Руханият • 24 Маусым, 2019

Таңғы сөз алдындағы түнгі ойлар (эссе)

1125 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
Таңғы сөз алдындағы түнгі ойлар (эссе)

Шыңғыс Айтматов

Бір ғалым жігіт маған телефон соқты.

– Шыңғыс Айтматовтың тоқ­сан жылдығын әл-Фараби уни­вер­ситетінде атап өтпек едік. Анг­лиядан, Ресейден, Қыр­ғыз­с­тан­нан ғалымдар, жазушылар, дипломаттар келді. Сол жиында Айт­матов туралы сөз айтсаңыз деген тілек бар.

– Қашан атамақсыздар?

– Таңертең...

– Кеш айттыңыздар ғой... Шың­­­ғыс ағамызды да, өздері­ңіз­ді де сый­ламайды екенсіздер, – де­дім.

– Ренжімеңіз, солай болды ен­ді. Менен кінә жоқ. Мен айтушы ғанамын. Қазақпыз ғой...

– Қазақтамыз... мазақтамыз...

– Келіңіз, ренжімеңіз. Сіз сөй­ле­сеңіз, жақсы болады...

– Рахмет, – деп телефон трубкасын лақтырып жібердім.

Алматыда қалың қар жат­қа­ны­мен күн жылы еді. Есентай өзе­нін жағалап жаяу кезіп кеттім. Жаға­лауда жан жоқ. Маған да кере­гі жалғыздық болатын.

Шыңғыс Төреқұлұлы Айтма­тов ағаммен Мәскеудің қонақ­үйін­де кездейсоқ кездесіп қал­дық. Сабырлы, салмақты, ойлы жүзді ағам мол денесімен маған бұ­рыла беріп екі қолын бірдей созды.

 – Аманбысың, Роллан, – деді. Дауысы мейірімге толы еді.

 – Шыңғыс Төреқұлұлы, бұл тіпті күтпеген кездесу болды ғой. Жүріңіз, бір кесе шай ішейік, – деп ибалық танытқан болдым.

 – Сенімен соңғы кездескеніміз Аста­нада болды, мен білсем. Қа­зақ­­тар Күлтегіннің тасын әке­ліп Еуразия университіне қойды. Аэро­портқа ұшар алдында мен, Олжас, сен барсың, үшеуміз ми­нистр Бәйменов мырзаның үйінде қонақ болдық. Мейірлі жылы кездесу өтті. Жақсылар бір-бірімен жиі кездесіп, сөз ал­ма­сып, ой бөлісіп отыруы керек. Сонда арамызға арам шөп­тер еніп кете алмайды. Жүр, шай іш­сек, шай ішейік, бауырым. Қы­рық минуттай уақыт бар, – деді Шыңғыс ағам жадырай жымиып. Өзі алға түсті. Мен ағама ілестім.

– Ол кездесуге де жеті жыл бо­­­­лыпты, – дедім мен жайғасып отыр­­ған соң.

– Уақыт деген құдірет бізден қуатты, бізден еңсесі биік қой. Біз сол уақыт шіркіннің құлы ға­намыз.

Шыңғыс ағамның телефоны шылдырлап қоя берді.

Ол телефонмен сөйлесіп жатты.

Ал мен ағам туралы, оның ға­­­жайып туындылары туралы, Манас пен Әуезовке деген адалдығы туралы ойлап кет­­­­­тім. Мәскеуде отыз жыл КСРО Жазушылар одағында жұ­­­­мыс істегенімде, Шыңғыс аға­м­­мен қанша рет кездестік, дәм­­­­дес болдық, ағамыздың әр­түр­­­лі мінберлерден сөйлеген ойлы сөздерін тыңдадық. Алып Айтматов он жыл сайын Кеңес Әдебиетін өзінің ұлы шығар­ма­ла­рымен биік деңгейге көтеріп тастап отырды. Елуінші жылдарды – «Жәмиламен», алпысыншы жылдарды – «Қош бол, Гүлсарымен», жетпісінші жыл­дарды – «Ақ кемемен», сексенін­ші жылдарды – «Боранды бекетпен», тоқсаныншы жылдарды – «Жанпидамен». Бұл ерен еңбектер еді-ау!.. Ағамыздың шын достары аз болды, шын жау­лары көп болатын. Ал оқыр­ман­да­ры орыс орманындай қалың, Алатоодай биік еді.

Шыңғыс ағаммен алғаш рет Мәскеуде 1975 жылы КСРО Жа­зу­­­шылар одағының кең ауласында танысып едім. Оған да отыз үш жыл өтіпті. Ол кезде Шыңғыс ағам да, мен де жас едік.

Сәлемімді ыстық ықыласпен қабыл алды.

– Зоя Сергеевна Кедрина сені мақтап отыр. Күйеуі Алексей Пантие­лев те сен туралы жоғары ойда. Олар Мұхтар Омарханұлы Әуезовті пір санаған. Үйлерінде Әуе­зов отырған орындыққа мені отырғызған. Онда мен Жәмилә­ні жаңа шығарған кезім болатын. Отызда болсам керек. Енді сол орындыққа сені отырғызыпты. Сен де отызға енді келіпсің. Ол кісілерді ар­дақ тұт, ылғи сыйлап тұр. Бұл адамдар біздің бабаларымызды қа­дір­­леген қасиетті адамдар. Абай­дай данышпанның туысы, текті тұқымнан екенсің, Жазу­шы­лар одағында халқыңа да, қазақ әдебиетіне де адал қызмет жаса! – деп мені бауырына басып құшақтағаны есімде.

Бұндай айрықша, ұмытылмас кез­десулер көп болды ғой. Өмірім жетсе Мәскеуде еңбек жасаған кезімде кездескен, араласқан, дос­тасқан әлемнің әйгілі адамдары туралы шағын эсселер жаз­ғым келеді. Ол адамдардың қай-қайсысы да ұлы ойшылдар, ұлы жазушылар, ең бастысы Нағыз Адамдар болатын. Жаңа ғана Мәс­кеуде кенеттен кездескен Шың­ғыс Айтматов туралы жазу да маған парыз еді.

Шыңғыс ағам телефонын өші­­ріп, үнсіз отырып қалды. Қа­бағы сәл ісіңкіреген, жүзі де ақшыл тартып, жүдеген тәрізді. Түнде ұзақ жазу жазып шаршаған болар, деп ойладым.

– Роллан, бір рюмка коньяк ішсек қалай қарайсың? – деп сұрады.

– Керемет болады. Сізге ай­туға батпай отыр едім, – деп қуандым.

– Нұрсұлтан Назарбаев Олжас екеумізді Астанада қабылдап шай берді. Ыстық ықыласын, туыс­қандық жылы жүрегін көр­сетті. Жақсы отырдық. Нұр­сұл­тан Назарбаев аса ақылды Азама­ты­мыз! – деді. – Түркі дүниесінің батыры десек дұрыс болады. Бір-бірімізді қолдамасақ, жамандар бізді табалап тастайды. Абай атаңның бір сөзі бар емес пе?!. «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос». Қазаққа мен өзімді де кіргізіп отырмын.

Ағам француздың қымбат коньягын сұратты.

Даяшы жап-жас сұлу әйел күлімсіреді. Разы болатын.

Біз де разы едік.

– Мен бүгін кешке Германияға ұшамын. Дәрігерге қаралмақпын, – деді Шыңғыс ағам. – Сонан кейін Татарстанға бармақпын.

– Биыл 80 жылдық мерей­тойы­ңыз бар ғой.

– Ол да бар. Қазір керегі ден­сау­лық болып тұр.

Ақшыл жүдеу жүзі мына кафе ішінде сәл күңгірттенгендей. Көз алды да қоңырқай тартыпты. Шаршап жүргені де анық танылады. Қимыл қозғалысы баяу, бірақ ұстамды, еңселі денесі әлі де қайратты еді.

Отыз бес жасында «Тау мен дала хикаясы» (1963 жыл) Ле­нин­дік сыйлық алған жап-жас қырғыз жазушысы Шың­ғыс Айтматов дүниені дүр сілкін­дір­ген. Лирикалық толға­ныс­тарға толы шағын повестері соғыстан соңғы қырғыз халқының өмірі, тағдыры туралы ашық сыр болатын. Жап-жас қырғыз жігіттері мен қыздарының өмірге ғашық жүрек бұлқыныстары бола­тын. Ерекше сырға, ерекше таза тір­ші­лік аясындағы оқиғаларға толы ғажайып жас өмір гимні қыр­ғыз тауларында атойлап көте­ріліп кете барған. Шыңғыс Айтматов феномені дүниені фейерверкке толтырып тастап еді-ау! Ұлы Мұхтар Әуезов бата берген, Луи Арагон «Жәмила» повесін өзі француз тіліне аударып, ол повесті махаббат ту­ра­лы жазылған дүниедегі үздік шығармалардың бірі деп тебірен­гені қайда! Ол сонау 1957 жылы айтылған сөз еді. Ол кезде Шың­ғыс Айтматов жиырма тоғыз жас­қа әлі толмаған шағы екен-ау!..

Аспаннан түскен бақыт пен даңқты отыз жастағы қырғыз жігіті көтеріп кете ала ма? –деген сұрақ күн тәртібінен ұзақ жылдар түскен емес.

Есті азамат есірген жоқ. Есті азамат бойын сабырға, салқын­қандылыққа, терең ойға жең­дір­ген. Бұл өмірде адам боп қалу­дан қымбат ешнәрсе жоқ екенін Шыңғыс Айтматов өзі де ұққан, өмір сүрген ортасына да ұғындыруға тырысып баққан. Ең бастысы Шыңғыс Айтматов туған Шекер ауылының су кө­зі мөп-мөлдір күйінен бір ай­ны­маған, сырылдап аққан суы тоқтау көрмеген. Шыңғыс Айт­ма­­товтың бойындағы дарын құді­реті Шекердің бұлағындай таусыл­майтынын танытқан. Дені сау болса, Шыңғыс ағамның оқыр­­манына әлі талай тарлан шығар­малар тартатынына мен сенімді едім.

– Кел, Роллан, мына кең дү­ниеде шалқып шарықтап өмір сүр. Қырғыз бен қазақ жиырма бірінші ғасырда өз орнын мықтап табуға жазсын! – деді ағам.

Мен коньякты ішіп салдым. Сөз де жақсы еді, коньяк та жақ­сы еді, тілеулі отырыс та ерекше мейірлі болатын. Бұндай оты­­рыстар біздің ортамызда си­рек кездеседі. Аға мен іні­нің туыс­тық, достық тілеуінің таза­лы­ғы көзге ұрып тұрған.

– Кей-кейде аздап коньяк ішу­ге болады. Заман ауыр, арман алыс, тіршілік қысқа, дүние тар.

– Жақсы айттыңыз, Шыңғыс аға!

– Оны айтқан мен емес, за­ман­ның өзі ғой мен болып сөйлеп тұрған, – деп ақырын жымиып маған туралай қарады.

 Біз сәл үнсіз отырдық. Сұлу официант әйел менің рюмкама тағы коньяк тамызды.

– Осы жолы мен елімді қи­май самолеттен Алатооның қар басқан шыңдарына қарайлай бердім. Неге екенін білмедім, жүрегімді шым-шымдап мұң бас­қандай болды. Есіңде болса, талантты ақын Мұхтар Ша­ха­­­нов Қырғызстанда Қазақ Рес­­публикасының елшісі болып қызмет істеп жүргенде, Мұх­тардың үйінде үшеуміз кездескен болатынбыз.

– Қырғыз ғалымы да болды.

– Иә, иә, қырғыз ғалымы да бар еді.

– Сол кісі Сізге көп сұрақ қой­ған.

– Ал мен көп сөйлегем. Көп нәрсені айтқым келген.

– Ол бір керемет кеш болған, Шыңғыс аға.

– Түн болды десейші. Мұхтар­дың әйелін де шаршаттық білем. Келіннің аяғы ауыр еді. Мұхтар нағыз қазақ қой, бәрін өзінше шешеді. Кейде солай ашық сырласу да керек. Уақытқа да, жағдайға да қарамау керек болады. Жасырынбақ ойнап не керек? – деп бөгелді де лезде – жасырынбай, ашық, айқын ойларымызбен бөліссек дұрыс болады. Түркі дүниесіне жариялылық, тазалық, қалай айтсақ дұрыс болады?.. Аңқылдасып, жүректің көзін ашып тастап отыру керек. Біз онан ұтылмаймыз, ұтамыз, Роллан. Есіңде болсын, ұтамыз...

Тағы да Шыңғыс ағамның телефоны шылдырлады.

– Қазір машина келеді, – деді.

– Кешке ұшатын болсаңыз, шығарып салайын Шыңғыс Төре­құлұлы.

– Жоқ, жоқ, әуре болма. Осы кездесуіміздің өзі ерекше бол­ға­нын көрдің бе, Роллан?

– Көк Аспанның арнайы сыйы ғой бұл.

– Әдемі айттың, – деді Шың­ғыс ағам. – Расында да Көк Ас­пан­­ның сыйы болды, – сәл кідіріп барып: – Коньягыңды төң­керіп таста. Жігітке батырлық жара­са­ды, – деді жайдары күлім­сі­рей беріп.

– Шыңғыс Төреқұлұлы, жо­лы­ңыз болсын! Сапарыңыздың сәтті болуын тілеймін. Сіздің сек­сен жылдық мерейтойыңызды кере­мет қылып тойлауға жазсын. Сол тойға бір томдық кіта­бы­ңызды шығарып Сізге тарту етемін.

Ол үнсіз ғана басын изеді. Сәл ойланып барып:

– Соңғы кезде мен осы туған елімнің, туған халқымның ауыр өмірі мен мехнатты тағдыры туралы дұрыс түсініп, дұрыс ойлап, дұрыс жаза алдым ба?.. Бар шындықты ашып көрсетуге шамам жетті ме?.. деген қатпар-қатпар ойлардың түнегінен шыға алмай аласұрамын. Бұл сұрақтар ойда жоқта сен айтқандай Көк Аспаннан төбеңе түседі де, жа­ныңды жейді. Ұйқы қашады. Сонан соң ұйқысыз түндер өт­кіземін... Бұл өзі айықпайтын дерт болды маған. Соңғы жылдары жаныма жабысқан атақсыз ауру десем дұрыс болар.

Шыңғыс Айтматов маған те­сіле қарап отырып барып, жай­ләп орнынан тұрды.

– Кешір бауырым, жаныңды маза­ладым білем. Қартайған са­йын адамның ойына келмейтін небір азабы ауыр сұрақтар адамды алқым­нан ала береді екен. Тірі болсаң мені мазалаған сұ­рақтар сенің де алдыңнан шы­ғар. Мен оған сенімдімін. Шын­дық сүйген, ақиқатқа ұм­тыл­ған өнер адамының қай-қай­сы­сы да, алқымнан алған ауыр сұрақ­тардың алдында қалшиып тұратын болады.

Сол жолы қонақүйдің кафе­сін­де дана Шыңғыс Айтматов Көк Аспаннан жететін сұрақтар туралы сөз қозғап еді. Бұл сұрақтарға түркі дүниесінде Айтматов пен Олжас Сүлейменовтен артық жауап берген қайсымыз бар?!.

– Қалған коньякты ішпей-ақ қой, – деді Шыңғыс ағам тағы да жұмсақ жымиып алып, – Арғымақ аунаған жерде түк қалады. Оның қызығын ендігі мына сұлу жас әйелге қи, Роллан. – Шыңғыс ағам күлімсіреп мені өзімсіне құшақтады. – Мені шығарып салма. Аман бол, Роллан қардаш!.. – сәл жүріп барып – Амандықта жолығысайық, – деді. Көзі сәл жасаурағандай көрінді.

Алып денелі Шыңғыс Айтма­тов есікке қарай адымдай басып, жүріп кетті. Мен ағамның со­ңы­нан тесіле қарап тұрып қал­дым.

Бұл біздің соңғы кездесуіміз еді.

Аяулы кездесу, өкінішке қа­рай, аянышты қоштасуға ұлас­тынын біз сол сәтте, әрине, біл­ге­міз жоқ!

2008 жылдың оныншы маусым күні бүкіл әлем ұлы Шыңғыс Айт­ма­товтың дүниеден өтіп кет­ке­­­нін естіп қайғырғанын қалай ұмы­тармыз?!. Мен Шың­ғыс Айт­­матовтың өлгеніне сенбей Се­мей­дің тар көшесінде есімнен адасып тұрып қалғам. Қалың машиналар нөпірі дәл қасымнан зуылдап өтіп жатқан, өтіп жатқан, өтіп жатқан...

Ал мен бұл өмірде жалғыз қалғанымды енді ғана сезініп, аяғымды созып тастап, тротуарға отыра кеттім.

Біз осылай әр төбенің басын­да жалғыз қалып, о дүниеге жал­ғыз аттанып кете барармыз... Кете барамыз... Ақиқат айнасы осыны көрсетеді...

 

Виктор Астафьев

– Халқымның алдында парызымды адал атқара алдым ба? – деп жан ұшыра қиналған Шыңғыс Айтматов есіме түс­кен­де, Ресейдегі Овсянка селосында жалғыздық құшағында күн кешкен, орыстың шыншыл жазушыларының бірегейі – Виктор Петрович Астафьевке көңі­лін сұрай барғаным есіме оралды.

 Шағын ғана орыс деревнясы. Ертеде Енисей губерниясына қараған. Қазір Красноярск облысына жатады.

 Өмірінің соңғы жылдарын Виктор Астафьев Овсянкадағы шағын ғана ағаш үйінде өткізді. Жазуын Овсянкада жазды, жазушыны көргісі келетіндер осы Овсянкаға келіп-кетіп жатты. Өзі деревнясынан алыс­тап көп шықпауға тырысты. Кей­де Мәскеу барды, кейде Сі­бір жазушылары бас қосатын Но­во­сибирскіге барды. Басқа еш жер­ге шыққан емес. Кейін оны да қойды. Басты бас қосарлары ақ қағаз бен қалам болды. Кешкі шәй үстінде әйелімен сөйлесетін. Онда да шешіліп сөйлесу жоқ. Өткен-кеткен уақиғалар, бала­лар мен немерелердің хал-күйі қордаланатын. Қартайған адам­дардың әңгіме аясы тарыла бере­тіні белгілі жәйт қой.

– Сен ыңғайланып отыр, – деді Виктор Петрович менің жүзіме сұқтана қарап алып, – Сені көрмегелі де талай жылдар өтті ғой. Одақ ыдыраған соң-ақ, кеңес жазушыларынан да береке кетті. Жан-жақта жапа-жалғыз қалдық. Олжас Сүлей­ме­нов бүгін ыдырасақ, ертең қайта қосыламыз, – деп еді. Мен сол сөзге сенгім келген. Импе­рияны қайта құруды емес, бірлікті қайта тірілтуді. Былтыр Қиыр Шығысты, бүкіл Сібірді, Владивостокты аралап шықтым. Благовещенскіні еш соғыссыз Қытай еркін басып алыпты. Сол Қытай Драконы қазақты да, орысты да ақырын, байқатпай жұтып қоюға жанын салып жатыр. Біз немкеттілікке берілген кеш қозғалар халықпыз ғой. Ал бүгінгі заманда кеш қалу біздің халықтарымызға өліммен тең.

Виктор Петрович Екінші дүниежүзілік соғыстың солдаты, батыл, батыр мінездің адамы. Тура сөйлейді, кесіп айтады.

Мен алғаш рет Виктор Астафь­ев­ті 1975 жылы Мәскеудегі Әдеби­ет институтының жанын­да­ғы Жоғары әдебиет курсында көргем. Екі жылдық әдебиет курсында Шыңғыс Айтматов та, Виктор Астафьев те оқыған. Жетпіс бесінші жылы сол Жоғары әдеби курсқа мен де түскен болатынмын. Виктор Петровичті біздер кездесуге шақырғанбыз. Сол кездесуде Виктор Петрович Астафьев Кеңес солдаты туралы роман жазып жүргенін айтты.

– Отан соғысы туралы романдарды соғыста лейтенант, капи­тан болғандар жазды, – деді Виктор Петрович. – Солдаттар емес. Соғыста басты күш солдат! Солдат туралы солдат қана жаза алады! Ал ол соғыстағы солдаттар қараңғы халық болатын. Оқып-тоқығандары аз, он сегіз-он тоғыз жастағы бозбалалар еді ғой, – деп мүдіріп сөз айта алмай, көзіне жас тіреліп тоқтап қалды.

– Темекілерің бар ма? – деп сұрады.

Алдыңғы қатарда отырған темекі сорғыштар, Виктор Петро­вич­ке темекі ұсынды. Отын жақты.

Бәріміз үнсізбіз. Аудиторияда мүлгіген тыныштық орнады.

Соғысты Кеңес Одағы, кеңес солдаттарының өлігімен жеңді ғой. Ол соғыста кеңес халқының жиырма миллионы емес, қырық миллионы құрбан болды. Курск доғасында орыс жағынан да, неміс жағынан да өлген солдаттарда есеп болмады. Бүкіл дала сасыған өліктерге толып жатты ғой. Жанып, қирап қалған танктер, зеңбіректер қанша еді, Құдай-ау?!. Мен соғыс даласын көз алдыма елестетсем болды, көзіме жас толады. Қаншама жақсы жолдастардан айырылдым. – Виктор Петрович тағы да тоқтап қалды. Дауысында өксік бар еді. – Соғыс туралы ұзақ эпопеялар жазып керегі жоқ. Лев Николаевич Толстойдың «Соғыс пен бейбітшілік» эпопея­сы ең үлкен кітап боп қалсын. Ал біздерге шағын, бірақ бір ауыз өтірігі жоқ, шындыққа толы романдар керек. Шындық пен ақиқатқа толы шығармалар керек. Қысқа романдар керек. Мен өзімді енді Кеңес Одағының мәдениетін қорғайтын солдат деп есептеймін. – Тағы да бөгелді. Тағы да темекі сұрады.

Біздің курстасымыз, бүгін орыс әдебиетінің көсемдерінің бірі Владимир Личутин орнынан атып тұрып, Виктор Петровичке кездесуге келгені үшін алғысын айтты. Деніне саулық тіледі.

(Жалғасы бар)


 Роллан СЕЙСЕНБАЕВ