12 Маусым, 2013

Шарайна

412 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шарайна

Сәрсенбі, 12 маусым 2013 2:07

Наразы топ алаңнан қуылды

Ыстамбұлдың орталығындағы Таксим алаңындағы үкіметке қарсы наразылық акциясын басу үшін таңертеңгілік арнайы мақсаттағы полиция отрядтары келді. Осылайша, наразылық білдірушілерді сулы зеңбіректермен және көз жасаурататын газбен қуып таратты.

Сәрсенбі, 12 маусым 2013 2:07

Наразы топ алаңнан қуылды

Ыстамбұлдың орталығындағы Таксим алаңындағы үкіметке қарсы наразылық акциясын басу үшін таңертеңгілік арнайы мақсаттағы полиция отрядтары келді. Осылайша, наразылық білдірушілерді сулы зеңбіректермен және көз жасаурататын газбен қуып таратты.

Алаңда қазіргі уақытта ешкім қалмаған көрінеді. Біздің мақсатымыз полицияны араластыру емес,  Кемал Ататүрік ескерткішін тазарту және ұсқынсыз плакаттардың көзін жою, деп хабарлаған түрік теледидарының тікелей эфирінде Ыстамбұл губернаторы Хусейн Авни Мутлу. Сондай-ақ, ол азаматтарды полицияның іс-қимылдарына байланысты алаңдамауға шақырған. Ұсталғандар мен зардап шеккендер туралы ешқандай мәліметтер жоқ.

Экс-агент әшкерелеулерін ұлғайта түспек

Елдің арнайы қызметтері PRISM бағдарламасы арқылы жүзеге асыратын жаппай интернет-тыңшылық туралы айтып берген АҚШ Орталық барлау басқармасының бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуден одан да зор әшкерелеулер жасамақ ниетте.
Бір журналистің айтуынша, әзірге Орталық барлау бас­қар­масының бұрынғы агенті берген хабарларды жариялаудың уақыты туралы мәселе шешілуде. Ол берген құжаттар ондаған мақалалар жазуға мүмкіндік береді. Біз осы мәліметтердің бәрін пайдаланбақшымыз, деп мәлімдеген репортер. Қазіргі уақытта Эдвард Сноуденнің қайда жасырынып жүргені белгісіз көрінеді.

Террорлық актілер күшейіп тұр

Ирактың солтүстігінде орын алған террорлық актілер мен содырлардың тікелей шабуылдары салдарынан 70-тен астам адам зардап шеккен. Сонымен бірге, елде жанкешті-бомбалаушылар әрекеттері мен қарулы шабуылдар орын алып отыр.
Жақында Диала провинциясындағы Джидайдат-әл-Шатт қаласында  үш бірдей автомобиль жарылған. Мосулда терроршылар жергілікті полиция басқармасына шабуыл ұйымдастырып, жанкешті-терроршылар шабуылы мен зымырандық атқылау салдарынан 24 адам қаза тапқан. Олардың көпшілігі полицейлер мен әскери қызметшілер көрінеді. Маусымның басынан бері Иракта терактілер салдарынан 100-ден астам адам қаза тауып отыр.

Ядролық қарулар туралы мәлімдеді

Голландияның экс-премьер-министрі Рууд Любберс ел аумағында америкалық ядролық қарулардың бар екендігін мәлімдеген. Оның айтуынша, Солтүстік Бранбант провинциясындағы Волкель әуе базасының жерасты бункерлерінде 22 ядролық оқтұмсық сақтаулы тұр.
Голландия әскери-әуе күштерінің өкілі  саясаткердің мәлімдемесін сынға алды. Мұндай жәйт туралы ешқашан ашық айтуға болмайды, бұрынғы премьер ретінде мұны өте жақсы біледі, деп атап көрсеткен ол. Осылайша саясаткер Нидерландтағы ядролық қару тақырыбын көпшілік алдында талқыламау туралы уағдаластықты бұзған.

Әуе диспетчерлерінің ереуілі

Францияның басты әуежайларында шамамен 1,8 мыңдай рейстер кейінге қалдырылды. Оған әуе диспетчерлерінің ереуілдері себепкер болып отыр.
Франциядағы ереуілдерді Еуроодақтың қарарларына сәйкес саланы бейтараптандыруға қарсы наразылық белгісі ретінде кәсіподақтар ұйымдастырған. Брюссельдің пайымынша, Еуропада «біртұтас аспан» құрылуы тиіс, ол әуе кеңістігін ұлттық принцип бойынша бөлшектеуді таратып, ЕО шеңберінде бірегей басқару орталығын құруды қарастырады. Ереуілдер үш күнге созылмақшы.

Нөсер жаңбыр әкелген шығын

Өткен бірнеше күн ішінде нөсерлете жауған жауын салдарынан Қытайдың түрлі аудандарында 3,57 млн. адам материалдық зардап шекті.
Елдің 10 провинциясында неғұрлым күрделі ахуал қалыптасып отыр. Олардың қатарында Хубэй, Хунань, Цзянси, Аньхой, Юньнань және Гуйчжоу провинциялары бар. Ресми мәліметтер бойынша, 13 адам табиғат апатының құрбанына айналған. Нөсер жаңбыр 287 мың ауылшаруашылық алқаптарын жойып, 1,5 мыңнан астам тұрғын-жайларды құлатқан. Шығынның жалпы көлемі 209 млн. доллар болады деп бағаланып отыр.

Алеппоны қайтаруға дайындалуда

Сирияның әскери командованиесі таяу күндері Алеппо провинциясындағы қарулы оппозиционерлерге қарсы кең ауқымды операция бастауды жоспарлап отыр.
Операцияның мақсаты – бүлікшілер ұстап тұрған қалалар мен деревняларды босату. Сириялық «Әл-Ватан» газеті өз тарапынан әскерилер операцияға дайындықты бастап кетті деп жазуда. Еске сала кетейік, бұған дейін Сирия үкіметі қарулы оппозицияның Ливанмен шекарадағы басты тірегі болып табылатын Кусейр қаласын толық бақылауға алғанын хабарлаған болатын.

Президент реактор құрылысында болды

Иран президенті Махмұд Ахмадинежад Арака қаласы ауданындағы ауыр судағы зерттеушілік реактор  құрылысы жүріп жатқан жерде болды.
Интернет-БАҚ-тардың хабарлауынша, Иранның атом энергиясы жөніндегі ұйымының басшысы Ферейдун Аббаси инженерлердің бұл реакторды 2014 жылдың наурызында іске қосуды жоспарлап отырғанын мәлімдеген. Осы орайда, МАГАТЭ бас директоры Юкия Амано 3 маусым күні Иранның ядролық проблемаға қатысты ұстанымын, сонымен бірге, жоғарыда аталған реактор құрылысын сынға алған болатын. Ол Иранның ядролық жобасы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларына қайшы келеді деп атап көрсеткен-ді.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.