Қамшының сабымен ұрмас болар…
Сәрсенбі, 13 ақпан 2013 7:19
Сыбайлас жемқорлықпен күресу керек. Асыра сілтеу керек пе?
Өткен күздің қыркүйегінен бастап Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Қостанай департаментіне лаң кірді. Лаң болғанда ұрыс-жанжал немесе ұжым мүшелері арасындағы пендешіліктің шылбырына байланған бәсеке емес, «сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызды» деген аттан ар-намысын қалай қорғап қаларына басы қатқан қызметкерлердің сары уайымы. Бірақ, олардың әрекетінен мемлекет бюджетіне бір тиын зиян келген жоқ еді. Мемлекеттік қызметтің атына ұят келердей, тұлғасын төмендетердей әдептен де асқан жоқ. Әйтсе де, сонда бұл уайым қайдан келді дейсіз ғой?
Сәрсенбі, 13 ақпан 2013 7:19
Сыбайлас жемқорлықпен күресу керек. Асыра сілтеу керек пе?
Өткен күздің қыркүйегінен бастап Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Қостанай департаментіне лаң кірді. Лаң болғанда ұрыс-жанжал немесе ұжым мүшелері арасындағы пендешіліктің шылбырына байланған бәсеке емес, «сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызды» деген аттан ар-намысын қалай қорғап қаларына басы қатқан қызметкерлердің сары уайымы. Бірақ, олардың әрекетінен мемлекет бюджетіне бір тиын зиян келген жоқ еді. Мемлекеттік қызметтің атына ұят келердей, тұлғасын төмендетердей әдептен де асқан жоқ. Әйтсе де, сонда бұл уайым қайдан келді дейсіз ғой?
Облыстық прокуратураның мамандары өткен жылы жоспарлы тексеруден кейін «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасы заңының 12-бабы, 1-тармағының 4 және 5-тармақшаларына сүйеніп жасаған актісінде Мүлікті басқару бөлімінің бас маманы Сәуле Шоқанова мен Қаржылық қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Айнаш Жуаспаеваға «сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызды» деп тұжырып, департаменттің бастығы Шарапиден Тәжібаевқа оларды тәртіптік жауапкершілікке шақыруды ұсынды. Ал бұл нысанаға іліккен екі бас маманның «кінәсі» не еді?
Екі бас маманның, одан қалды департамент бастығының шақшадай басын шарадай еткен Денисов ауданындағы ұзындығы 0,36 шақырым, сонау өткен ғасырдың 50-ші жылдары төселген, тозығы жеткен темір жол тұйығы мен Қостанай қаласындағы «Еңбек» РМК балансында тұрған аумағы 218 шаршы метр ескі ғимарат болатын. Әлгі темір жол тұйығын бірнеше жыл бойы «Имановка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жалға алып отырған. Олардан өзге сұраушы болмағандықтан, шалғай аудандағы темір жол тұйығын пайдаланудағы еркін бәсекенің қағидаты бұзылған жоқ. 2011 жылдың 23 қарашасында аумағы 100 шаршы метрден асатын ғимараттар мен құрылымдарды жалға беруді тендерлік негізде өткізу керектігі жөнінде Үкіметтің қаулысы шықты. Ал содан бір жарым айдан аса уақыттан кейін, яғни 2012 жылдың 16 қаңтарында «Қостанай облыстық автомобиль жолдары» мемлекеттік мекемесінің балансындағы әлгі темір жол тұйығы тағы да «Имановка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жалға беріледі. Бұл жұмыстың орындалуын Қостанай облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің Қаржылық қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Айнаш Жуаспаева атқарады.
Мені прокуратура темір жол тұйығын тендер арқылы жалға бермедің деп кінәлайды. Рас, Үкімет қаулысы 2011 жылдың аяғында шықты. Бірақ қаулыны бір айдың ішінде жүзеге асыра қоярлықтай мүмкіндік болған жоқ. Себебі, 2012 жыл басталысымен біздің министрліктің жергілікті департаменттерін, аумақтық бөлімшелерін қайта құру жүріп жатты. Осыған байланысты Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінде қаржыландыру үдерісі кешікті. Екіншіден, жылдың басы болғандықтан бюджетке қаржы түсіру керектігі жөнінде бізге комитет тарапынан ауызша нұсқау да болды. Ең бастысы, мен бас маман ретінде істі атқардым, түпкілікті шешім қабылдау менің құзырыма жатпайды, дейді Айнаш Жуаспаева.
Енді бас маман Сәуле Шоқанованың «кінәсін» білейік. Ол 2012 жылдың 3 шілдесінде «MAN» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне Қостанай қаласындағы «Еңбек» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының балансындағы ескі ғимаратты жалға береді. Келісім-шартта оның тендер жеңімпазы анықталғанға дейінгі мерзімге берілгені көрсетілді. Сәуле Шоқанова да прокуратура тексерісінен кейін «сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасаған» болып шықты.
Қостанай қаласының шетінде, «Еңбек-Қостанай» РМК, яғни еңбекпен түзеу мекемесіне қарасты өндірістік ескі ғимараттың ішінде не канализациясы, не ауыз су құбыры жоқ, қаңсып тұрғандықтан оны жалға алуды көп жылдар бойы ешкім сұраған емес. Ниет білдіруші табылған соң, Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіндегілердің «бюджетке қаржы түсе берсін, тендерге дейін бере беріңдер» деген ауызша нұсқауынан кейін келісім-шарт жасағанмын. Тендер өткізуге ол кезде қаржы болған жоқ. Мен істі атқарушы ғанамын, түпкілікті шешімді шығару менің құзырымда емес, дейді Сәуле Шоқанова.
Үкімет қаулысы шыққаннан кейін осы екі нысанды тендер өткізбей тұрып жалға беру туралы шешім қабылдаған департамент бастығы Шарапиден Тәжібаев қарамағындағы екі бас маманды облыстық прокурордың орынбасары Д.Сыздықовтың ұсынысымен «тәртіптік жауапкершілікке» шақыра алмайтын еді. Өйткені, Қазақстан Республикасының мемлекеттік әкімшілік қызметшілеріне тәртіптік жаза қолдану ережесі бойынша бас мамандар Шоқанова мен Жуаспаева С-О-5 санатына жатады. Прокуратура олардың ісін «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңның 12-бабы, 1-тармағындағы 4- 5-тармақшаларына сәйкестендірді, яғни қос бас маман «шешімдер әзірлеу мен қабылдау кезінде заңды және жеке тұлғаларға заңсыз артықшылықтар көрсеткен», «кімге болса да табыс алуға байланысты кәсіпкерлік және өзге де қызметті жүзеге асыруда заңдарда көзделмеген кез келген жәрдем көрсеткен» болып шықты. Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылы 31 желтоқсандағы қаулысы бекіткен Мемлекеттік қызметшілерді әкімшілік тәртіпке шақыру ережесі бойынша С-О-5 санатына жататын мемлекеттік қызметшілер сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңдылықтарын бұзған жағдайда олардың мәселесі тек Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстардағы, Астана мен Алматы қалаларындағы тәртіптік кеңестерінде ғана қаралады. Осы заңнамаға сәйкес департаментте бас мамандар Шоқанова мен Жуаспаеваның ісін прокуратураның ұсынысы бойынша өзі қарауға Тәжібаевтың құқы болған жоқ, сондықтан ол істі Тәртіптік кеңеске жіберуге мәжбүр болды. Тәртіптік кеңес те Қазақстан Республикасы заңдарын басшылыққа алатыны бесенеден белгілі. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңның жоғарыда айтқан 12-бабы, 1-тармағының 4 және 5-тармақшаларына сәйкестендірілген прокурор тұжырымынан кейін Тәртіптік кеңес ұсынысы бойынша Шоқанова мен Жуаспаева жұмыстан шығарылып, қайтадан мемлекеттік қызметтің қарасын көрмеуі тиіс. Ал «сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасады» деген аттан қорғану, ар-намыс одан да күшті. Міне, өз ар-намысын қорғап шырылдаған, жас отбасында бірі бір бала, екіншісі үш бала тәрбиелеп отырған екі әйел қалалық сотқа жүгінді. Әділ сот Шоқанова мен Жуаспаеваның арыз-талабын қанағаттандырды.
Облыстық прокурордың орынбасары Д.Сыздықов «сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасаған» бас мамандар емес, оған қорытынды қол қойған департаменттің бастығы екен ғой» дегендей, облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бастығы Шарапиден Тәжібаевтың үстінен тәртіптік іс қозғау жөнінде қаулы шығарды. Заңдылықты қадағалау органы департаменттегі заңның орындалу үдерісін бұзушылықтың бір фактісіне осылай екі рет іс қозғап, шулатып, «бір тойда екі жар жоқтың» керін келтіреді. Тәжібаев сотқа жүгінгенмен, оның талап-арызы қанағаттанған жоқ. Оның ісі Тәртіптік кеңеске жіберілді. Прокуратураның темір жол тұйығы мен өндірістік ғимаратты тендерсіз бердің деп, істі «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңның 12-бабы, 1-тармағындағы 4-5-тармақшаларына сәйкестендіруін қарапайым түсінікке салған адам да құптамас еді. Бір нысанға таласар екі сұраныс болмаса, жалғыз кәсіпкер зорға табылып тұрғанда мемлекеттік қызметкер кімге қандай «артықшылық» жасай қоюы мүмкін? Қостанай жұмыс та, құрылыс та, өмір де қайнап жататын Астана, Алматы сияқты ірі орталық емес. Жергілікті жердің ерекшелігін облыстық прокуратура мамандары білмейді деуге де адам сенбейді. Ал прокуратураның «сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасады» деп жалаулатуына себеп болып отырған темір жол тұйығы тіпті айдалада жатыр.
«Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы заңының 6-бабында қоғам игілігі мен бәсекені дамытуды қамтамасыз ету үшін мемлекеттік мүлікті барынша тиімді пайдалану керектігі айтылған. Мемлекеттік мүліктерді жалға беріп отырған департамент мамандары осы заңда айтылған талаптарды өз жұмысына ұстаным етіп алған.
Денисов ауданындағы темір жол тұйығын сол атырапты көмірмен қамтамасыз етіп отырған «Имановка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1998 жылдан пайдаланып келеді. Біз оны 2010 жылдан бері келісім-шарт бойынша жалға беріп келдік, ол үшін жалға алушы айына 32 099,67 теңге төлеп отырды. Біз «Имановкаға» келісім-шарт бойынша темір жол тұйығын соңғы рет жалға берген он шақты айдың ішінде мемлекет бюджетіне 3 34 600 теңге қаржы түсті. Егер бұл нысанды кәсіпкерге жалға беруді жаңа мерзімге жалғастырмағанымызда бюджетке осы қаржының өзі түспес еді. Темір жол тұйығын тендерге қою үшін 2012 жылдың 22 қазанында «Имановкамен» келісім-шартты бұздық, дейді Шарапиден Тәжібаев.
Шалғайдағы ескі темір жол тұйығын біз жалға алғаннан ешкімге зиян келген жоқ еді. Мемлекетке салық, жалға алу ақысын төлеп тұрдық. Біз он бес жыл бойы осы тұйық арқылы аудан орталығын қосқанда төрт елді мекенге Екібастұздан көмір жеткізіп береміз. Тұйық ескі болғандықтан оған жөндеу жұмыстарын жүргізіп тұрдық. Келісім-шартты бұзған департаментте үш айдан бері жұмыс тоқтап тұр. Көмірдің ең соңғы тоннасын ауыл адамдарына желтоқсан айында артып бердік. Қазір бізде жұмыс істейтін жеті адам бос отыр. Келісім-шарт бұзылғалы темір жол тұйығы қараусыз қалған. Кеңсеміз осы жерге жақын болғандықтан оны біз күзетіп отырмыз. Әйтпесе, темірінен түк қалдырмай алып кетер еді, дейді «Имановка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сәлімжан Буханов.
Департаменттің бас маманы Сәуле Шоқанова тендер жеңімпазы анықталғанға дейін жалға беруге келісім-шарт жасаған «MAN» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де ғимарат үшін айына 47 770,12 теңге төлеп тұрған. Олардан келісім-шартты бұзғанға дейін бюджетке 2 64 822 теңге қаржы түскен. Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің кеш қаржыландырылуына хабарландыру, мемлекеттік сатып алу жұмыстарының созылуына байланысты тендер өткен жылдың қыркүйек және қараша айлары арасында кешігіп өтті. «Сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасаудың «құралына» айналған» екі нысан да тендерге қойылады. Бірақ тендер өткен жоқ, себебі, кәсіпкерлер мен кәсіпорындар тарапынан оларды алуға ниет білдірген жан болмады. Тіпті «MAN» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ішінде суы, құбыры жоқ қолайсыз ескі ғимаратты тендер өтпей тұрып-ақ тастап кетті.
Тендерге қатысу мүмкін емес. Өйткені, темір жол тұйығының жалға алу бағасын айына 1 миллион 200 мың теңге етіп қойыпты. Оның жартысынан көбін тендердің алдын ала төлеу керек. Өндірісті қала емес, ауылды жерде ондай миллиондаған теңге ақшаны қайдан аласың? Қисын да болуы керек қой. Көмір тасу қазаннан сәуір айына дейін жалғасатын науқандық жұмыс. Жергілікті жердің жағдайынан хабарсыз отырып, қағаз жүзінде тон пішу оңай, дейді Сәлімжан Буханов. Кәсіпкердің бұлай қынжылатындай жөні бар. Өйткені, аталған департамент мамандары нысанды тендерге қою үшін оны бұрынғыдай жабдық емес, құрылым деп қарап, оның көлемін қайта есептегенде осындай баға шыққан. Үкімет қаулысындағы айтылған талап бойынша ұзындығы 360 метр ғана болатын темір жол тұйығы тендерге қоюға жарамайды. Қысым осындай шараға апарған.
Ш.Тәжібаевтың ісін қараған Тәртіптік кеңес мүшелері де бұл істің қисынсыз екенін түсінгендей еді. Бірақ, жоғарыда айтқанымыздай, олар да заң шеңберінен шықпады. Сондықтан, көп жылдардан бері департаментті басқарып келе жатқан тәжірибелі басшы Ш.Тәжібаевты лауазымдық қызметінен босатуға ұсыныс жасалды. Тәжірибелі демекші, қаңтар айында облысқа Дариға Назарбаева бастап келген бір топ Мәжіліс депутаттарымен «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалында коррупцияға қарсы журналистік пул мүшелерінің кездесуінде Тәртіптік кеңес мүшесі Татьяна Шерстобитова сыбайлас жемқорлықпен күресте тым қатты кететін, асыра сілтеушілік тұстардың жиілегенін айтқан еді. Осы басқосуда облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов та мемлекеттік органдардан білікті мамандардың «ұшып» кететінін, лауазым иелерінің жұмыс барысында еркін шешім қабылдауға жалтақтық танытуы белең алып келе жатқанын тілге тиек етті.
Департамент бастығы Ш.Тәжібаев және екі бас маман С.Шоқанова мен А.Жуаспаева «Сыбайлас жемқорлыққа қолайлы жағдай жасады» деген аттан өздерін арашалап алуға арпалысып жатқанда, республикалық Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Э.Өтеповтің барлық департаменттер мен олардың филиалдарына жолдаған хаты Қостанай облыстық департаментіне де келді. Онда төраға мемлекеттік мүліктерді тиімді пайдалану және республика бюджетіне қаржы түсіру мақсатында тендер жеңімпазы анықталған мерзімге дейін жылжымайтын мүлікті жалға алушылармен келісім-шарт жасауға болатындығын айтқан. Сонымен қатар, Комитет ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізетінін, оның ішінде нысанды бір ғана өтініш берушіге тендер жеңімпазы анықталғанша жалға беру, сондай-ақ жылжымайтын мүлікті жалғыз пайдаланушыға тендерсіз беру керектігін де хабарлаған. Тәжібаев өзінің ісі қаралған Тәртіптік кеңесте де, сотта да мұны айтты. Бірақ құлақ асқан жан болмады.
Айтпақшы, осы мақала дайындалып жатқанда облыстық сот департаменттің бас мамандары Шоқанова мен Жуаспаеваның ісі бойынша облыстық прокуратураның аппеляциялық шағымын қанағаттандырмай, қалалық соттың шешімін сол күйінде қалдырды. Шешім қабылдау құзырында жоқ, тек атқарушы ғана бас мамандардың осынша соңына түскен облыстық прокуратураның «қырағылығын» қалай түсінуге болады? Бұрын келісім-шартпен бюджетке тиын-тебен түсіріп отырған әлгі екі өндірістік нысан қаңырап бос қалды, кәсіпкердің жұмысы тоқтады, адамдар жұмыссыз қалды, шалғай ауылдардағы ағайын қыстың көзі қырауда көмір іздеп сандалды, ар-намысын қорғаған мемлекеттік қызметшілер сергелдеңге түсті. Сонда ұтқан кім? Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте «жоспар қуған» облыстық прокуратура ма?
Заңды қолданудағы бірыңғай кемшіліктер мемлекеттік қызметшілерді осындай сарсаңға түсіріп отырғанын жасырудың қажеті жоқ. Әрине, заңның алдында бәріміз де бірдейміз, оған құрметіміз де күшті. Халқымыздың қазақы түсінігіне жүгінсек, қара қылды қақ жарған билер қолына бүктеп ұстаған қамшы әділдікті талап етудің белгісіндей еді. Әділдік барда тазалық бар. Бірақ қамшыламас бұрын, қасиетті қамшыны да дұрыс ұстар болар…
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.