Саясат • 20 Маусым, 2019

Тарих тағындағы тәуелсіздік тағдыры

862 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Сайлау өтті. Халық өз таңдауын жасады. Таңдау Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа түсті. Күнтізбенің 2019 жылғы маусым айының он екісі, сәрсенбінің сәтті күні жаңадан сайланған Президентті ұлықтау рәсімі өтті. Ұлықтау дегенді өз басым таққа отыру деп ұғындым. Сол тарих тағында еліміздің жаңа Президентімен бірге тәуелсіздігіміздің болашақ тағдыры бардай әсерде болдым.

Тарих тағындағы тәуелсіздік тағдыры

Қазақстан Республикасы­ның сайланған Президенті қызметіне ресми кірісу рәсі­мінің тарихи бір сәті, ант қабылдаудан кейін сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзін «Аса қадірлі Елба­сы» деп бас­тауы және де «ақи­қа­тын айтуымыз керек, бұл сай­­лауда біздің азаматтарымыз Елбасының стратегиялық бағы­тын қолдап дауыс берді. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бүкіл әлем мойындаған даму моде­лін жасады. Қазақстанның Көк туын дүние жүзінің түкпір-түк­пірінде желбіретті», дей баға бе­ре сөйлеуі көңіл толқыт­қаны да анық.

Қазақ тарихында бір Прези­дент ауысып, бір Президенттің билікке келуінің мұндай салтанаты тұңғыш рет болып отыр. Және де өзінің билігін өз еркімен берген Тұңғыш Пре­зидент Назарбаев пен жа­ңа­дан сайланған Пре­зидент Тоқаев арасындағы қара­пайым адами парасаттылық бай­ла­нысының адал ниетпен орнық­қанына да көз жетіп, көңіл илан­ғандай. Өз басым соған қуандым.

Мына алмағайып заман және де сол заманның соңғы ширек ғасырдағы жаңа дүние бөлісі мен сол дү­ниеге өз ықпалдары, тіпті өз өктем­діктерін жүргізу үшін жанталасып, тіпті аптыққан да арын­­даған, қаруланып та құр­сауланып та алған әлемдік сая­сат­тың сойылы соғыла бастаған кезеңдер болды, ол әлі де бар.

Ал бірақ қазіргі уақытта біз­дің елімізбен әлемнің кез кел­ген мемлекеті санасады дейтін болсақ, біздің еліміз де, халқымыз да санасуға тұрар­лық екендігіне әлемнің көзін жеткізген де Тұң­ғыш Пре­зидентіміз болатын. Осы орайда Қазақстан Респуб­лика­сының жаңа сайланған Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев­тың қызметіне ресми кірі­су рәсі­мінде: «Елбасы – қазақ мем­лекетінің негізін қалаушы ұлы тұлға. Ол жаһандық деңгей­дегі мемлекет қайраткері. Әлем тарихына дәл осылай жазылды. Елбасының халқымыз үшін және әлемдік қоғамдастық үшін сіңірген орасан зор еңбегін әрқашан құрметтеу – бәрімізге ортақ парыз», деп мәлімдеуі де әбден орынды еді. Әуелден ханының соңынан топырақ шашпаған ел екенімізді тағы да бір танытқан тарих тағындағы Тоқаевтың осы бір ауыз сөзі – баршамыз үшін тоқтарлық сөз.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ел­ба­­сы Нұрсұлтан Назарбаевқа аса жоғары баға беруі және де зор құрмет көрсетуі мен оның жолын жалғастыратындығы жөнін­дегі мәлімдемесі тәуел­сіздік тағдырының бүгіні мен болашағын сенімді етіп, айқын­дай түскендігін айтқан абзал. Дүниені революциялық жолмен емес, эволюциялық жолмен дамытудың адамзат тағдыры үшін қаншалықты маңызды екен­дігін Елбасы сан мәрте айтқан да болатын. Қазір тек қана ілгері қарайтын, ілгері басатын заман. Соны терең сезіне білген Қасым-Жомарт Кемелұлының сабақ­тастықты Қазақ елін да­мытудың, ел тәуелсіздігін одан әрі нығайтудың салиқалы саясаты етіп алға тартқаны да кө­ңілге қонымды әрі оны орынды да орнықты ұстаным деп танимыз.

Біз – демократиялық және құқықтық мемлекет құруды әу бастан қолға алған елміз. Алайда сол демократия дегеніміз қазаққа жат та дүние емес еді. Біздің халқымыздың қанына сіңіп, бойына біткен бір қасиеті – сөзге тоқтай білгендігін өз басым демократияның көкесі деп те айтқан болар едім. Алай­да осы күндері сол сөзге тоқтау қасиетінен айырылып бара жат­қанымыз үшін де алаңдайтын жай бар. Әркімнің өзіне өзі «мен демократиялық қоғамда өмір сүруге әзірмін бе?» деген сауал қоя білгені жөн. Демократиялық қоғамда өмір сүрудің басты шарты әуелі сол өзің өмір сүріп отырған мемлекеттің заңын сыйлау мен сақтаудан басталарын да ұғынар кез келді.

Біз өз тәуелсіздігіміздің ширек ғасырдан енді аса бастаған кезеңдерінде толыққанды демо­кратиялық қоғамға қол жеткізе алмағанымыз да анық болар, бәлкім. Әр қадамын өлшеп басар, әр сөзін аңдап сөйлер кезеңде тұрмыз. Әлі де жаңа әлемде жаңаша өмір сүруді үйреніп те, игеріп те жатырмыз деп бағамдағанымыз абзал. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың «әрбір азаматтың пікірі – біз үшін өте маңызды. Өйткені халқымыздың тату­лығы, ынтымағы, бірлігі – біз­дің ең басты құндылығымыз. Осы құндылықты көздің қарашы­ғындай сақтау – баршамызға ортақ парыз», деп айтқан бір ауыз сөзіндегі «татулық», «ынтымақ», «бірлік» сияқты үш құндылық біздің бүгінгі демократияшыл көңіліміздің түкпірінде жатуы керек. Осы үш құндылықты сақтай білу әрқайсымыздың тә­уелсіздік алдындағы басты боры­­шымыз болса керек.

Қазақстан Республикасының сайланған Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Еліміздің әр азаматының мүддесін қорғау – менің басты мақсатым. Олар­ды саяси көзқарастары мен ұста­нымдарына қарай бөлуге жол бермеймін. Түрлі саяси және қоғам қайраткерлерінен келіп түскен құнды ұсыныстарды, бас­тамаларды мен өз жұмысымда міндетті түрде ескеремін. Ашық және әділ жұмыс істейміз. Біз үшін ең маңызды міндет – заңға сай адал қызмет ету», деп атап көрсеткенін мемлекетіміздің одан әрі жетіле түсуінің кепілі деп ұғынар едік.

Және де Қасым-Жомарт Кемелұлының бірінші кезек­те Қазақстанның үшінші жаң­ғыртылуын, қазіргі өткір әлеу­меттік проблемаларды шешумен нақты айналысу мен аса мұқ­таждарға көмек көрсету, қоғам­ның бірлігін қамтамасыз етіп, әр азаматтың құқығын қор­ғау, қашанда және қай жерде де Қазақстанның ұлттық мүддесін қорғау сияқты өзекті мәселелерді алға тартуының да үлкен стратегиялық маңызы бар ұстанымдар екендігін айтар едік. Бұл орайда нақтылы он міндеттің белгіленуі де, солар­дың кейбірінің қазірден жү­зеге асырыла бастауы да жаңа Президентіміздің толыққанды мемлекетшіл тұлға екендігін айғақтап, сенімді нығайта түседі.

Тарих тағындағы тәуелсіз­діктің жаңа тағдырын айқын анықтап алған жаңа Прези­дентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ең әуелі биліктің халық алдын­дағы жауапкершілігін арттыру қажеттігін алға тартты. Халық­тың табысын арттыру, сыбайлас жемқорлықты жою, сот және қ­ұқық қорғау жүйесін реформалау, жаңа жұ­мыс орындарын ашу және халықты лайықты жалақымен қамту, тұрғын үй мәселесіне ба­сымдық беру сияқ­ты бү­гінгі күні қалың бұқа­раны тол­ғандырып отырған өзекті мәсе­лелерге қатысты да тың ойлар айтылып, оларға байланысты нақты істер қолға алынатыны атап көрсетілді.

Өз халқына адал қызмет етуге ант берген Қасым-Жомарт Тоқаев әділетті әлеу­меттік ұстанымымен және өңір­лерді дамытудың жаңа бағы­тымен, «Рухани жаңғыру» құндылықтарымыздың рухани бағдарымызбен, қалыптасқан ұстамды сыртқы саясатпен, жас ұрпаққа деген сеніммен жедел өзгерістер дәуіріне күні-түні бір қалғымай шапшаңдата қадам басып келе жатқан бүгінгі әлемге өз елімен, өз халқымен бірге қа­дам басты. Жаңа Президентіміз енді бұған дейін толмай қалған тұсымызды толықтырып, болмай қалған кей ісімізді болдырып, өз халқымен бірге Қазақ елі тәуелсіздігінің жұлдызын жарқырата түседі деп сенеміз. Тек Жаратқан Иеміз жар болсын!

 

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,

жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

КӨКШЕТАУ