Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті және «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы ұйымдастырған дәстүрлі байқауға биыл 120 автордан 250-ге жуық материал қабылданған. Төрт аталым бойынша сынға түскен айтулы додада барша әріптесіміз ана тіліміздің бүгіні мен болашағы, ертеңі хақында үлкен мәселелерді қозғап, қаламды тереңнен тербеді.
Игі шараның шымылдығын ашқан Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Рахметоллақызы өз кезегінде бүгінде ақпарат ағыны тасқындап тұрған аса жауапты кезеңде еліміздің айнасы болып табылатын журналистер қауымының орны ерекше екенін атап өтті.
– Кез келген ақпарат ең алдымен ұлт мүддесіне, ұрпақ болашағына, мемлекетіміздің қауіпсіздігіне тікелей ықпал етеді. Төртінші билік өкілдерін осы тұрғыда елімізді ақпарат кеңістігінде үнемі қолдап келе жатқаны үшін алғыс білдіреміз. Алда да бізбен бірге ауқымды, күрделі мәселелерде бірігіп жұмыс істеуге шақырамыз», –деді министр.
Байқауға ұсынылған материалдарды елімізге белгілі журналистерден құралған арнай комиссия қарап, бағалаған. Байқау қорытындысы бойынша «Үздік мақала» аталымының бірінші орны «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсалим Идиговқа берілсе, «Үздік радиобағдарлама» аталымы бойынша бірінші орынды «Шалқар» радиосынан әріптесіміз Гүлбану Мұхтарқұлова иеленді.
Ал, «Үздік телебағдарлама» аталымы бойынша бірінші орын «Qazaqstan» ұлттық арнасының журналисі Нартай Сәрсенғалиевқа бұйырса, «Үздік сайт мақаласы» аталымы бойынша бірінші орынға «Qamshy.kz» порталының журналисі Берік Бейсенұлы лайық деп танылды.
Ең негізгі жүлде, яғни «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауының бас жүлдесі өзіміздің «Egemen Qazaqstan» газетінің шолушысы қалам ұстаған күннен ұлтымыздың жоғын жоқтап, қазақ тілінің қамын жеп келе жатқан Бекен Қайратұлына бұйырды. Әріптесіміз өзі де айтып өткендей, бәйге деген бір адамның ғана емес, бүкіл ұжымның еңбегімен келеді. Бас жүлде иегеріне деген бұл қошемет – бас басылымның ғасыр тойына берілген байғазы деп білетінін жеткізді.
Айта кеткен жөн, жүлдегерлеріміз әр аталым бойынша бірінші орын иегерлері 500 мың теңгеден, ал бас жүлде иегері 1 млн теңге көлемінде сыйақыға ие болды.
Сондай-ақ шара барысында 2019 жылғы мәдениет, спорт, туризм, тіл салаларын бұқаралық ақпарат құралдарында жан-жақты насихаттауға үлес қосқан журналистерге Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлованың Алғыс хаты табысталды. Бұл топтың ішінде де егемендік тілші, ақындарымызша айтсақ «қаламы қаздың қаңқылынан қаймақ жалататын» қарымды журналист Назерке Жұмабайдың аты аталып, марапат биігінен табылды.
Жалпы журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңындағы биылғы бәйгелер бас басылымға бас бармағымен баға беріп жатқандай әсерге бөлеуде бізді. Жоғарыдағы жақсы жаңалықтарымызды еселеп, тура сол күні Қазақстан Журналистер одағының сыйлығына тағы бір әріптесіміз, атап айтсақ газеттің Маңғыстаудағы меншікті тілшісі Гүлайым Шынтемірқызы да ие болды.
Одақ жүлдесі 10 журналиске берілген. Әріптесіміз «Экономикалық шолу» аталымы бойынша марапатталып отыр.
Мұндай марапаттар қаламға шабыт, қадамға қарқын еселейді. Құтты болсын демекпіз!