Аймақтар • 21 Маусым, 2019

Ұлттық кітапханада республика кітапхана басшыларының кеңесі өтті

3396 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыда Ұлттық кітапханада республика кітапхана басшыларының кеңесі өтті. Биылғы жылғы жиын кітапхана ісімен байланысты барлық мекемелер өкілдерінің қатысуымен ерекшеленіп отыр.

Ұлттық кітапханада республика кітапхана  басшыларының кеңесі өтті

Кітапханашыларды толғандырған мәселелерді тыңдауға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Жауапты хатшысының міндетін атқарушы, заң департаментінің директоры Күміс Сейітова арнайы қатысып, заманауи кітапханалар талаптарын тыңдады.

Шараны жүргізген Ұлттық кітапxанасының директоры Бақытжамал Оспанова еліміздегі  кітапxана ісінің жағдайы туралы баяндама оқыды. Көп салалы, көп деңгейлі әлеуметтік институт ретінде Қазақстан кітапханаларының мемлекет өміріндегі рөліне тоқталған директор мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудағы бірқатар шараларды атап өтті. Бүгінде республика бойынша кітапханалардың саны 11 мыңнан асады. Жалпы кітапхана қоры– 333 млн. 218 мың 902. Оқырмандар саны   –  8 млн. 627 мың 524 болса, кітапхана мамандарының саны – 19 мыңнан асады. Қазіргі заманғы кітапханалардағы жағдайды сараптай келе Бақытжамал Оспанова еліміздің тарихи-мәдени мұрасын сақтаудағы жұмыстардың жанданып келе жатқандығын жеткізіп, кітапханалық-ақпараттық қызметте инновациялық әдістерді енгізу, оқырмандарды әлеуметтік маңызды ақпараттармен қамтамасыз етудің заманауи мүмкіндіктеріне тоқталды.  

Мәдениет және спорт министрлігі Жауапты хатшысының міндетін атқарушы, заң департаментінің директоры Күміс Сейітова облыс пен жетекші қалалардан келген кітапxана басшыларының көкейкесті сұрақтарына жауап беріп, алдағы уақытта кітапxана саласын дамыту мақсатында қандай істер атқару керектігін талқылады.

«Кітапханашыларды толғандырған көптеген мәселелерді талқылауға жиналып отырмыз» деген Ұлттық кітапхана директорының орынбасары Ажар Юсупова бүгінде кітапханалар жұмысын жаңырту, бірыңғай кітапхана қауымдастығына бірігу, электронды кітапхана қорын толықтыру мақсатында цифрландыруды дамыту мәселесімен қатар бүгінде кітапханашы мамандығының ескіріп бара жатқандығын негізге алды. Қазіргі кезде кітапханашылардың дені 40-50 жастан жоғары мамандар.Сондықтан да кітапханаға жастарды тарту мәселесі өте өзекті. «Бүгінде «Мәдениет туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде. Сонымен қатар кітапхана ісінің тұжырымдамасы әзірленуде. Осы құжатта кітапханаға қатысты барлық мәселелер қамтылған. Сала қалай дамиды, стратегиясы, маңызы мен міндеттері барлығы осы құжатқа енгізілген. Осыған байланысты бірқатар отырыстар өтті, кітапхана мамандары өз ұсыныстарын жеткізді. Бүгінде заманауи кітапханалардың талаптары заман талабына қарай өзгеріп келеді, сондықтан да кітапхана кітап қоры ретінде ғана емес, әлеуметтік сипаты басым институт бағытында дамуы қажет» деп атап өтті өз сөзінде Ажар Хамитқызы.

«Цифрландыру қоғамында өмір сүріп отырғандықтан кітапханалар қауымдастығының бірігіп жұмыс істеуі маңызды. Әрбір аймақ өзіндік ерекшеліктерін, құндылықтарын сандық нұсқаға аударуы керек, ұлы есімдерді анықтауда сандық жүйенің артықшылықтарын пайдалану керек»,- дейді Шығыс Қазақстан облыстық Пушкин атындағы кітапхана директорының міндетін атқарушы Бибігүл Шагиева. Кітапхана қызметін жетілдіруде заманауи технологиялардың әлеуеті зор екендігін айтқан Бибігүл Шагиева аймақтарда кәсіби сканерлердің жеткіліксіздігін алға тартып, ұялы телефондар арқылы кітапхана қызметін пайдалану тетіктерін жетілдірудің, яғни онлайн кітапханаларды дамыту мәселесін, сонымен «Кітапхана астанасы» жобасын жаңғырту жұмыстарын жолға қою туралы ұсынысын білдірді.

Ал Батыс Қазақстан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының директоры Зывайда Өтешова бүгінде балаларға қажетті кітаптардың жеткіліксіз екендігін айтады. Аударма кітаптардың аймақтарға жетуі мен сапасына алаңдаушылығын білдірген кітапхана маманы балалар үшін қазақ тілінде қиял-ғажайып, ғылыми-көпшілік кітаптарға сұраныс жоғары дейді.

Кездесуде кітапхана ісі саласындағы құқықтық мәселелер, Қазақстандық Кітапханалық Одақ қызметін ұйымдастыру, кәсіби кітапханалық білім беру және Кітапхана кадрларын сертификаттау орталығын құру проблемалары, «Кітап және кітапхана» журналының даму перспективалары,  Балалар мен жасөспірімдер кітапxаналарының, Білім және ғылым кітапxаналарының, WEB-RABIS және ҚазҰЭК мәселелер бойынша баяндамалар оқылып, өзара пікір алмасты.

Жиын барысында Қазақстандық кітапxаналар одағының төрайымы болып Ұлттық кітапxанасының директоры Бақытжамал Оспанова тағайындалып, одақ құрамын сайлады. Сонымен қатар, «Оқырманы озық өлке» байқауында  2018 жылдың қортындысы бойынша С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапxанасы үздік танылып, марапатталды.

Шараға ұлттық, республикалық кітапханалардың, облыстық әмбебап, қалалар мен аудандардың орталықтандырылған кітапханалар жүйелерінің, балалар және жасөспірімдер кітапханаларының, ЖОО кітапханаларының және ЖОО кітапханалары қауымдастығының, өңірлік мәдениет басқармаларының басшылары, «Атамекен» ҰКП өкілдері және БАҚ өкілдері қатысты.


АЛМАТЫ