Қоғам • 20 Маусым, 2019

Ынтымағы жарасқан елдің ырысы мол

887 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сараптамалық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Ынтымағы жарасқан елдің ырысы мол

Отырысқа Білім және ғылым, Мәде­ниет және спорт, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктерінің өкілдері, ҚХА мен Ғылыми-сарап­тамалық кеңес мүшелері, өңір­лердің ғылыми-сараптамалық топтары­ның басшылары, ЖОО ректорлары, Ассамблея кафедраларының меңгеру­шілері және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Алқалы жиында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында көрсе­тіл­ген негізгі бағыттарға тоқталып, қоғам­дық бірлік пен ішкі саяси тұрақ­тылықты сақтау мен ұлтаралық қаты­настарды реттеудің тиімді тетіктері туралы сөз қозғады.

– Бүгінгі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы саяси тұрақтылықтың, этносаралық және конфессияаралық келісімнің, ел тыныштығы мен бірлігінің ұйытқысы болып отыр. Тек ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ. Ассамблея қоғамдағы түрлі өзгерістерге, уақыт талабына сәйкес жұмыс істеуі тиіс. Бұл бағытта жаңа тәсілдер мен әдістер қажет. Ғылыми-сараптамалық кеңестің басты міндеті осы деп білемін. Аталған кеңес алдымен қоғамдағы процестерді терең ұғынып, жаңа трендтер мен сын-қатерлерді анықтау керек. Ол үшін нақты практикалық ұсыныстарды әзірлеп, саяси жағдайларға болжам жасау маңызды. Екіншіден, ғалымдар мен сарапшылардың қоғамдық-саяси алаңын құру керек. Ресми баспасөз беттерінде ғана емес, әлеуметтік желілерде де анық әрі ұғынықты түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды, – деді Ж.Түймебаев.

Келелі кеңес барысында ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесі­нің төрайымы, әлеуметтану ғылымда­рының докторы Айгүл Сәдуақасова қазіргі кездегі Қазақстан халқының бірегейлігі мен бірлігі: даму үрдістері тақырыбында баяндама жасады. Ал «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, экономика ғылымдарының докторы Шахарбану Жақыпова қоғамның этноәлеуметтік құрылымы туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Құрамында 52 ғалым бар Ғылыми-сараптамалық кеңестің мақсаты – қоғамды алауыздықтан сақтау, халық санасына демократиялық құндылықтардың дәнін егу, жас­тарды отансүйгіштікке тәрбиелеп, этносаралық қатынастарды нығайту. Жиналған қауым осы бағытта ат­қарылатын жұмыстарды жан-жақ­ты талқылап, ортаға өз пікірлерін тас­тады.