Руханият • 20 Маусым, 2019

«Даланың дара ділмарлары» радиохабарын тыңдағанда туындаған ой

1036 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Есте жоқ ескі замандарда Түр­кі ұлыстары мемлекет­тілі­гінің алғышарттарын жасап, ел бірлі­гін ойлаған ІІ-ІІІ ғасырларда ғұ­мыр кешкен Нәнді би, Елсау би, Оңқай би, Майқы билерден тартып, бүгінгі билерімізге келіп тіре­летін бұл хабар мені қатты ойландырды. Әрине қай ғасырда да халқының қамын жеген, айрандай ұйытқан, айшықты ірі тұлғаларының болғаны бел­гілі еді.

«Даланың дара ділмарлары» радиохабарын тыңдағанда туындаған ой

«Бұл қазақтың баласы,

Тегінде нені көрмеген,

Неше бір жайсаң данасы,

Шешен де болып сөйлеген.

Көсем де болған ойменен,

Бірақ соның бәрі де,

Ыдырап жатқан қазақтың,

Қоса алмады бастарын.

Бейбіт жатқан елімді,

Жаулап алып қор қылды-ау,

Көк атты келіп көлденең», деп үш ғасыр бұрын Төле би бабамыз зар қағып, бола­шақ ұрпағына осыдан үлгі алғын дегендей аманат тол­ғауын айтып кетпеп пе еді. Біз егемендігіміздің ширек ғасы­рында ауызбіршілігі­міз­дің арқасында көптеген жетіс­тіктерге қол жеткізе алдық. Меніңше, бұл хабар­дың да негізгі мақсаты елім деп еңіреп, халқының бір­лігін ойлаған бабалардың асыл сөздерін, аманаттарын халқына жеткізуді мақсат тұтады.

Ха­бар­дың жүргізушісі журналист Қошан Мұстафаұлы сол­ өткен би, шешендеріміз бен­ хандарымыздың тұлғалық қа­сиет­терін, Елбасымыздың ерен ең­бектерімен ұштасқандығын да тіл­ге тиек етіп, баса көр­сетеді.

Осы ретте аталған мәселе­лер­ді іске асырып, насихаттап отырған бірден-бір ақпа­рат құралы, бұл Қазақ радиосы екені рас. Осындағы ұлтжан­ды азаматтар дер едік. Мен ба­­ла кезімнен «Алпамыс», «Қо­бы­ланды», «Қамбар батыр» эпос­­тық мұраларын тыңдап, Сүйін­бай, Майкөт, Жамбыл баба­ла­рымыздың жырларымен сусындап өстім. Шағын ауылымызда әр үйдегі радиолар елдегі бар жа­ңалықты жеткізіп тұратын еді.­ Біздің тарихымызды танып, өнерге ғашық болуымызға осы­лардың себебі көп тиді. Бола­шақта «Мәңгілік ел» болуға құ­лаш ұрып отырған елміз. Бұған қа­зақ халқының тарихын, бабалардан қалған дәстүрді білу өте маңызды. Меніңше, жауап беріп жатқан Қазақ радиосының «Інжу-маржан», «Терме-толғаулар» хабарының редакторы, авторы Қошан Мұстафаұлының еңбегі дер едім. Мен домбыра тартып, өлең айтып, жыр жырлап келе жатқаннан бері Қошанды жақсы білемін. Әркез радиодан хабарларын тыңдап отырамын. Бар қазақтың жоғын жоқтап, ғылыми, тарихи-танымдық жарты мыңға тарта хабар жасап, елге ұсыну кез келген адам­ның қолынан келе бермесе керек. Қошанның бойындағы өзінің халқына, жеріне, еліне деген сүйіспеншілігі мен намысының күштілігі осыған әкеліп отыр. Ол хабар жасау барысында, көне жырлардың түп негізі қайдан шығатынын, кім орындайтынын және қай елде, қай жерде екеніне дейін ерінбей, жалықпай барып тауып, тың­дарманға ұсы­­­нып жүрген асыл азамат. Қо­шан мырза халық қазы­налары, тарихи мұра­лар, бабалар дәстүрі, хандар, билер, жыраулар, біздің ұлы батырларымыздың еңбектерін, жыр-дастандарымыздың бә­рін асқақтата көтеріп, радио­дан насихаттады. Қарап отыр­­­­саңыз қазақ хал­қы, қан­шама қиыншылық көрсе де, тәр­биелік мәні бар, елді, жерді сүйе­тін, ұлы қасиеттерін, абыз даналарымыздың аузынан шық­­қан асыл сөздерін ұмытқан емес. Оның дәлелі ретінде Қ.Мұс­­тафаұлының хабарынан біраз мысалдар келтіруге болады.

Мысалы, кейіпкеріміз хабар бары­сында: «Сонау VІІ-VІІІ ғасырдағы Түрік қағанды­ғы­ның іргесі шайқала бастауы, ба­баларымыздың ауызбірші­лігінің бұзылуы ХVІІІ ғасырға жалғасып, халықты «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұ­ла­маға» ұшырауына әкеп соқ­тырды. Осыбір ауыр кезеңде ғұмыр кешкен қазақтың ақыл­ман да көреген үш биі жө­нінде 1993 жылы Ордабасыда Тұңғыш Пре­зидентіміз Н.Назарбаев былай деп тебірене сөйлеген еді» деп Елбасының тұжырымды ойларын да ұтымды пайдаланып, келесі кезекте тыңдарманды кестелі ой тұнығына батырады. Немесе: «Өткен тарихымызға көз сал­сақ, би-шешендеріміз мемлекет тарихында, ел тағ­дырында айқындалған, әлем мойындаған көркем мінез кө­­сем, азуын айға білеген шешен, алып тұлғалар еді. «Төле тауып айтады, Қазыбек қазып айтады, Әйтеке жарып айтады» дей келе, «Сөздің атасы – бірлік, анасы – шындық» деп бір түйіп тастайды.

Кезекті сөзжарысында Қо­шан сөзді былай төркіндетеді: «Алатаудай асқақ ойлы, ғұлама М.Х.Дулати бабамыз замандасы ел билеген Ұбайдолла хан жөнінде: «Өзі тақуа, діндар адам, оның тұсында «игілік пен әділеттілік самалы әлемді хош иіске бөледі. Ал оның алақаны-жомарттық теңізінің түбіндегі лағылды дүр тостаған сынды болатын, ақылман билері де баршылық еді» деп көп дүние­ні астарлап, айшықтап айтады.

Дүние жүзіндегі ең сұлу тіл­дің бірі біздің қазағымыздың тілі. Менің Қошанға соншалық­ты риза болатыным хабар жүргізуі елден ерекше, тіліміз­дің шұрайлы­лы­ғын пайдалана біледі. Оның әр хабарда айтқан сөздері тарихқа таспаланады, бір сөзі өлмейді. Мына бір тіркестеріне тамсанбай қой­майсыз. «Бұл хабарымызды көшкен сағымдай мұнартқан, бағ­зы заман тарихынан қозғап, ел болуды көксеп, тебінгіні терге шірітіп, терлігін майдай ерітіп, ат үстінде күн ке­шіп, ел бірлігінің бү­тіндігіне қыз­мет жасаған, пейіл­дің мұхи­тынан ой мен сөз­дің лағыл дүр­лері төгілген, ақыл-ойдың қазынасы, шабыттанса қара сөздің өзін жақұт жырға ай­­нал­дыратын, «Түгел сөздің тү­бі бір,түп атасы Майқы би» ба­ба­ларымыздан бастау алған, дара да дана билерімізге арнасақ деп отырмыз» деуінде үлкен мән жатыр.

Шынтуайтқа келгенде, Қо­шан Мұстафаұлының жасап жатқаны – үлкен үлгі. Ал енді билер жөнінде хабар жасау үшін бұған үлкен батырлық керек. Өйткені бұл өте күрделі тақырып. Майқы биден бастап бүгінгі билерге дейін хабар жа­сау үшін құр сөз емес, оны зерт­теу, оқу, терең білу керек. Та­­рих бұрмалағанды кешірмейді. Қоя­тын сұрақ­тарының мазмұны да, қасиеті де ғибратқа толы. Хабарына шақырған қо­на­ғы да Ақмола облысы сотының төрағасы Досжан мырза парасатты, бі­лімді. Оның да ой-өрісі кең, сөйлеу мәнері, сөз саптауы ерекше, артық сөзі жоқ, қысқа да нұсқа сөйледі. Екеуі де өте жоғары деңгейде ілти­паттылықпен бір-бірін толық­тырып отырды.

Жалпы, Қошан Мұстафаұлы бүкіл Қазақстанның, сонау Ал­тай­дан бастап Атырауға дейін, Солтүстіктен Оңтүстікке дейін, керек десеңіз Қытай, Өзбек­стан­­ның ішінде жүрген жыраулардың өздерін та­уып алып, эфирден беріп ке­­леді. Біздің халықтық қазы­наларымыз, жырауларымыз, толғауларымыз ұмыт болып, тапталып кететін бе еді, осы Қошандай азаматтар болмаса. Ел радио тың­дайды, осындай тарихи хабар­ларды күтеді, осыдан ләззат алады. Халық қазыналары – үл­кен байлық. Ел кім, қазақ кім деген сұрақ туғанда алдымен Қ.Мұс­тафа­ұлының еңбектерін айтамыз біз. Өйткені оның бар­лық шығармасы тек қана елі­не, же­ріне, халқына арналады. Құ­дайға шүкір, Қошанның әлі талай шаруа бітіретініне мен өзім сенемін және ризамын.

 

Сәбит ОРАЗБАЙ,

Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты