Былық
Сейсенбі, 5 ақпан 2013 7:34
Мақтаарал аудандық білім бөліміндегі бүгінгі жағдай ушығып тұр
Өткен жылғы жаздың күзге ұласар шағында біз Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданында іссапарда болған едік. Осы аудандағы Атакент елді мекенінен келген арызды тексеру барысында бірнеше мектеп директоры, мектеп директорының орынбасары бізді іздеп келіп, арыздарын айтқан болатын. Арыз тексеру тәртібін айтып, түсіндіргеннен кейін олар «Егеменге» міндетті түрде шағымданатындарын және жазған арыздарының міндетті түрде тексерілуін өтінген болатын. Арыз иелері айтқандарында тұрды. Жаңа жылдың алғашқы айында олардың арызын арқалап, тағы да оңтүстікке іссапарға шықтық.
Сейсенбі, 5 ақпан 2013 7:34
Мақтаарал аудандық білім бөліміндегі бүгінгі жағдай ушығып тұр
Өткен жылғы жаздың күзге ұласар шағында біз Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданында іссапарда болған едік. Осы аудандағы Атакент елді мекенінен келген арызды тексеру барысында бірнеше мектеп директоры, мектеп директорының орынбасары бізді іздеп келіп, арыздарын айтқан болатын. Арыз тексеру тәртібін айтып, түсіндіргеннен кейін олар «Егеменге» міндетті түрде шағымданатындарын және жазған арыздарының міндетті түрде тексерілуін өтінген болатын. Арыз иелері айтқандарында тұрды. Жаңа жылдың алғашқы айында олардың арызын арқалап, тағы да оңтүстікке іссапарға шықтық.
Көп балалы ана Әтіргүл Бейсекова «Бірлік» атындағы жалпы білім беретін орта мектепте мектеп директорының шаруашылық істері жөніндегі орынбасары қызметін кешегі күнге дейін атқарып келген екен. Бүгінгі күні жұмыссыз қалған. Өзінің айтуынша, мектеп директорының заңсыз әрекеттерінің кесірінен дейді. Оның «Егеменге» жазған арызының қысқаша мәтіні төмендегідей: «Өткен жылы жазда мектеп директоры мені шақырып алып, «оқу жылы жақындап қалды, ал жөндеу жұмысын жүргізіп жатқан фирма жұмысын толық бітіре алмай жатыр. Өзің ақша тауып, құрылыс материалдарын алып, жұмысты аяқтасаң, шыққан шығынды кейін өзіңе қайтарып беремін», деген болатын. Басшы айтып тұрған соң жан бар ма, аудандағы құрылыс заттарын сататын дүкендерден қарызға керекті құрылыс материалдарын алдым. Атап айтқанда, Атакент кентіндегі Боевтар дүкеніне алтын алқамды тастап, бір тонна әк, бір тонна цемент алып келдім. Жетісай қаласындағы «Береке» атты құрылыс дүкенінен 180 000 теңгеге құрылыс заттарын қарызға алдым. Сондай ақ, Мырзакент кентіндегі Меделхан деген азаматтың құрылыс дүкенінен 80 000 теңгеге әртүрлі құрылыс заттарын қарызға алдым. Бұдан бөлек, мектеп директорының кезекті өтінішімен әкімшіліктің мектепке берген көкөністері үшін 28 000 теңге ақшаны беруге тура келді. Сөйтіп, мектеп директорының маған деген жалпы қарызы 360 000 теңгені құрайды. Өткен жылдың 28 тамызында директордан ақшамды сұрап барсам, ол «Мен сізге ешқандай қарыз емеспін, сол себептен ешқандай ақша бере алмаймын», дейді ұялмастан. Нәтижесінде, қарыз ақшамды қайтармақ тұрмақ өзімді жұмыстан босатып жіберді. Кейін мен аудандық білім бөлімінің бастығы Қ.Бапаевқа шағымдандым. Бірақ одан да нәтиже шықпады. «Жазған құлда шаршау жоқ», әділдік іздеп сотқа жүгіндім. Бірақ мектеп директоры менің талап-арызым қаралудан бұрын сот алдында барлық уәдені үйіп-төгіп, менің талабымды мойындайтынына, қанағаттандыратынына сендірді. Нәтижесінде, директор мені де, сотты да алдап соқты. Мектеп директорынан және аудандық білім бөлімінің бастығынан көрген зәбірімді «Егеменге» жолдауымның сыры осы еді».
Әтіргүл Бейсекованың шағымын тексеру барысында мектеп директорымен кездесудің сәті түспеді. Ал аудандық білім бөлімінің бастығы Қ.Бапаев жұмыс орнында болмай шықты. Ол Мақтаарал аймағы бойынша қаржы полициясы басқармасының аға тергеушісі М.Алдабековтің ұсынысы бойынша уақытша қызметінен шеттетілген болып шықты (білім бөлімінің бастығы Қ.Бапаевтың үстінен қаржы полициясы қозғаған қылмыстық іс туралы мәліметтер қолымызға түсті).
Әтіргүл табанақы маңдай терімен тапқан ақшасын даулап жүрсе, тағы бір арыз иесі Жанар Ешмұратова білім бөлімінің бастығы Қ.Бапаевтың қудалауына түскенін айтады. «Мен 1995 жылдан бері С.Асанов атындағы орта мектепте орыс тілі пәнінің оқытушысы болып істеймін. 2007 жылы мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалдым. Ал 2008 жылы қазан айында конкурс арқылы мектеп директорлығына тағайындалдым. 2012 жылы қаңтар айында ата-аналардың ұсынысы бойынша мектеп ішінен шағын орталық ашылды. Сол қаңтар айынан бастап, мектептегі еңбек пәні мұғалімдерінің ұйымдастыруымен арыз жазыла бастады. Арыздар бір мәтінде қаржы полициясына, білім бөліміне, прокуратураға, «Нұр Отан» партиясына, тағы басқа құзырлы орындарға жіберіліп, мектепке жиі тексерулер келетін болды. Бірақ бұл тексерулер менің жұмысымнан аса ірі көлемдегі ақаулар таба алмады. Соған қарамастан білім бөлімінің бастығы Қ.Бапаев 2012 жылы маусым айында № 0601 бұйрығы негізінде мені қызметтен босатты. Мен сотқа жүгінуге мәжбүр болдым. Әділдік бар екен. Мақтаарал аудандық сотының шешімі бойынша мен директорлық қызметіме қайта тағайындалдым. Сот шешіміне наразы болған білім бөлімі облыстық сотқа апелляциялық шағым түсірді. Дегенмен, облыстық соттың апелляциялық алқасы олардың шағымын қанағаттандырмай аудандық соттың шешімін күшінде қалдырды.
Сонымен, қызметіме қайта кірістім. Дегенмен, білім бөлімі сот шешімі арқылы қызметіме келгеніме қарамастан, менің соңыма қайтадан шырақ алып түсті. Аудандық білім бөліміндегілермен және мектептегі арызқойлармен алысып жүріп денсаулығымды нашарлатып алдым. Ауруханаға келіп тексеріліп, нәтижесінде жатып емделуім қажет болды. Ауруханада жатқанымда білім бөлімінің үш заңгерінің бірі Д.Әбішев білім бөліміне шұғыл түрде келіп кетуімді сұрады. Ауырып жатқаныма қарамастан білім бөліміне бардым. Аудандық білім бөлімі бастығының орынбасары Б.Қоқанбаев кабинетіне шақырып, қолыма мені қызметтен кетіру жөнінде бұйрықты ұстатты. Солай етіп, сот шешімімен қызметке қайта оралғаныма аз ғана уақыт өткеннен кейін, сол қызметпен тағы да қоштасудың реті келді. Мен не жазығым барын тіпті түсіне алмадым».
Ж.Ешмұратова бізбен кездесуі кезінде өзін қызметтен шеттеткен бұйрықтың көшірмесін берді. Бұл бұйрық үстіміздегі жылдың 17 қаңтары күні шыққан. Бұйрықтың төменгі жағында «Бөлім бастығы Қ.Бапаев» деп жазылған. Бірақ Ж.Ешмұратованың айтуынша, қол қойған бастықтың орынбасары Б.Қоқанбаев дейді. Сонда бұйрыққа Қ.Бапаевтың аты-жөні жазылады да, Қоқанбаев қол қояды. Және бір айта кететін жайт, жоғарыда айтқанымыздай, қаржы полициясы басқармасының аға тергеушісі М.Алдабековтің ұсынысымен білім бөлімінің бастығы Қ.Бапаевтың аудан әкімінің шешімімен уақытша қызметтен шеттетілгені жөнінде бұйрық 2013 жылдың 14 қаңтарында шығарылған. Ал мектеп директоры Ж.Ешмұратованы қызметтен босату жөніндегі бұйрық 2013 жылдың 17 қаңтарында шығарылған. Түсініксіз жағдай, Ж.Ешмұратоваға қатысты бұйрық кезінде Бапаев қызметте болмауы тиіс. Және ауруханада емделіп жатқан адамды шақырып алып, қолына қызметтен кету туралы бұйрықты ұстата салудың заңдылығы қалай болар екен?
Заңдылығы демекші, бөлім бастығы Қ.Бапаевтың белден баса беретін әрекетіне қарағанда оның әлде құқықтық сауаты шамалы, әлде заңнан жоғары тұрған сияқты. Дегенмен, осы мәселеде қарамағындағы үш бірдей заңгердің (Ә.Шүкірбаев, А.Әбдірайымов, Д.Әбішев) не бітіріп отырғанына таңқалмасқа шараң жоқ. Егер «қойшы көп болса, қой арам өледі» деген мәтелді өзгертіңкіреп айтсақ, Мақтаарал аудандық білім бөліміндегі жағдайды «заңгер көп болса, заңдылық жиі бұзылады» деп өзгертіп айтуға да болатын сияқты.
Бізге жеткен мәлімет бойынша, соңғы екі жылда көптеген мектеп директорлары мен орынбасарлары жұмыстарынан босатылған. Білім ошақтарының басшылары ауыстырылғанда, мектептердегі жағдайдың жақсарып, ҰБТ-дан көрсеткіштің көтерілгені, оң өзгерістерге қол жеткізгені шамалы. Сонда мұның астарында басқа бір қитұрқы әрекет жатқан жоқ па деген сұрақтың туары сөзсіз…
Осы арыздарды тексеру кезінде талай адаммен кездестік. Білім бөліміндегі былықтар жөнінде айтылған әңгімені тыңдадық. Өзінің аты-жөнін көрсетпеуді өтінген тағы бір арыз иесі бізге бір бума құжаттарды ұсынды. Осы құжаттарға сүйенсек, Мақтаарал аймағы бойынша қаржы полициясы басқармасы Мақтаарал аудандық білім бөлімінің бастығы Қуатбек Бапаев, аудандық білім бөлімінің бас есепшісі Аралбай Өтебаев және «ОНИКС-ЮГ» ЖШС-нің директоры Іңкәрбек Бердібеков, осы серіктестіктің құрылтайшысы Тайрхан Рзаевқа қатысты айыптау қорытындысын шығарыпты.
Сондай-ақ, қаржы полициясының тексеруі кезінде білім бөлімі бастығының тағы бір былығы әшкереленіпті. Тексерудің айыптау қорытындысында мектепке дейінгі 107 шағын орталық топтарды ұйымдастырғаннан кейін аудандық білім бөлімінің бастығы Қ.Бапаев және бас экономист Ж.Бақбергенова шағын орталықтарда қызмет істейтін әкімшілік-шаруашылық қызметкерлерінің штаттық бірлігін және тарифтік тізімдерін бекітіп бермеген. Осы шағын орталықтарда қызмет істейтіндердің штаттық бірлігін және тарифтік тізімдерін әр мектептің директоры өздері заңсыз қол қойып, мөр басып бекітіп алған.
Аудандағы 44 мектептің жанынан құрылуы тиіс, бірақ аты бар да заты жоқ жылыжайлар туралы және мектепке дейінгі 107 шағын орталықтар ұйымдастырудағы заңсыздықтар жөніндегі қаржы полициясының қозғаған қылмыстық іс-материалдары қолымызға енді түсті. Алдағы уақытта бұл тақырыпқа қайта оралатын боламыз.
Шарафаддин ӘМІРОВ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ – ШЫМКЕНТ – АЛМАТЫ.