12 Қаңтар, 2013

Құрылыс мекемесінің құныққан басшысы

271 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Құрылыс мекемесінің құныққан басшысы

Сенбі, 12 қаңтар 2013 7:51

Қызылорда облыстық қаржы полицейлері мемлекеттік бюджетке 157 млн. теңге көлемінде залал келтірген құрылыс мекемесінің басшысын қамауға алды.

 Сенбі, 12 қаңтар 2013 7:51

Қызылорда облыстық қаржы полицейлері мемлекеттік бюджетке 157 млн. теңге көлемінде залал келтірген құрылыс мекемесінің басшысын қамауға алды.

Оқиға былай болған. Облыс орталығындағы «ДөйтГазПожСервис» ЖШС 2011 жылғы желтоқсанда Сырдария ауданының Шаған ауылында салынуға тиісті сметалық құны 1 млрд. 151 млн. теңге тұратын 900 орындық мектеп құрылысын жүргізу жөніндегі тендердің жеңімпазы болып танылады. Нәтижесінде аталмыш серіктестік пен облыстық құрылыс басқармасы арасында нысанды 2013 жылдың желтоқсанында аяқтап шығу жөніндегі келісім-шарт жасалады. Осыған орай 2012 жылдың ақпаны мен маусымы аралығында құрылыс мекемесінің есепшотына бюджеттен 192,7 млн. теңге қаржы беріледі. Сол кезде серіктестік директоры Ж.Мұсаханов бұл қаржының 183,7 млн. теңгесін ешбір негізсіз «ҚызылордаГазПромСтрой» ЖШС-ына аударып жібереді. Қызық болғанда, бұл серіктестіктің де директоры өзі екен.  Бұдан арғысы белгілі. Қос серіктестіктің иесі сосын әлгі қаржының 146 млн. теңгесін бірден қолма-қол ақшаға айналдырып, өзінің қалтасына баса салады.
Қаржы полицейлері тексеру кезінде Ж.Мұсахановтың бұдан да басқа қылмыстық әрекеттерін тапты. Атап айтқанда, ол 2012 жылдың сәуірінде тиісті жер жұмыстарының толық атқарылып болмағанына қарамастан, 46,7 млн. теңгелік жұмысқа акт толтырады. Мұны осы жерге қатысы бар «Сортөбе» ЖШС қызметкерлері растап береді. Жұмыстың толық орындалып бітпегенін біле тұра, облыстық құрылыс басқармасы бөлім бастығының міндетін атқарушы да өз кезегінде осы актіге қол қояды. Осы арқылы ол мемлекетке 11,3 млн. теңге көлемінде зиян келтіреді.
Қазір аса ірі көлемдегі мемлекет қаржысын талан-таражға салғаны, қылмыстық келісімге келгені және қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін Ж.Мұсахановтың үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.
Руслан ИГІЛІК.
ҚЫЗЫЛОРДА.