Қазақстан • 21 Маусым, 2019

Қуаныш Сұлтанов: Осыдан 30 жыл бұрын, дәл осы күні...

1036 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Алматыда өткен «Кемеңгерліктің 30 жылы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, 1980-1991 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі болған Қуаныш Сұлтанов сөз сөйледі.

Қуаныш Сұлтанов: Осыдан 30 жыл бұрын, дәл осы күні...

– Біздің көпшілігіміз – яғни бүгінгі конференцияға қатысушы замандастар екі дәуірде өмір сүріп келеміз. Бүгінгі кездесуіміз – кейбіреулер шолақ ойлайтындай – өткенді аңсау емес – тарихымыздан сабақ алу, өсу жолдарымызды жадымызда сақтау, теңсіздіктен арылып, теңдікке қол жеткізуіміздің қадірін, қасиетін білу.

Осыдан 30 жыл бұрын – 22 маусым күні Қазақстан қоғамы бірінші басшы лауазымына Нұрсұлтан Назарбаев әлдеқашан лайықты болса да, сол кездегі Орталық билік, яғни СОКП Бас хатшысы М.Горбачевтің ойнамалы саясатынан көңіліміз алаңдап, жүрек тыныш таппай, «86-шы жылдағыдай тағы қандай күтпеген оқиға болуы мүмкін», – деп Орталық Комитетке келіп едік. Алматыда таңертең аздап жылы жаңбыр  жауып, күн жадырап шыққан... Жақсылыққа жорыдық...

Пленум ашылып, мінбеге Мәскеудегі Одақтық Орталықтың өкілі – СОКП Орталық Комитетінің Саяси Бюросының мүшесі, СОКП ОК хатшысы В.М.Чебриков көтерілгенде, «не айтар екен?», деп, зал сілтідей тынды. Мәскеу өкілінің аузынан «Нұрсұлтан Назарбаев» – деген сөз шыққанда залда отырған бес жүз адам жылы қарсы алып, ұзақ қол соғып, қолдау көрсетіп еді.

Дәл осы күні, дәл осы залда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ХҮ Пленумы өткізіліп, осыған дейін Қазақ ССР-і Министрлер Кеңесі Төрағасы қызметін атқарған Нұрсұлтан Әбішұлы көп тілеуі қабыл болып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды.

Сол күннен бастап Қазақстан басшысының республика жұртшылығының мүддесіндегі әрбір сөзі, әрбір бастамасы қалың елдің көңілінен шығып, Мәскеудегі Орталық билік біздің басшымызбен санасатын болып, еңсеміз көтеріле бастады.

Осылайша, Қазақстанның жаңа дәуірі басталып еді...

Нұрсұлтан Әбішұлы бірден Одақтық институттардың ескіргенін, заман талабынан қалып қойғанын, әсіресе, экономика, ұлт, басқарушы аппарат, кадр мәселелерінің шамадан тыс орталықтанып кеткенін, көптеген әдіс-тәсілдің, кейбір шешімдердің әділетсіздігін, қаулы-қарарлардың жарамсыздығын, Одақтық мәртебелі жиындардың мінберінен ашық, батыл сынға алды.

Бірер мысал: 86-жылғы 17-18 желтоқсандағы студент-жастардың шеруіне байланысты 1987 жылы СОКП Орталық Комитеті арнайы қаулы қабылдап, сол құжатта «казахский национализм» деп баға берген. Нұрсұлтан Әбішұлы осы қаулының әділетсіздігін дәлелдеп, әлденеше рет Саяси Бюрода көтеріп жүріп, қаулының күшін жойғызды. Бұл – билеуші Компартия тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға еді.

Бірінші хатшы болып сайланысымен бір айдан кейін Қарағандыдағы шахтерлер ереуілін тоқтатып, олардың  талап-тілектерін шешу жолдарын белгіледі.

Ұлы Отан соғысындағы еңбегі, ерлігі қазақ шеңберінен алысқа шығып жүрсе де лайықты бағасын ала алмаған Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағын бергізді.

Мемлекеттік басқаруды жаңғыртып – Республика Президенті лауазымын кіргізді.

Семейдегі ядролық полигонды жапты.

Космодром қазақ жерінде болса да космонавтары болмаған елдің екі ұланы Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаевты ғарышқа ұшырды.

Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайын өткізіп, тәуелсіздік жылдары бір миллионнан астам отандасымыздың Қазақстанға келуіне жағдай туғызды.

Осы сияқты еліміздің мәртебесін көтерерлік ғасырлар бойы арман болған Тәуелсіздік жеңістеріне Тұңғыш Президентіміз, Елбасы бастамашы болды, – деді Қуаныш Сұлтанов.


АЛМАТЫ