Елордадағы спорттық мереке таңғы сағат 09.00-де Орталық саябағында басталды. Мерекеге ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов, ҚР ҰОК спорт Дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов қатысты. Ал ең басты қатысушылар қатарында еліміздің жас спортшылары бар.
«Баршаңызды Халықаралық Олимпиада күнімен құттықтаймын. Қазақстан аталған мерекені осымен 26-шы рет тойлап отыр. Біздің елімізде олимпиадалық спорт түрлері қарқынды дамып келеді. Спортшыларға қажетті қолдау түгелдей көрсетілуде. Бұл күннің басты мақсаты – халық арасында Олимпиадалық қозғалыс құндылығын, спорт пен салауатты өмір салтын насихаттау. Мерекеге кішкентай спортшылардың қатысып жатқаны қуантады. Баршаңызға спортта биік белестерді бағындыруды тілеймін», - деді ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов.
«Бүгін бүкіл ел болып Халықаралық Олимпиада күнін атап өтіп жатырмыз. ҰОК пен Тимур Асқарұлы Құлыбаевтың, сондай-ақ, ҚР мәдениет және спорт Министрлігінің белсенді қолдауының арқасында еліміздегі олимпиадалық қозғалыс тез қарқын алуда. Бұл спорттық мерекені бүкіл әлем халқы тойлауда. Келесі жылы Токиода Олимпиада ойындары өтетінін білесіздер. Бүгін біздің мерекеге Жапония Елшілігінің өкілдері қатысып, алдағы төртжылдық додасы мен жапон халқының дәстүрлері туралы құнды мәліметтер берді», - деп атап өтті ҚР ҰОК спорт Дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов.
Келесі жазғы Олимпиада ойындары Токиода өтеді. Сол себепті, еліміздегі Олимпиада күнін тойлауға Қазақстандағы Жапония Елшілігі де атсалысты. Олар Ийадо бойынша жетінші дан иегері Нобукадзу Онисиді арнайы шақыртып, шебердің өнерін баршаға паш етті. Сондай-ақ, мерекелік іс-шараға қатысушылар жапон халқының мәдениеті мен дәстүрлерінен хабар алып, алдағы ойындардың атмосферасын жақындата түсті. Жапондық шеберлер кимоно кию мен жапон каллиграфиясынан бірқатар шеберлік сағаттарын өткізді.
«Мен мұндай мерекелік іс-шараға қатысқаным үшін өте қуаныштымын. Шын жүректен баршаңызды құттықтаймын. Алдағы жылы Жапонияда Олимпиада ойындары өтеді. Сол сынға қатысу үшін сіздердің және біздің елдің спортшылары аянып қалмайтыны анық. Олимпиадаға қатысудың өзі үлкен қуаныш екені сөзсіз. Сіздерге сәттілік тілеймін. Бүгін біз сіздерді еліміздің мәдениетімен таныстыру үшін бірқатар шеберлік сағаттарын өткіздік», - дейді Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Тацухико Касаи мырза.
Мерекені тойлауға жиналған қонақтар Fitness Park Nur-Sultan командасының нұсқаушыларымен бірге арнайы дене шынықтыру өткізді. Ал мейрам аяқталар тұста бокс, джиу-джитсу, зумба, йога және кросс-фиттен шеберлік сағаттары ұйымдастырылды.
«Мұндай мереке барын екі жыл бұрын естідім. Бәрі керемет өтті. Ұйымдастыру өте жоғары деңгейде. Әсіресе, балақайлардың көңіл-күйі тамаша. Дене шынықтыру да өте көңілді өтті. Олимпиада ойындары дегеніміз не? Меніңше, бұл бүкіл әлемнен жиналған чемпиондар додасы. Менің де Олимпиада қатысқым келеді. Спорт менің өмірім. Сегіз жылдан бері көркем гимнастикамен шұғылданамын. Қазір жасым 11-де. Нұр-Сұлтан, Тараз, Алматыда өткен турнирлерге қатыстым», - дейді жас гимнаст Дамиля Исанова.
Ал оңтүстік астанамызда дәстүрлі веложарыс өз деңгейінде ұйымдастырылды. Жарысқа қатысушылар Торайғыров пен Сайын көшелерінен бастап Орталық стадионға дейінгі аралықты жүріп өтті. Айта кетерлігі, велошабандоздар тек қана веложолақта жарысқан соң, көше қозғалысына шектеу болған жоқ. Жарыс аяқталған соң қатысушылар арасында сыйлықтар ойнатылды.
Олимпиада күніне қатысушылардың барлығы Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Томас Бах пен Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиада комитетінің басшысы Тимур Құлыбаевтың қолы қойылған дипломдармен марапатталды.
Мерекені ұйымдастыруға Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының әкімдігі қолдау көрсетті.
Айта кетелік, Халықаралық Олимпиада комитеті 1948 жылы Санкт-Морицеде өткен ХОК-тың 42-ші сессиясында 23 маусымда Халықаралық Олимпиада күнін өткізу туралы шешім қабылдады. Бұл күннің таңдалуы де бекер емес. 1894 жылдың 23 маусымында ХОК құрылған болатын. Дәл сол күні олимпиадалық қозғалыстың негізін салушы, барон Пьер де Кубертен халықаралық атлетикалық конгресс алдында тарихи баяндама жасады.