үйінді астында қалып қаза тапқан. Синоптиктер жауын-шашын әлі де жалғасатынын айтып отыр.
Қысқа қайырып айтқанда:
*Ауғанстанда бітімгершілер құрамындағы грузин солдаттары өлтірілуіне орай, Тбилисиде Грузия контингентін Ауғанстан аумағынан шығаруды талап еткен митинг өтті. 2009 жылдан бері ауған жерінде 29 грузин солдаты қаза тапса, 6-уы осы маусым айында өлтірілген еді.
*Оңтүстік Африка Республикасының экс-президенті, апартеидке қарсы күрескер Нельсон Мандела ауыр халде ауруханаға түскен. 94 жастағы экс-президенттің қарттыққа мойынсына бастағаны байқалады. Ел билігі оның денсаулық жағдайы туралы еш ақпарат таратпай отыр. Шри-Ланкада жауған нөсер мен осыдан туындаған теңіз дауылынан *27 балықшы қаза тапты. 30 балықшының өлі-тірісі белгісіз. Елдің тиісті қызметтері із-түзсіз кеткендерді іздестіру үстінде. Бірақ олардың амандығына күмән келтіретіндер көп.
*Сирияның Алеппо қаласында президент Башар Асадтың режіміне қарсы күрес жүргізіп келе жатқан исламшылар тобы құдайға сыйынудан бас тартқан 15 жасар Мохаммад Каттаны ата-анасының және жергілікті тұрғындардың көзінше автоматтан атып өлтірген.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.