Қоғам • 24 Маусым, 2019

Елден елдің несі артық?

594 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

2000 жылдан бергі халықтың көші-қоны туралы статистикалық деректерге көз жүгіртсеңіз, еріксіз күрсінуіңіз мүмкін. 2000-2017 жылдар аралығында елімізден бас-аяғы 950 846 адам шетелге кеткен. 1 миллионға жуық жан. Бір ғана 2017 жылы 155 749 адам шекара асыпты, оның 31 952-сі – 14 пен 28 жас аралығындағы азамат. Еңбекке қабілетті, бойында күш-қуаты тасыған, болашағын бағамдайтын буын, ертеңгі күніне мақсат қоятын кезеңде неге шетелге кетеді?

Елден елдің несі артық?

Президент жанындағы Қазақ­­стан стратегиялық зерт­теу­­лер инс­титутының бас ғы­лыми қызметкері Ирина Чер­ных: «Көші-қонның тұрақ­сыз­­дығын анықтайтын бір­неше негізгі факторларды бө­ліп көрсетуге болады», дей­ді. Олар: елдегі әлеуметтік-эко­но­­ми­калық жағдайдың өз­геруі; халықтың белгілі бір топ­­тары­ның қандай да бір пси­холо­гия­лық жайсыздығы; саяси жағдай тұрақтылығына сенімсіз­дік; адамдарды тарту бойынша бірқатар көрші елдердің бел­сенді саясаты; қазақстандық аза­мат­тықтың салыстырмалы «әл­сіздігі».

Адамдардың елден кетуіне осы тақырыптан тыс жүрген кез келген жан жобалай алатын үш себеп бар: оқу, жұмыс, жайлы өмір.

Білім беру жүйесі жақсы

Біз көбіне балаларымыз­ды шетелге шығаратын «Болашақ» бағдарламасын ғана білеміз. Шын мәнінде сыртта білім алудың басқа да жолдары, сан түрлі бағ­дар­ламалары көп. Айталық, Венгрияның Stipendium Hungaricum бағдарламасы ая­сында Қазақстанға жылына 200 грант бөлінеді. Атал­ған грантты ұтып алған Болат Етекбаев Венгрияның (University of Debrecen) белді уни­­­верситетінде Engineering Management мамандығы бойынша оқиды. Грантта оқу ақысы, ай сайынғы стипендия (бакалавриат және магистратураға шамамен 110 мың теңге кө­ле­мінде, докторантураға – шама­мен 190 мың теңге), виза және медициналық сақтандыру кіреді. «Конкурс талаптары аса қиын болды деп айта алмаймын. Бірін­шіден, алдыңғы оқудың орташа балы жоғары болу керек.

 

Мәселен, магистратураға түсу үшін бакалавриат дипломының, ба­калавриатқа мектеп аттестатының орташа балы рөл ойнайды. ҰБТ қо­ры­тындысы маңызды емес, тіпті арамызда ҰБТ тапсырмаған студенттер де болды. Екіншіден, ағылшын тілін білу көрсеткіші ретінде IELTS сертификаты болу қажет. Әрине сертификаттағы көрсеткіш жоғары болған сайын, оқуға түсу мүмкіндігі де арта түседі. Келесі жылдары конкурс деңгейі одан да жоғары болады деп есептеймін, себебі халық ара­сында аталған стипендияға қызы­ғушылық жылдан-жылға артып келеді», дейді Болат. Венгрия ұсынған бағдарламаның Болатты қызықтырған алғашқы факторы – сапалы білім. Венгрияда алған диплом АҚШ, Канада, Аустралия және Еуроодақ елдері сынды алпауыт мемлекеттерде жарамды. Екіншіден, кепілдікке ешбір бір мүлік қоюдың қажеті жоқ.

 

Адам әлеуеті бағаланады

Ал Оралда туған Элмира бүгінде Англияда тұрады. Ол адамның жаны жайлылықты қалайтындықтан, со­ған сәйкес орынды іздейтінін, кей адамдарға ол өз Отанынан да табылмауы мүмкін екенін айтады. «Мен Қазақстандағы ірі мұнай компаниясында аудармашы болып қызмет еттім. Бізде адам әлеуетін бағалау дәрежесі қазір тұрып жатқан елмен салыстырғанда төмендеу. Мысалы, бір ағам өте қабілетті, білмейтіні жоқ. Алайда, оны өз ортасы аса бағаламады. Мен соның күйін кешкім келмеді. Осы күні бір миллиардерден сабақ алып жүрмін. Мақсатым – бай болу емес, мүмкіндігімді пайдалану. Қазір жасым қырыққа таяды, сонда да жаңа нәрсені ойлап тапқым келеді, ай­талық, заманауи киіз үй жасасам дей­мін. Ал біздің елде орта жаста оқу – аздап езу тартқызады», дейді ол. Эл­мира шетелге отбасымен көшкен. Ең бір елең еткізері – жас та жалынды, ең­бекке қабілетті кезінде кетті.

Қазақ жастарының шетелден жұ­мыс табуына түрлі бағдарламалар да көмектеседі. Соның бірі – 1998 жылдан бері «Work and Travel» бағ­дарламасы. Бұған дейін 20 мың адам осы бағдарламамен шетте еңбек етіп келген. «Work and Travel»-ді Қазақ­стан­да жүргізіп отырған орталық директоры Мақсұтбек Аймағанбет: «Бұл бағдарламаның талабы – мін­­­детті түрде елге қайтып келу. Дегенмен, өкі­нішке қарай, әр жыл сайын 3-4 пайызы (2017 жылы 5-6%, 2018 жы­лы 4,3%) сонда қалып қояды», дей­ді. Қайтпағандардың тізімін АҚШ елшілігіне өткізетін көрінеді. Алайда долларға дәметкендердің бағ­дарлама талабын орындап келген соң, өз бе­ті­мен қайта кеткеніне де куә бол­ғанбыз. Неге? Өйткені жалақысы жоғары.

Сарапшылардың кейбіреуі саяси жағынан да шетел асатын азаматтар бар екенін айтады.

Келуге құмартушылар да көп

Көші-қон мәселелерін зерттеп жүр­ген ғалым, «Тұран» университетінің  ректоры, профессор Рахман Алшанов көбіне кеткендер – тарихи еліне қай­­тып жатқан кезіндегі депортациямен келгендер екенін айтады. Оның ойынша, тағы бір үлкен себеп – мем­лекеттің ақшасын жымқырып қашқандар, қыл­мыстық жайттар, бұл әлемдегі елдердің көпшілігіне ортақ мәселе. «Ал бізді алаңдататыны – елден кет­кендердің себебін анықтап, оның алдын алумен айналысып отыр­ған нақты зерттеу ұйымының жоқ­тығы. Осындай мәселелермен жұ­мыстанып жүрген ғалымдар мен зерт­теушілер бар, бірақ олардың ба­сын құрап, мемлекеттен қаржы бөлуді, жүйелі жұмысты жолға қою керек. Қазіргі атқарылып жатқан істер – әлі шолақ, кемшін», дейді ол.

Сыртқы істер министрлігінде адам­­дардың шекарадан қандай мақ­сатпен шыққанын анықтайтын база бар. Бірақ заңсыз көші-қонды, яғ­ни қашып немесе бас сауғалап кет­кендерді және турист ретінде шы­ғып, сонда қалып қойғандарды Ішкі істер министрлігі тіркеуге алады. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистр­лігінің қарамағындағы комитет Қазақстан аумағындағы (шетелден жұ­­мысқа келгендер, өз азаматтарымыз) жұмыскерлердің жағдайымен айналысады. Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті басқарма бас­шысы Дастан Асқарұлы сыртқа кетіп жатқандардың басым бөлігі дұрыс ақпарат бермейтінін, сол жақта жұмыс істеуді көздесе де қасақана сая­хаттау деп көрсететінін айтады. Сон­дықтан аталған министрліктердің үшеуіндегі ақпаратта да дәлдік жоқ деген сөз. «Ал осы бір қордаланған мәселенің алдын алу үшін елден енді кетуді көздеп жүргендермен еркін ойын білу мақсатында сауалдама алынып, зерттеу жүргізілмей ме?» деген сұрағымызға Д.Асқарұлы жекеменшік зерттеу ұйымдарымен ғана жұмыс істейтінін жеткізді. Барлығының басын біріктіріп, арнайы айналысып, түпкілікті шешімін тауып отыратын мемлекеттік деңгейдегі орталықтың аса қажеттігі кеткендер санының жыл сайын тек өсіп отырғанынан-ақ көрі­ніп тұр.

Ұлыбританиядағы Лестер (Univer­sity of Leicester) мемлекеттік зерттеу университетінің лекторы, «Көші-қон әлеуметтану» зерттеу комитетінің пре­зиденті Девид Бартрамнан арнайы пікір алған едік. Англиядан жауап жолдаған халық­аралық сарапшы: «Орталық Еуропа елдері, дәлірек айтсақ, Вен­грия иммиграция мәселесімен көбірек күресіп келеді. Олардың ұлттық біре­гейлік сезімі – басым көпшілігінде этностық және олардың саясаты «бас­қаларды» (шетелдіктерді) бөлек­­тей отырып, табанды түрде тарты­су­да. Алайда мәселе сонда, олар бар­лық жа­ғынан да мұны шешпеді, жағ­дай тек нашарлады. Бұл тенденция көп­теген елдерде орын алып отыр, бі­рақ төмен деңгейде. Ұлттық біре­гейлік «азаматтық» аспектіге (яғ­­ни этностық өлшемді қысқарту) айналғанда ғана іс ілгерілейді. Ол үшін саяси басшылық пен қажырлы еңбек керек. Біз мұны, мәселен, Германия мен Швециядан, сондай-ақ белгілі бір деңгейде Ұлыбританиядан көреміз», дейді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы жа­нын­дағы «Альянс» жас кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Нұржан Ерланұлы Жастар жылының ашы­луынан кейінгі әсерімен бөліскенде: «Сол салтанатты жиын соңында Гер­­мания мен Польшадағы қазақ­стан­дықтар, яғни шетелдегі достарым, таныстарым арнайы хабарласып, шараны тікелей эфирде You tube желісі арқылы тамашалағанын, ерекше қуанғанын, Отанына оралғысы келетінін жазды», деген еді. Ол бар жағдайды жасайтынын, кәсіпкерлікте көмектесетінін айтып, достарын Қазақстанға қайтуға көндіріпті.

Жастар жылы аясында қолға алынып жатқан нақты істердің игілігін шетте жүрген жастарымыз да көрсе, сезінсе, бойындағы барын еліне беруге тырысатыны анық. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз елінде ұлтан бол» деген тілеулестік әр адамның көкейінде сайрап тұрған болар.