Аймақтар • 20 Маусым, 2019

Мақсат – жол сапасын жақсарту

195 реткөрсетілді

Қазіргі кезде жоғары және жергілікті атқарушы орган жетекшілеріне тұрғындар тарапынан түсетін арыз-шағымдардың дені жол құрылысының сапасына байланысты туындап отыр. Мұны негізсіз деуге болмайды. Өйткені салынған автокөлік жолдарының дені 1-2 жыл өтпей-ақ ойылып, шұрық-тесік күйге енетіні ешкімге де құпия емес. Мұндай көрініс жалғаса берсе, соңы мемлекет қаржысының желге ұшуына және жол-көлік апатының жиілей түсуіне соқтыруы әбден мүмкін.

Жол құрылысы сапасы мәселесінің алдымыздан шыға беруі оған деген қажетті бақылау мен зертханалық жұмыстар деңгейінің төмендігінен орын алып жүргені де мәлім. Келешекте оны бақылаудың басты жолы қандай болмақ? Елімізде құрылған жаңа құрылымдардың бірі – «Жол активтері сапасы ұлттық орталығы» РМК осындай олқылықтардың орнын толтырмақ. Ақтөбе облысына келген жұмыс сапары кезінде аталған орталықтың бас директоры Замир Сағыновпен аз-кем пікір алмасудың сәті түскен-ді. Оның айтуынша, орталық республика аумағында жүргізілетін барлық жол құрылыстарының сапасын қатаң бақылаудан өткізбек. Бұл ретте басты назар жол құрылысы материалдарына зертханалық жұмыстар жүргізуге бағытталады. Тұтастай ел өңірлерінде істі алға апару үшін орталықтың филиалдары құрылған. Осындай біртұтас құрылым мен кешенді көзқарас республикалық маңызы бар жолдардың сапасын тексерумен шектелмей, сонымен бірге облыстар мен елді мекендер аралығындағы жолдардың жай-күйін бақылауға да мүмкіндік береді.

Облыстық, республикалық және халық­­ара­лық автожол құрылысы қызу жүр­­гізі­ліп жатқан Ақтөбе аймағы үшін атал­ған ор­талық­тың қызметі ауадай қажет-ақ. Өйткені қомақты қаражатқа жол салын­ғанымен сапасы төмен болса, одан не қайыр. Сондықтан жаңадан құрылған орталық филиалының жұмысын шұғыл ширату керек-ақ.

Осы орайда бірінші кезекте қажетті мате­риалдық-техникалық базаны жасақ­тауға көңіл бөлініп, филиалға жылжымалы зертхана сатып алу жөнінде шешім қабыл­данды. Сондай-ақ штаттық кестесін толық­тыру жұмыстары да жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

– Сапалы жол ұғымының мағынасы терең, ауқымы кең. Бұл – елдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішінің басты белгілерінің бірі. Осы тұрғыда ұлттық орталықтың облыстағы бөлімшесін қол­дауға, жол сапасын жақсарту үшін барлық мүмкіндіктерді жасауға әзірміз, – деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Облыс орталығындағы жол сапасын бақылау жөніндегі зертхана Ақтөбе қаласының іргесінде орналас­қан. Оның жетекшісі Светлана Қарымсақова­ның айтуынша, мұнда жол сапасын тексеруге қатысты қойылатын барлық талаптар мен нормативтер сақталған. Соған сәйкес барлық шикізат қоспалары араластырылып, асфальттың алғашқы сынама нұсқасы алынады. Сынама оң көрсеткіш көр­сеткен жағдайда ғана негізгі өнім шы­ғаруға тапсырыс беріледі. Зертхана қыз­метімен танысуды мақсат еткен арнайы топ «Асфальт» ЖШС-ға барған кезде зерт­хана сарапшылары мен мамандары Ақтөбе-Орск тас жолына қажетті құрылыс мате­риал­дары қоспасына тексерулер жүргізуде екен.

Зертхана – кез келген асфальт шыға­ра­тын зауыттың басты тұтқасы, басты өл­­шемі. Аталған сала өкілдерінің тұжы­рым­­­д­ауынша, өнім сапасына қатысты қо­й­ыл­­ған өлшемдер орындалмаса немесе тиісті талаптарға сәйкес келмесе, мұн­дай көріністер бірнеше рет қайталанса, айып­пұл салынып, зауыттың сертификаты қайта­ры­лып алынады. Яғни Жол активтері сапасы ұлт­тық ор­та­лығының құзырымен мәселенің бұлай­ша қо­йылуы жол сапасына деген шынайы жана­шырлық пен жауапкершілікті қалыптастырады.

Жол ең алдымен негізгі шикізат мате­риалдарының сапасы жоғары болған жағдайда берік болады. Айталық, арнайы қоспа қосылмаса, кейбір қиыршық тастар битуммен араласпайды. Мұның өз тәртібі мен қолданылу шарттары бар. Өндіруші оны белгіленген мөлшерге сай қоспаса, өнім сапасыз болып шығады. Осы тәрізді кем-кетіктің бәрі зертханада анықталады. Жалпы, сапалы асфальт кем дегенде 17 жылға дейін сыр бермеуі керек.

Ақтөбе облыстық әкімдігі мен Жол активтері сапасы ұлттық орталығы арасында меморандумға қол қойылды. Сәйкесінше облыс аумағындағы республикалық және жергілікті  маңызы бар жолдардың бәрі бақылауға алынбақ. Сонымен бірге өңірде жол сапасын бақылайтын зертханалар мен оның материалдық-техникалық базасы арта түседі, ең бастысы жол құрылысы сапасын анықтау үшін инновациялық технологиялар енгізіледі деп күтілуде. Міне, автожол сапасына байланысты бұған дейін орын алған түйткілдер осылайша тарқатылмақ.

 

АҚТӨБЕ

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Кей өңірлерде ауа-райы өзгереді

Аймақтар • 12 Қазан, 2019

Ең қысқа әңгіме. Ислам Қабылұлы

Руханият • 12 Қазан, 2019

Сенаторлар сенбілікке шықты

Қазақстан • 12 Қазан, 2019

Оралда «LATYN FEST» жастар форумы өтті

Аймақтар • 11 Қазан, 2019

Ұқсас жаңалықтар