Қауіпті кеселден құтылу қадамы
Жұма, 22 ақпан 2013 7:23
Мемлекеттік органдардың нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған қызметін үйлестіру жөніндегі ведомствоаралық штабының отырысында есірткі ахуалы туралы жылдық есепті Денсаулық сақтау министрлігінің Нашақорлықтың медициналық-әлеуметтік проблемаларының республикалық ғылыми-практикалық орталығының сарапшысы О.Юсупов баян етті. Шын мәнінде мұны Еуроодақтың CADAP жобасының сарапшылары бірге әзірлеген болатын.
Жұма, 22 ақпан 2013 7:23
Мемлекеттік органдардың нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған қызметін үйлестіру жөніндегі ведомствоаралық штабының отырысында есірткі ахуалы туралы жылдық есепті Денсаулық сақтау министрлігінің Нашақорлықтың медициналық-әлеуметтік проблемаларының республикалық ғылыми-практикалық орталығының сарапшысы О.Юсупов баян етті. Шын мәнінде мұны Еуроодақтың CADAP жобасының сарапшылары бірге әзірлеген болатын.
Аталған отырысты ашқан Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың төрағалығымен елімізде нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2012-2016 жылдарға арналған салалық бағдарламасының іс-шаралар жоспарын іске асырудың бірқатар өзекті мәселелері қаралды. Ал Еуроодақтың CADAP жобасының сарапшылары ұсынған есепте 2011 жылғы есірткі ахуалына жасалған талдау және есірткі ахуалының даму үрдісі, аталған кезеңдегі Қазақстан Республикасының есірткіге қарсы қабылдаған іс-қимылдарының негізгі нәтижелері, жетістіктер, сондай-ақ орын алған кемшіліктер көрсетілді. Осылайша, есепте берілген мәліметтер мемлекеттік органдардың есірткіге қарсы саладағы қызмет бағыттарын түзету мақсатында бұдан әрі нақты жұмыс барысында пайдаланылатын болды.
Аталған отырыста Ауғанстан есірткі трафигі бойынша статистикалық деректерді қалыптастыру әдістемесінің мәселелері туралы, сондай-ақ БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы, Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы (ОАӨАҮО) сарапшыларымен жұмыс кездесуінің нәтижелері туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Ғ.Әмрин баяндады. Бұл орайда, ОАӨАҮО-нің басшылығы және Әзербайжан, Қырғызстан, Қазақстан, Ресей, Түркіменстан және Тәжікстан елдерінің өкілдері қатысқан аталған жұмыс кездесуінің шеңберінде «солтүстік маршрут» бойынша өтетін (Орталық Азия елдері, Қазақстан арқылы Ресейге және Еуропаға) ауған есірткі трафигінің көлемін бағалау бойынша негізгі методологиялық ұстанымдар талқыланды.
Осыған байланысты Ауғанстандағы есірткі өндірістеріне деген әлемдік экономикалық үрдістердің ықпалын, есірткі тұтыну құрылымының өзгерістерін ескере отырып, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бастамасы бойынша БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасына «солтүстік маршрут» бойынша өтетін ауған есірткі трафигіне мақсатты зерттеу жүргізу ұсынылды. «Бұл ретте есірткі тұтынушылардың және есірткі тұтынудың нақты саны бойынша отандық сарапшылардың бағалаулары, сондай-ақ халықаралық есірткі трафигіне қарсы іс-қимыл бойынша Орталық Азия елдері мен Ресейдің қосып отырған ұлттық үлестері ескерілуі қажет», – деп атап өтті баяндамашы. Сонымен қатар, опиаттарды тұтыну саласындағы мәліметтерді, есірткіге тәуелділердің нақты санын және Қазақстан Республикасының халықаралық есірткі трафигіне қарсы күрес жөніндегі жұмысын жетілдіру мақсатында Денсаулық сақтау мен Ішкі істер министрліктеріне еліміздегі бақылауға алынбаған есірткіге тәуелділердің санын, сондай-ақ бір есірткіге тәуелдінің бір жылда тұтынатын героинінің және апиынының мөлшерін анықтау кезінде түзету коэффициентіне қатысты сұрау салу жолданғанын айтты.
Қазіргі таңда Әділет министрлігі сот-сараптама бөліністері сараптамаларының 99 пайызы тек қылмыстық істі қозғау немесе сыныптау туралы мәселені шешу үшін қажетті белгілерді анықтаумен шектеледі. Демек, бұл жағдайда сараптама барысында алынған деректер заңсыз есірткілердің құрамын үнемі бақылауға мүмкіндік бермейді. Өйткені, бірқатар мәселелер зерттеуден тыс қалады және есірткінің түсу және сату арналары туралы болжамдарды тексеруде, сондай-ақ, республика аумағындағы есірткінің заңсыз рыногының құрылымын анықтауда есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі жедел-іздестіру бөліністерінің тиімділігін шектейді. Сондықтан, сот сараптамалары орталығының базасында есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың деректер банкін құру туралы мәселе бойынша бастама көтерілді. Ал бұл міндетті шешу үшін Әділет министрлігі Сот сараптамалары орталығының базасында заңсыз есірткілердің мамандандырылған деректер банкін құру қажет, деп атап көрсетті өз сөзінде Әділет министрлігінің Сот сараптамалары орталық институты директорының орынбасары Д.Аймақов. Бұл мақсаттарға республикалық бюджеттен Әділет министрлігіне 2014 жылға қаражат бөлу жоспарланыпты.
Одан әрі отырыста «Нашақорлыққа әлеуметтік мәндегі ауру мәртебесін берудің мақсатқа сай болуы туралы» мәселе қызу талқыланды. «Есірткі, психотроптық заттар, прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен теріс пайдаланылуына қарсы іс-қимыл шаралар туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 10 шілдедегі заңына сәйкес нашақорлық адамның дене және психикалық қызметіне ауыр зақымдануға соқтыратын есірткі құралдарына, психотроптық заттарға не болмаса олардың аналогтарына тәуелділікпен белгіленетін ауру болып табылады.
Ақысыз медициналық көмектің кепілдік көлемі тізбесінде есірткіге тәуелділерге тегін медициналық көмек көрсету көзделген. ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес комитеті төрағасының орынбасары Б. Бейсеев осы мәселе бойынша жасаған баяндамасында жоғарыда көрсетілген тегін медициналық көмек есірткіге тәуелдіге қажетті «Арнайы әлеуметтік қызметтер туралы» Заңда көзделген әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық және әлеуметтік-құқықтық қызметтерді қамтамасыз етпейтінін атап көрсетті.
Сөйтіп, отырыс нәтижесінде нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің салалық бағдарламасының іс-шаралар жоспарын іске асыру мақсатында бұдан әрі бірлесе шешімдер қабылдау үшін нашақорлықтың алдын алу бойынша қаралған өзекті мәселелер бойынша нақты ұсынымдар қабылданды.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».