Жабдықтар жаңарған, жағдай жасалған, енді талап та күшейеді
Бейсенбі, 14 ақпан 2013 7:45
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Біз құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің реформасын жалғастыруға тиіспіз. Онсыз біз тәртіпсіздікке мүлдем төзбеуді қалыптастыру және жемқорлықты түбірімен жою жөніндегі міндеттерді шеше алмаймыз. Соңғы үш жылда құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің бірқатар маңызды реформалары жүргізілді. Бұл – мемлекеттікті нығайтудың маңызды қадамы», деп қадап айтқаны белгілі.
Бейсенбі, 14 ақпан 2013 7:45
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Біз құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің реформасын жалғастыруға тиіспіз. Онсыз біз тәртіпсіздікке мүлдем төзбеуді қалыптастыру және жемқорлықты түбірімен жою жөніндегі міндеттерді шеше алмаймыз. Соңғы үш жылда құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің бірқатар маңызды реформалары жүргізілді. Бұл – мемлекеттікті нығайтудың маңызды қадамы», деп қадап айтқаны белгілі. Осыған байланысты құқық қорғау органдары жұмысының құқықтық базасы жақсартылды. Олардың атқаратын өзіндік функциялары нақты айқындалды. Қызметтің де қайталануы жойылды. Қылмысқа қатысты саясат ізгілендірілді. Сөйтіп, тәртіп одан әрі жақсара түссін деген ниетпен барлық құқықтық құрылымдардың қызметкерлері түгелдей аттестаттаудан өткізілді. 100 мыңнан астам адамнан 12,5 мың адам аттестаттаудан өтпей қалды және органдардан босатылды. Алайда, осыншама оңалту жұмыстары бірінен соң бірі жүргізілгенмен құқық қорғау органдарының жұмысында оң нәтиже аз.
Сондықтан да, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев құқық қорғау органдарының өткен жылғы жұмысын қорытындылаған және «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру міндеттеріне арналған кеңесте еліміздің құқық қорғау органдарының қызметін қатты сынға алды. Бас Прокурордың баяндамасына сай сол кезде талай былықтың көзі ашылып, кейбір сақшылардың халықтың құқын қорғаудағы шынайы бет-пердесі сыпырылды. Сол кеңесте олардың тәртібін тезге салу, жаңаша жұмыс істеу керектігі баса айтылды. Мемлекет басшысы құқық қорғау жүйесін жетілдіру, құқық тәртібі мен заңдылықтарды бекіту бойынша бірқатар тапсырмалар берген болатын. Осыған орай Елбасының құқық қорғау органдарының басшылық құрамымен өткізген кеңесте айтылған нақты тапсырмасына сәйкес кеше Премьер-Министр Серік Ахметов Ішкі істер министрлігіне келіп, полицияның осы орайда атқарып жатқан жұмысымен танысты.
Саптық алаңға ІІМ көрсетуге тұрарлық түрлі техникалары шығарылып, тізіліп қойылыпты. Олар осылайша полиция қылмыс атаулыға қарсы күресте нақты тойтарыс бере алуы үшін барлық амалды қарастырып жатқандығын, соған орай қылмыскерлермен күресудегі жаңа техникалардың мүмкіндіктері зор екенін паш етсе керек. Үкімет басшысы Серік Ахметов аталған ведомствоның криминалистикалық қызметінің ғылыми-техникалық жарақталуымен, оны дамытуға арналған жаңа ғылыми-техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуімен танысып, инженерлік-саперлік және байланыс кешендерінің, жедел жоспарлау орталығының, шағын жылдамдық өлшеуіштер мен борттық компьютерлері бар автопатрульдердің жұмыс және техникалық жағдайын білді. Сонымен қатар, Үкімет басшысы жылжымалы криминалистикалық зертхана ішін аралап көрді. Бұл жерде Үкімет басшысының назарына қылмыс жасалған орынды тексеруге арналған жорықтық шатырлар түрлері де ұсынылды.
Бұдан кейін Серік Ахметов жедел-криминалистикалық қызметтің геномдық және физикалық-химиялық зертханадағы заманауи құралдар мүмкіндігімен танысып, баллистикалық және трассологиялық зертханалар мен криминалистикалық полигонда болды. Жалпы, өткен 2012 жылы полицияның криминалистикалық қызметті жүзеге асыру бойынша бірқатар құзыреті кеңейтілгені мәлім. Соған орай ішкі істер органдарының криминалистері салыстырмалы түрде зерттеулер өндірісі құқығына ие болғандықтан, олар енді заттай дәлелдемелер тізбесіне енгізілген қорытындылар бере алады. Бұл ІІМ алдына алдын ала тергеу және жедел іздестіру іс-шараларын техникалық-криминалистикалық қамтамасыз ету деңгейі мен тиімділігін арттыру бойынша жаңа міндеттер қояды.
Одан әрі Премьер-Министр С.Ахметов жедел-криминалистикалық қызмет құрамындағы геномдық және физикалық-химиялық зертханада болды. Биологиялық, генетикалық зерттеулер жүргізетін зертхана биологиялық тізбе және ДНК-ның генетикалық талдауларын жасау бойынша кешенді аппаратты қоса есептегенде, соңғы үлгідегі жаңа құралдармен жабдықталған. Физикалық-химиялық зертхана химиялық құрамды сәйкестендіру және үлгілерді салыстырмалы зерттеу үшін материалдарға кешенді талдау жасауға мүмкіндік береді.
Полицияның криминалистикалық бөлімшелерін жарақтандыру үшін былтыр оқиға орнында жұмыс істейтін үш өлшемдік үлгісіндегі кешендер және іздестіру баллистикалық кешендері алынды. Одан басқа, ІІМ-де аумақтық бөлімшелердегі криминалистерді оқыту мен біліктілігін арттыру үшін арнайы база, қазіргі заманғы криминалистикалық полигон, қажетті криминалистикалық техникалар және әдістемелік құралдармен қамтылған оқу сыныптары құрылды.
Бұл орайда, ІІМ Ішкі әскерлерінің Бас қолбасшысы Руслан Жақсылықов бүгінде ішкі істер органдарының қызметі айтарлықтай жақсарып, Үкімет қолдауының арқасында жыл сайын ішкі әскердің материалдық-техникалық базасы нығайып келе жатқандығын айтты. Еліміздің қауіпсіздігі үшін қызмет ететін тиісті барлық құрылымдар қажетінше жарақтандырылған. Соның арқасында кейінгі арнайы жүргізілген операциялардың барлығы шығынсыз өтуде. Себебі, Үкімет басшысының назарына ұсынылғандай, әскери қызметшілер өз міндетін сапалы орындауға мүмкіндік беретін бүкіл қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ендеше, Ішкі істер министрлігінің жоғарыдағы кеңесте айтылған барлық кемшіліктерді жойып, халыққа талапқа сай қызмет көрсете алуына толық жағдай жасалған деуге негіз бар.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».