Қылмысты жасыру етек алған
Жұма, 8 ақпан 2013 7:41
Облыстық ішкі істер департаментінің бастығы М.Ұрұмханов жеке құрам алдында өткен жылғы жұмыс қорытындыларына сай есеп беріп, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың қатысуымен өткен құқық қорғау органдары кеңесінде айтылған міндеттерге тоқталды. Жиынға облыс әкімі С.Ескендіров, Ішкі істер министрінің орынбасары Е.Тұрғымбаев қатысты.
Жұма, 8 ақпан 2013 7:41
Облыстық ішкі істер департаментінің бастығы М.Ұрұмханов жеке құрам алдында өткен жылғы жұмыс қорытындыларына сай есеп беріп, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың қатысуымен өткен құқық қорғау органдары кеңесінде айтылған міндеттерге тоқталды. Жиынға облыс әкімі С.Ескендіров, Ішкі істер министрінің орынбасары Е.Тұрғымбаев қатысты.
Баяндамашы былтыр облыс аумағында 7,5 мыңға жуық қылмыс тіркелгенін, ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашу көрсеткіштері жақсарғанын айта келіп, кей ұрлық түрлерінің тыйылмай отырғанын атап көрсетті. Ол бұрынғыға қарағанда 18,8 пайызға артып, 5 мыңнан астам ұрлық оқиғалары орын алған. Мал барымталау, пәтер тонау көбеймесе, азаяр емес. Ішімдікке әуестенушілер арасында да қылмысқа барушылар қатары қалың. Жастар бұзақылығының тоқталмай тұрғаны да ойландырады. Жыл өткен сайын материалдық-техникалық базаның жақсара түскеніне қарамастан, шешімін табатын мәселелер де жоқ емес. Қаражат тапшылығы жұртшылық көп жүретін аумақтарға бейнекамералар орнатуға қолбайлау туғызып отыр. Осы мәселеге орай облыстық мәслихаттың сессиясында қаражат бөлу қарастырылғанымен, сөз күйінде қалған. Тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығы тарлық етеді. Бұл тағы да қаржыға келіп тіреледі.
Облыс прокуроры С.Зайтлер жиналғандар назарын қылмыстарды әдейі жасырып қалушылық жайына аударды. Былтыр осындай 69 оқиға орын алған. Жол сақшыларының, көші-қон саласының қызметтері айтарлықтай жақсартуды қажет етеді.
Вице-министр Е.Тұрғымбаев құқық қорғау органдарының кеңесінде Елбасы бірқатар тапсырмалар жүктегенін, басты басымдық саланы жаңғырту болып табылатынын, ол үшін әркез тың ізденістер мен озық ақпараттық технологияларға, жұртшылық, қоғамдық ұйымдар көмегіне сүйену қажеттігін атап көрсетті.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.