Шарайна
Сәрсенбі, 5 маусым 2013 1:34
Түркияның түндігі желпілдеп тұр
Бүгінде әлем жұртшылығының назарын өзіне ерекше аударған елдердің қатарында Түркия да бар. Бұған әуелде Ыстамбұлда басталып, сосын Анкарада жалғасқан, кейін елдің үлкенді-кішілі елу шақты қаласын шарпыған ереуілдер екпіні әсер етті.
Сәрсенбі, 5 маусым 2013 1:34
Түркияның түндігі желпілдеп тұр
Бүгінде әлем жұртшылығының назарын өзіне ерекше аударған елдердің қатарында Түркия да бар. Бұған әуелде Ыстамбұлда басталып, сосын Анкарада жалғасқан, кейін елдің үлкенді-кішілі елу шақты қаласын шарпыған ереуілдер екпіні әсер етті.
Көпшіліктің бұлайша дүрлігіп, көшеге шығуларына 1 маусым күні Ыстамбұлдағы ежелгі Гези саябағын отау туралы шешім қабылдануы себеп болған еді. Қазіргі кезде тәртіпсіздіктер салдарынан кем дегенде 3200 адамның зардап шеккені, тіпті 2 адамның қаза тапқаны да белгілі болып отыр. 26 адам әл үстінде жатса керек. Сөйтіп, Түркияда саябақтың орнына сауда-ойын-сауық кешенін салу туралы шешімге наразылықтың салдары ауыр болды.
Қырғыздар шығындарын санауда
Қырғызстан үкіметі «Құмтор» алтын кеніші орналасқан Ыстықкөл облысындағы тәртіпсіздіктер салдарынан келген зиянды есептеп шығарды. Ол 1,4 миллион долларға тең делініп отыр. Еске сала кетсек, «Құмтор» маңында орналасқан Тамга айылындағы ахуал 28 мамыр күні ушыға түскен болатын.
Елдің оңтүстігін қамтыған наразылық акциясында 55 адам зардап шеккен. Шеруге шыққан азаматтар Қырғызстан үкіметі мен Канаданың Centerra Gold Inc. компаниясының арасындағы келісімнің күшін жоюды, сөйтіп, «Құмтор» кенішін толықтай мемлекеттің қарауына көшіруді талап еткені белгілі. Тәртіпсіздік салдарынан Ыстықкөлдегі туристік маусымға да кедергі келуі ықтимал-тын. Алайда, бүгінде өңірдегі ахуал қалпына келген сыңайлы. Бұл тыныштықтың қай кезге дейін созылатыны да беймәлім.
Экономикалық санкция қатайтылады
АҚШ Президенті Барак Обама Иранға қатысты экономикалық санкцияны қатаңдату туралы бұйрық берді. Оның алғашқысы Иранның ұлттық валютасы – риалға тікелей әсер ететін болады. Сөйтіп, санкцияның қармағына бірінші кезекте шетелдік қаржы ұйымдары ілінбекші.
Яғни, сондай шетелдік қаржы ұйымдарының қатарына Иран валютасын айтарлықтай көлемде сатып алатын немесе сататын, сондай-ақ банктерінде риал ақшасын көптеп ұстайтын мекемелер жатқызылатын болады. Бұл шара шетел банктері мен компанияларын риал ақшасынан бас тартуға мәжбүрлейді, ақыр аяғында, Иран валютасын айтарлықтай әлсіретуге алып келеді деп күтілуде. Өткен жылдың басынан бері риал өз құнының жартысын жоғалтқаны да осы жерде көлденең тартылып отыр.
Қысқа қайырып айтқанда:
АҚШ Иорданияға «Патриот» зымыран кешендері мен Ғ-16 жойғыш ұшақтарын жіберіп отыр. Пентагондағылар «Патриот» пен Ғ-16-ның бірлескен АҚШ-Иордания әскери жаттығуларында пайдаланылатынын мәлімдеді. Оқу-жаттығулар аяқталғаннан кейін олардың кейбірі Иордания аумағында қалдырылуы мүмкін.
Тәжікстанда белгісіз біреулер алтын сатумен айналысатын ерлі-зайыпты Бобоевтар мен олардың үш баласын өлтіріп, құны шамамен 30 мың доллар тұратын алтын бұйымдарды ұрлап кеткен.
Үндістанда екі айдан бері аптап ыстық басылмай тұр. Осы аралықта тамшы жаңбыр жаумаған. Сынап бағанасы 44 градустан төмендемесе, ыстыққа шыдай алмай көз жұмған тұрғындар саны күн өткен сайын көбейе түсіп отыр.
Израиль АҚШ-ты Америка билігі тендердің көмегімен құрылысына жеке компанияларды тарту мақсатында Израильдің Тель-Шахар жаңа құпия зымыран базасын ашық сайтта жария етіп жіберді деп айыптады.
Еуропаны топан су басып жатыр
Бірнеше күн бойы толассыз жауған жаңбырдан Орталық Еуропадағы бірқатар өзендер, оның ішінде Дунай, Влтава, Эльба өзендері де бар, арналарынан шығып кетті. Сөйтіп, Чехияның, Германия мен Австрияның көптеген аумақтарын топан су басып қалды.
Мәселен, баварлық Пассау қаласы іс жүзінде толықтай су астында қалса, Чехияның астанасы – Прага қаласына да үлкен қауіп төніп тұр. Көптеген аудандарда төтенше жағдайлар жарияланған. Қазірдің өзінде табиғат апаты салдарынан 7 адам опат болса, тағы 8-і із-түзсіз жоғалып кеткен. Билік басындағылар су алған аудандардан мыңдаған адамды қауіпсіз жерлерге көшіріп үлгерді. Экономикалық зардап әзірше есептелген жоқ, бірақ, оның айтарлықтай болатыны анық. Жаңбырдың қашан толастары да белгісіз.
Ақшаны ханзададай кім шашады?
Сауд Арабиясының ханзадасы Фахд әл-Сауд Париждегі Диснейленд саябағында шамамен 15 миллион еуро шығындаған. Мұны француздық БАҚ-тарға сілтеме жасай отырып, Ресейдің «Жаңалықтар» ақпарат агенттігі жария етті.
Диснейлендте әл-Сауд диплом алғанын «жуса» керек. 22-24 мамыр аралығында ханзада өзі мен жанындағы 60 шақты қонағына күндіз саябақтың тұтас бір аймақтарын: арнайы алаңдарды, таңертең және кешкісін, яғни саябақ қарапайым адамдар үшін ресми ашылғанша және ашылғаннан кейін басқа да көңіл көтеретін орындарды жалдап алған. Жергілікті БАҚ-тардың деректеріне қарағанда, мәртебелі мейман үшін түрлі думандар, спектакльдер мен фотосессиялар ұйымдастырылыпты.
Миллиардер 18 жыл түрмеге кесілді
Италия соты швейцариялық миллиардер Стефан Шмидхайниді 18 жыл бас бостандығынан айырды. Сот 65 жастағы бизнесменді оның фабрикаларында жұмыс істеген 2 мыңнан астам адамның өліміне кінәлі деп тапты.
Миллиардердің зауыттарында денсаулыққа зиянды, бірақ дәл сол тұста тыйым салынбаған асбест пайдаланылып келіпті. Сот сондай-ақ Шмидхайни зардап шеккендер мен олардың туған-туысқандарына өтемақы ретінде миллиондаған еуро төлеуі тиіс деген үкім шығарды. Миллиардер болса, өзіне қарсы тағылған айып негізсіз деп есептейді және өзінің кінәсін мойындамауды жалғастыруда. «Форбс» журналының бағамдауынша, Шмидхайнидің байлығы 3 миллиард доллар деп есептеледі.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.