Шарайна
Бейсенбі, 13 маусым 2013 2:00
Өзендерін оңтүстіктен солтүстікке бұруда
Қытай өзіндегі өзендерді оңтүстіктен елдің солтүстігіндегі құрғақшылық аумақтарына бұру жөніндегі жобаның алғашқы кезеңін аяқтады. Билік төрт ай бедерінде аса ірі Янцзы, сондай-ақ Хуайхэ, Хуанхэ және Хайхэ өзендері суларының бір бөлігін солтүстікке бұратын арналар желісін тұрғызбақ болып отыр.
Бейсенбі, 13 маусым 2013 2:00
Өзендерін оңтүстіктен солтүстікке бұруда
Қытай өзіндегі өзендерді оңтүстіктен елдің солтүстігіндегі құрғақшылық аумақтарына бұру жөніндегі жобаның алғашқы кезеңін аяқтады. Билік төрт ай бедерінде аса ірі Янцзы, сондай-ақ Хуайхэ, Хуанхэ және Хайхэ өзендері суларының бір бөлігін солтүстікке бұратын арналар желісін тұрғызбақ болып отыр.
Осылайша елдегі ең ірі Янзцы өзені суының бір бөлігі Хуанхэ өзенінің арнасы арқылы Солтүстік Қытайға жеткізілетін болады. Осы маршрут бойынша жылына шамамен 1,5 млрд. текше метр су жеткізілмек. «Өзендерді бұру» жобасының жалпы құны 81 млрд. долларды құрайды. Осы бағыттағы барлық жұмыстарды 50-60 жылда аяқтау жоспарланған. Белгіленген аралықта 1,3 мың шақырымдық арналар тартылмақ.
Екі Корея бір-бірімен байланысын үзді
Пханмунджом байланыс арнасы Солтүстік және Оңтүстік Корея арасында келіссөздер болмайтыны туралы хабарланған күннің ертесіне байланысын үзді. Біз таңертеңгі сағат 9-да байланысқа шығуға тырысқан едік, бірақ Солтүстік жауап бермеді, деп мәлімдеді Оңтүстік Корея өкілі.
Солтүстік және Оңтүстік Корея арасындағы байланыс желісі үстіміздегі жылдың 11 наурызында үзіліп, екіжақты кездесу өткізуге уағдаласылған күннің ертеңінде, яғни 7 маусымда қайта жалғасқан болатын. Ал 11 маусымда Оңтүстік Корея келіссөздерге қатысушы солтүстік өкілдерінің санын азайту туралы шешім қабылдағаннан кейін КХДР Сеулге делегаттар жіберуден бас тартқан еді. Алты жылдан соңғы министрлер деңгейіндегі екі ел арасындағы екі күндік келіссөздер Сеулде 12-13 маусым күндері өтуі тиіс болатын.
Тасқыннан келген шығын теңдессіз
Германиядағы су тасқынынан келген шығын көлемі 12 млрд. еуро деп бағаланып отыр. Ал зардап шеккендерге сақтандыру компаниялары төлейтін өтемақы сомасы 2,5-3 млрд. долларды құрамақ. Зардап шеккен аудандардағы көптеген тұрғындардың сақтандыру полистері де жоқ көрінеді.
Бұған дейін сарапшылар нөсер жаңбырлар туындатқан табиғат апатынан келген экономикалық шығынды 6 млрд. еуро деп бағалаған еді. ГФР канцлері Ангела Меркель су тасқынынан зардап шеккендерге федералдық бюджеттен 100 млн. еуро көлемінде көмек көрсетілетініне уәде берді. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Дунай өзеніндегі су деңгейі төмендей бастаған. Есесіне Эльба өзені бұрынғысынша елдің солтүстік-шығысына әлі де қауіп төндіріп отыр. Орталық Еуропада топан судан қаза тапқандар саны 18 адамға жеткенін айта кетейік.
Әлемдегі ең жылдам пойыз сыналды
Жапонияда қазіргі кездегі әлемдегі ең жүрдек пойызды алғаш рет сынақтан өткізу үдерісі табысты аяқталды. «Маглев» пойызы сағатына 584 шақырым жылдамдықпен жүруге қабілетті. Алайда, алғашқы сынақ барысында сағатына 500 шақырым жылдамдықпен жүруге ғана қол жеткізілген.
Адам таңғаларлық жылдамдық магнитті жастық есебінен жүзеге асырылады. Пойыз рельстерге еш жері тимей, магниттің үстінде жүйткиді. Ол тек аэродинамикалық қарсылық нәтижесінде ғана тежеледі. Ал алғашқы сынақ Яманаси префектурасында 5 вагоннан тұратын пойыз құрамымен өткізілген. 2027 жылы мұндай пойыз Токио мен Нагоя арасын байланыстырады деп жоспарланыпты. Аталған қалалар бір-бірінен 350 шақырым жерде жатса, пойыз оны 40 минөт ішінде еңсере алады.
Әйелімен ажырасу әдетке айналғандай
Ресей президенті Владимир Путиннің зайыбымен ажырасып жатқаны туралы ақпараттың бүгінде шындыққа айналғаны белгілі. Бұл әдет бүгінде әлемдегі жоғары лауазым иелерін шырмай бастағандай. Бұған Чехия премьер-министрі Петр Нечастың зайыбы Радкамен ажырасу туралы шешімі нақты дәлел болып табылады.
Чехиялық ерлі-зайыптылар мұндай шешімге 25 жыл отасқандарына қарамастан барып отыр. «Біз отбасылық өмірімізді үйлестіруге ұмтылдық, бірақ одан еш нәтиже шықпады. Сондықтан ажырасқан жөн деп шештік. Алайда, бір-бірімізге деген сыйластығымызды сақтап қалуға тырысатын боламыз», дейді Нечас. Олардың 4 баласы болса, екі кенже қыздары әлі кәмелетке толмапты. Премьердің сөзіне қарағанда, олар аналарымен қалады, ал ол қыздарының білім алуларына көмектеседі.
Жер бетіндегі ең қарт тұрғын көз жұмды
Жердегі ең ұзақ жасаған тұрғын ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енгізілген жапониялық Дзироэмон Кимура 116 жасында қайтыс болды. Ол табиғи себептермен көз жұмған. Дзироэмон Кимура 1897 жылдың 19 сәуірінде туыпты.
Мұның алдындағы ең ұзақ жасаған тұрғын ретінде Даниядан АҚШ-қа қоныс аударған Кристиан Мортесен саналып келген-тін. Ол 1998 жылы қайтыс болған еді. Ал Кимураның қазасынан кейін Гиннестің рекордтар кітабының нұсқасы бойынша әлемдегі ең көп жасаған адам атағы келесі бір Жапония тұрғыны Мисао Окавеге ауысты. Бұл кейуана 115 жаста. Осы жерде атап көрсететін бір жәйт – Гиннестің рекордтар кітабына өзінің жасын құжатымен дәлелдей алған адам ғана енгізіледі.
Қысқа қайырып айтқанда:
*Соңғы тәулікте Түркияның Ыстамбұл қаласындағы Таксим алаңында ереуілшілер мен полиция арасындағы қақтығыс қайта жалғасты. Билік алаңды қалай да тазалауға күш салмақ. Ал ел премьері Реджеп Тайып Ердоған ереуілшілер жетекшілерімен кездесу өткізбек.
*Австрияның бітімгершілік әскерлері Голлан биіктігін тастап шыға бастады. Биіктіктегі 380 солдаттың 20-сы қазірдің өзінде Израиль аумағына келіп кірген. Алғашқы 60-80 бітімгерші отанына бүгін оралуы тиіс. Мұндай шешімді сондай-ақ Канада мен Жапония контингенті де қабылдаған. Мұндай шұғыл шешімдерге бітімгершілерге шабуылдардың жиілеп кеткені себеп болып отырса керек.
*Финляндияның қорғаныс министрлігі Ресейдің екі әскери ұшағы елдің әуе кеңістігін бұзды деген күдік білдірді. Кеше осындай ресми мәлімдемені Финляндияның қорғаныс министрлігі таратты. Дабыл қағылып, елдің әскери-әуе күштерінің ұшақтары аспанға көтерілген. Оқиғаның басқа егжей-тегжейі нақтыланбайды.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.