АҚШ билігі бұл компанияға бірнеше айып тағып отыр. Бірінші, Huawei өз смартфондары арқылы АҚШ-та барлау қызметін жүргізген. Екінші, Иранға санкция салынғанына қарамай, бұл елде бизнесін жалғастырған. Үшінші, өзінің бәсекелесі T-Mobile компаниясынан технологиялық ақпарат ұрлаған. Вашингтонның пікірінше, мұның барлығы Американың ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Сондықтан 15 мамыр күні Дональд Трамптың жарлығына сәйкес Huawei және оған қатысы бар 70 компания қара тізімге енді. Бұл Қытайдың телекоммуникациялық кәсіпорындарына қатысты алғашқы шектеу емес. Былтыр ZTE компаниясының тауарларын сатып алуға тыйым салынған еді. Осы себепті бұл брендтермен барлық америкалық компаниялар келісімшарттарын тоқтатып жатыр. Олардың қатарында Google, Intel, Qualcomm және басқалары бар.
Дегенмен, барлығы бір тыйыммен шешіле салатын оңай іс емес екен. Ақ үйдің Әкімшілік-бюджеттік басқармасы жағдайды зерттеп, Huawei компаниясына қатысты кейбір санкцияларды 2 жылға шегергендігі туралы Конгреске хат жолдаған. Себеп біреу – америкалық компаниялар аяқасты Huawei компаниясының қызметінен немесе тауарларынан бас тарта алмайды. 2 жыл ішінде олар Huawei компаниясын алмастыра алатын басқа әріптес таба алады. Алайда, бұдан бөлек, Google компаниясы Huawei-ге санкция салу қате шешім екенін, мұндай шектеулерден АҚШ-тың өзі зардап шегетінін айтып, дәлелдеуге тырысты. Олардың уәжі мынадай. Huawei компаниясының смартфондары Google-дың Android операциялық жүйесінде жұмыс істейді. Енді санкция салынған соң әлгі смартфондарда Google-дың ешбір өнімі қызмет етпейді. Сондықтан Huawei амалсыз өзінің жаңа операциялық жүйесін жасауға тырысады. Ол сапасыз болуы мүмкін. Сәйкесінше, хакерлер ондай смартфон, девайстарды әп-сәтте бұзып, ондағы мәліметтерді жымқырып кетеді. Ал АҚШ пен әлемде бұл компанияның смартфондары миллиондап сатылған және жыл өткен сайын Huawei әлемдік смартфон нарығын жаулап келеді. Мәселен, 2019 жылдың алғашқы үш айында әлемдік смартфон нарығындағы компаниялар үлесі мынадай: Samsung 72 млн, Huawei 59 млн, Apple 42 млн, Xiaomi 27 млн, Oppo 25 млн және vivo 23.9 млн дана смартфон сатқан. Google компаниясының пікірінше, Huawei смартфондарын қолданатын америкалық азаматтар аз емес және олар ертең хакерлік шабуылға ұшырауы мүмкін.
Нuawei компаниясының өкілі Джой Келли Вашингтонның жоғарыда аталған шектеулерін сынға алды: «Біздің компанияны қара тізімге енгізу өзін-өзі ақтамайтын әрекет. Сондықтан мұны доғару қажет. Бұл шараның салдарынан ғалам нарығына телефон жеткізу тежеліп, одан дүние жүзінде талай компания мен мыңдаған адам зиян көрмек. Ал ол адамдарда Америка паспорты жоқ. Осының бәрі әділ іс пе? Біздің ойымызша бұл қате шешім».
Оған қоса, егер қысым жалғаса берсе, онда Қытай жауап ретінде айфондарды өндіруші Apple компаниясының өз жеріндегі барлық зауыт-фабрикаларын жабуы мүмкін деген болжам бар. Ал ол кезде бұл арпалыстан Американың өзі зардап шегеді. Дегенмен, Бейжің бұл қадамға бара қоюы қиындау. Себебі бұл зауыттарда жұмыс істейтін қытайлық азаматтар аз емес және олар көйлек, сөмке, етік тігіп жатқан жоқ, жоғары деңгейдегі технология өнімін шығарып жатыр.
Былтырдан бері АҚШ пен Қытай арасындағы тауар соғысы осылайша технологиялық күреске ұласып кетті. Жалпы бұл санкциялар мен шектеулердің артында ұлттық қауіпсіздіктен бұрын АҚШ-тың жаңа технологиялар нарығындағы өз үстемдігін Қытайға бермеу ниеті жатыр дейді сарапшылар. Себебі тарихқа қарасақ, технология қай елде өркендесе, сол ел әлемдік дамудың алдында болған. Мәселен, XVIII ғасырдағы өнеркәсіптік революция Англияны әлемдік аренада алға шығарды. Ал 5G байланыс стандарты қазір әлемдік коммуникацияны жаңа деңгейге шығаратын келесі деңгей болуы мүмкін. Мәселен, 5G стандарты 4G-ға қарағанда 20 есе жылдам, 5G жылдамдығы 20 Гбит/с болса, 4G - 1 Гбит/с. Ал бұл салада әзірге әлем бойынша Huawei компаниясының тауарлары көбірек орнатылуда. Бәлкім, АҚШ-ты қатты алаңдатып отырғаны осы мәселе болар.
Әзірге АҚШ өзінің Google, Facebook, Microsoft, Amazon компаниялары және Силикон алқабы арқылы жаһандық технологиялық көшбасшылықты қолында ұстап тұр. Бірақ Қытай компаниялары оларды табандап нарықтан ығыстыруға әрекет жасап жатыр. Дональд Трамп енді оған жол бергісі келмейтіндей. Сол үшін Қытайдың Huawei, ZTE және басқа да компаниялардың мүмкіндіктерін шектеп тастауға тырысуда деп айтуға негіз бар. Ия, әділетсіздеу. Әділ бизнес заңына қарсы. Бірақ Трамп Америка бірінші деп ұран тастап, өз елінің мүддесін бәрінен де жоғары қойып отыр. Себебі әлемдік технологиялық нарық ол жүздеген миллиард доллар айналып жүрген алып базар, құнды кәсіби мамандар шоғырланған орта, соңғы ғылыми жетістіктер жүзеге асатын үлкен зертхана.