Аймақтар • 24 Маусым, 2019

«Ақбас» тұқымынан артығы жоқ

640 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қиындығынан қаймықпай қарекет еткен адамға ел ішінде жұмыс жетерлік. Қыр-сырын білмейтін тосын кәсіп те емес, атадан қалған ақ таяқ, кейінгіге мирас болған жұмыс. Тек жетпей тұрғаны тәуекел ғана.

«Ақбас» тұқымынан артығы жоқ

Алғаш несие алғанда Ержан Барболовтың қобалжығаны да рас. Түбі қалай болар екен, осы ісімнен бірдеңе шығара аламын ба деп ойы онға бөлініп жүрді. Талпынбай тағы болмайды. Ел ішінде отырған соң мал бағудан басқа қандай кәсіп бар. Ал мал басын көбейту үшін несие алу керек. Қабырғасымен кеңесіп барып, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан 900 мың теңге несие алған. Бірер бас мал сатып алды. Ісі оңынан оңғарылып, аз уақыттың ішінде қарызынан құтылды. Іле 2 миллион 600 мың теңге несиені тағы да алды. Сол қаржыға бес бас жылқы сатып алды. Төрт түліктің ішінде жылқыдан тиімдісі жоқ. Қысы-жазы далада. Табиғаты тамылжыған бұл өлкеде бауыры берекеге бөгіп жатқан орман-тоғай көп. Ағаш бауы­рында жүз сан шөп өседі. Су көздері де баршылық. Тіпті қозыкөш жердегі ойпаңдарға шалғының тісі де тимейді. Мұндай жерлер қысқы тебінге тіпті тамаша.

 Бұл жолы ептеп қаражаттың басы құралып қалған. Сол арқылы қатырып тұрып қора салып алды. Несие алып несібесін молайтып отырған Сәуле ауылының тұрғыны Ержан Барболовтың қорасын біз де көрдік. Ауыл қотанында алыстан менмұндалап тұрған қора жеңді білектей ағаштан қиылып салынған екен. Төбесін су өтпейтіндей етіп қаңылтырмен құрсаулапты. Іші саңғырап тұр. Оттықтары да ұсынықты қолдың табын аңғартатындай.

– Енді ірі қара алмақшымын, – дейді малсақ жігіт. – Жылқының тиімді екені рас, өзіндік құны арзанға түседі. Бірақ соғым уақытында ғана сұраныс болады. Ал қара малды кез келген маусымда сата аласың. Мен алғаш несие алған кезде қара малдың еті арзан болды. Іштей топшылап санап көрдім де, жылқыға көңілім құлағаны. Қазір екеуінің де бағасы қарайлас.

Қысы-жазы бейнетін белден кешіп жүрген малсақ қауым әлі де еңбегін жандыра алмай отыр екен. Мәселен, ауыл тұрғындары қара малдың етін алып-сатарға ет күйінде килосын 1300 теңгеден сатады. Ал қала базарларында семіз еттің бағасы 1800 теңгеден жоғары. Сонда әр килодан 500 теңгеден ұтылып тұр.

– Базарға да барып көргенбіз, – дейді Ержан, – машақаты көп. Ең бірінші, баяғыдай малды есіктің алдында жайратып тастай алмайсың. Мал соятын арнайы орынға апаруың керек. Таситын көлігің болуы шарт. Әлденеше анықтама қағаз жинайсың. Қуырдақтың көкесін базар шетіне іліккенде көресің. Әбден әккіленіп алған алыпсатарлар ауылдан келген біз сияқтыларды базар маңына жолатпайды. Өзара келісіп алып, әкелген етіңді су тегінге алғысы келеді. Ал жаздың күні ет көпке шыдамайды, сосын амалсыздан мал баққан қауымның қоңын теспей сорып отырған саудагердің айтқаны болады.

Ауылдың еңсесін көтеру үшін осы бір жұмысты жолға қою керектігі талайдан бері айтылып келеді. Мұның екі жағы бар, біріншіден, басын бәйгеге тігіп несие алып, тырбанып тіршілік етіп жатқан малсақ қауым еңбегінің зейнетін көрсе, екінші жағынан олар қазіргі бағадан арзанға сатса, тұтынушыға да қолайлы емес пе?

Ендігі бір мәселе, ауыл тұрғындарының қолындағы мал басын асылдандыру. Рас, бұл жұмыс ішінара жүзеге асырылып жатыр.

– Жергілікті тұқым азып кетті, – дейді мал сүмесімен күн көріп отырған Ержан. – Былтыр Алаботадағы асыл тұқымды мал шаруашылығына әдейі барып, біліп едім, төлдерін күздің күні ғана сатады екен. Өзімнің бірер бас жергілікті тұқымды сиы­рым бар. «Есіл» әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­порациясы арқылы ептеп асылданды­рып жатырмыз. Мынадай бір жайды айта кетейін, екі бас будандастырылған тайыншаларымды сатамын деп жарнама бергенмін. Мал алушылар бордақыда тұрған малды көрді. Көңілдері бірден будан тайыншаларға түсті. Ал жергілікті тұқымды малға көз қырын да салған жоқ. Өйткені қо­ңының айырмашылығы менмұндалап тұрған.

Шынында да, ендігі арада мал тұқы­мын тегіс асылдандырмай, көсегеміз көгер­мей­тіні белгілі болып тұр. Ғылыми қисын бойынша қара малдың тірідей салмағы 18 айдың ішінде 4 центнерге жетуі керек. Жергілікті тұқымның малы бұл межеге жете алмайды. Демек, мал артық жем-шөп жеп, масыл болып, пайданың орнына шығын әкеледі. Өйткені жекеменшіктің мал азығы белгілі. Көбіне шөп пен сабан ғана. Табылса, жем. Бұдан шығатын бір жол, бірнеше ауылдарды қамтыған мал бордақылау алаңдарын ашу. Бордақылау алаңдары жекеменшіктің төлін толымды бағамен сатып алса, екі жаққа бірдей пайда. Олардың құрама жем, әртүрлі қоспалар мен дәрумендерге қолдары жетеді. Екінші сойылдай мәселе, жайылымдық және ша­бындық жердің жоқтығы. Жер жоқ емес, бар.

– Сәуле ауылының маңындағы құйқалы жерді біз ұйқылы-ояу жүрген кезімізде әлдекімдер алып алған. Қазір не егін екпейді, не мал ұстамайды. Ал бізге жерді ауылдан алыс, Көксеңгір жайлауынан беріп отыр. Малды жүздеп бақсақ бір сәрі, барып-келудің өзі күш қой, – дейді Ержан.

Несиені бес жылға алған екен, қазір жеті жылға бере бастапты. Мал басын өз төлі есебінен көбейтуге өте қолайлы әрі алғашқы жылдары каникул беріледі. Өте тиімді. Тек осы жаңалықты ел іші білуі керек.

– Таяуда аудан орталығында ынталы адамдарды жинап, несиенің қыр-сырын ұғындырғалы жатырмыз, – дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Самат Бек­мағамбетов. – Бұрын ауыл адамдары несие алу үшін кепілдік таба алмай қиналатын. Қазір «Атамекен» палатасы несиенің 50 пайызына кепілдік беріп отыр. Көп көмек емес пе?

Шынында да, елдің еңсесін көтеруге бағытталған жанашырлық аз емес-ау.

 

Ақмола облысы,

Біржан сал ауданы