Аймақтар • 20 Маусым, 2019

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы тың жобалардың туындауына жол ашты

672 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Осыдан 2 жылдан астам уақыт бұрын еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарияланған болатын. Бұл мақала өңірлердің руханият саласына жаңа серпіліс әкеліп, тың жобалардың туындауына жол ашты. Осы орайда рухани тұрғыдан жаңғыру жұмыстары Жетісу өңірінде де қарқынды жүріп жатыр. Солардың бір парасын ой елегінен өткізуді мақсат етіп отырмыз.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы тың жобалардың туындауына жол ашты

Сәл әрден бастасақ, облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасын тиісті деңгейде жүзеге асыру үшін 2017 жылы 319 жоба мен іс-шара іске асырылды. Сол жылы ұйымдастырылған 8584 іс-шара 1 млн шамасында адамды қамтыды. Ал 2018 жылы 323 жоба іске асырылып, ұйымдастырылған 9285 іс-шараға қатысушылар саны 1 млн 300 мыңнан асты.

Жалпы, Елбасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберіндегі жобаларды іске асыру бойынша ұсыныстарды әзірлеу, мониторинг жүргізу мақсатында Алматы облысы әкімдігінің жанынан сараптамалық кеңес құрылған болатын. Бүгінде кеңес құрамында барлығы 22 мүше бар, олардың ішінде 11 жетекші ғалым, үкіметтік емес ұйымдардың және басқа да салалардың өкілдері бар.

Биылдан бастап «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесісі ашылып, орталықта қызмет етуге штат саны 20 адамды құрайтын жобалық менеджментті меңгерген мамандар, SMM – менеджерлер, жастардың үкіметтік емес ұйымдарының көшбасшылары, креативті, білікті мамандар жиналды. Биыл аймақта Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған бағыттарды іске асыруға арналған жалпы саны 585 жобалар мен іс-шаралар қолға алынуда.

Олардың арасында Жетісу өңірінің туризмін насихаттау мақсатында түсірілген «I love Taldykorgan» мюзиклінің тегін премьералық көрсетілімі өткізілді. Мюзикл Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының кинотеатрларында көрсетіліп, «YouTube» бейнехостингісіне жүктеліп, 24 мыңнан астам көрермен тамашалады. «Мұқали» тарихи-танымдық экспедициясы ұйымдастырылып, арнайы сапармен Қытай Халық Республикасының тарихи өңірлерін аралап, сол экспедицияның материалдары негізінде таралым саны 1000 данада «Мұқали» атты кітап жарық көрді. Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бастамасымен «Жаңа әліпбиде жазып үйренейік» онлайн-сабақ жобасы жүзеге асырылуда. Басқарманың сайтына жүктелген 36 онлайн-сабаққа бүгінгі күні 2260 тыңдаушы қатысқан.

Мәдениет және спорт, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктерінің қолдауымен, Алматы облысы әкімдігі және «Рухани жаңғыру» орталық жобалық кеңсесінің ұйымдастыруыме жақында халықаралық деңгейдегі ауқымды іс-шаралардың бірі - «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениетті ілгерілету» атты І Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өткізілді. Үш күндік конференцияда Франция, Германия, Армения, Польша, Белоруссиядан келген халықаралық сарапшылар мен ғалымдар, мәдениеттанушылар, арт-менеджерлер, аймақтық және республикалық көлемдегі жобалық кеңселердің өкілдері қатысты.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жарыққа шыққан кітаптар легі бір төбе. Оның ішінде «Жетісу өңірінің халық және халық композиторлары әндерінің антологиясы» жинағының мәртебесі жоғары. Антологиялық жинаққа жалпы саны екі жүз елуге жуық ән кірді. Кітап қазақ халқының ғұрыптық әндері, халық әндері, халық композиторларының әндері дейтін 3 бөлімнен тұрады. Сондай-ақ, «Жетісу кітапханасы» 100 томдығы сериясының аясында өткен жылы 20 автордың кітабы жарыққа шықса, биылғы жылы 40 кітап басылады деп жоспарлануда. Оның ішінде 20 кітап жас ақындардың тұңғыш жыр жинағы болмақшы.

Облыс көлемінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүргізілген жұмыстарды ақпараттық сүйемелдеуге де баса көңіл бөлініп отыр. Оның ішінде Facebook, Instagram, VK әлеуметтік желілерінде және YouTube видеохостингісінде «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің парақшалары ашылып, ақпараттық сипатқа ие 27 жарияланым мен 46 видероликтер жүктелді.Ал «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде түсірілген бейнероликтер облыстық телеарнада және LED-экрандарда 4-5 рет көрсетілуде. «Ұлы NOMAD», «Ұлт пен рух», «Тарих парақтары» телебағдарламаларында тақырыптық сұхбаттар ұйымдастырылуда. Өткен жылы ВВС телерадиокорпорациясымен бірлесе, өткен жылы «Жетісу» атты бейнеролик түсірілген болатын. Оны жер шарының 571 миллион көрермені тамашалады. Сондай-ақ, бейнероликті «МИР ТВ» телеарнасы ротациялап, оны 150 миллион көрермен тағы тамашалады. Қазіргі уақытта «Жетісу» бейнеролигі ТМД елдерінде кеңінен танымал болды.

Сондай-ақ, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында бірқатар жобаларды іске асыруды жоспарлап отырмыз. Атап айтқанда, «Жетісу арба бәйгесі» байқауы, «Нағыз қазақ домбыра» атты кеші, «Алтын сақа» атты асық ойыны мен «Sara - Birzhan» тақырыбында айтыс ұйымдастыру, Ілияс Жансүгіров жайлы деректі фильм түсіруге кірістік. Мұнан бөлек «Ұлы даланың мәңгілік мирасы – Манас» тақырыбында қазақ-қырғыз зиялыларының III форумы,«T-CON» иллюстраторлар мен аниматорлардың халықаралық фестивалі, «Алтын адам ізімен», «Жетісу туралы араб, парсы, түркі деректері», «Ата - бабалардың бастауына» атты 3 халықаралық экспедициясын, «Орбұлақ шайқасының тарихи қойылымы» жобасын, «Көшпенділер тарихи қолөнері» фестивалі, «Шөген - 2019» республикалық турнирі, «Жетісу Жібек жолының бастауы» атты жастар экспедициясын ұйымдастыру және «Тамыры терең әліпби» антологиялық жинағын шығару жоспарда бар.

Дана Дүйсенова,

Алматы облысы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің директоры