Сұхбат • 25 Маусым, 2019

Бізді тарихтың сүрлеуі біріктіре түседі

481 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

(Моңғолияның тұңғыш президенті, академик Пунсалмаа ОЧИРБАТПЕН әңгіме)

Бізді тарихтың сүрлеуі біріктіре түседі

– Сіз халықаралық Түркі академиясы тарапынан ұйым­­дастырған Ұлы дала гума­ни­тарлық IV форумына арнайы қатыстыңыз. Осы ғылы­ми жиын мен бұл жолғы сапары­ңыз­дың мақсаты туралы айтып берсеңіз?

– Алдымен мұндай халық­аралық мәртебелі ғылыми бас­қосуға қатысқаныма қуаныш­тамын. Жиынды жоғары деңгейде ұйымдастырған және бізге қа­тысуға мүмкіндік туғызған ака­демияға рахмет айтқым келеді. Бүгінгі таңда аса бір маңызға ие болған гуманитарлық сала ға­лым­­дарының бағалы пікір­лерін өз аузынан естіп, жаңа­лық­­­тарға қанығып, ой-түйін жа­са­­ғаным тағылымды болды. Жа­һан­­дану кезеңінде қаржы, тех­­­но­­логия, сауда, тауар-ақша ай­­н­а­лы­мының шекарасы ұлғаю­мен бірге адамзаттың рухани көк­жиегі де бұрынғыдан кеңіп, мә­дени байланыстар жедел дамып, ұлт-ұлыстар бір-бірінің дәс­­түрін түсініп, сыйлау, осы құн­­ды­лық­тарды ынтымақта да­мы­туға бірлесіп жұмыс істеу қажет екен­дігіне ғалымдар ерекше назар аудар­ғандығы маңызды болады.

Менің бұл жолғы сапарым­ның мақсаты форумда қозғалған түрлі тақырыптар бойынша ер­кін пікір алмасу, сонымен бірге әлемге әйгілі ғалымдар, мемлекет қайраткерлерімен достық райда кездесу жасап, олармен бүкпесіз сұхбаттасу еді.

– Сізді өз еліңізде тау-кен са­ла­сында еңбек етіп, бай тә­жі­рибе жинаған маман екен­дігіңізді білеміз. Соны­мен бір­ге Қазақстан Респуб­ли­касы­ның Тұңғыш Президенті – Ел­басы Н.Ә.Назарбаев та болат балқытып, кен байытып шың­далған адам. Қазақ­стан мен Моң­ғолияның эконо­ми­­ка­лық байланыстарында әсіресе тау-кен, аграрлық сала­да ынты­мақтастықтың мүм­кіндік­тері зор деген болжам бар. Екі ел де түсті металл, уран, мұнай өнім­­­дері секілді кенге бай, осы қазы­­­наны қазып, өндіріске салып, бағалы өнім ету жөнінде де біршама іс-тәжірибе жинақтаған. Нақ­тырақ айтқанда, екі елдің осы саладағы байланыстарында ілгерілеушілік бар ма?

– Әлбетте, Моңғолия мен Қазақ­станда тау-кен өндірісі саласында бірлесіп атқара­тын жұмыстар мол. Әсіресе түсті металл, аса сирек кез­де­сетін кен элементтері, уран, мұнай, газ саласында Қазақ­стан­ның жинақтаған мол тәжіри­бе­сіне сүйеніп, бірлескен мүмкін­дік­терді дамытуға жақсы жағдай, тіп­ті қажеттілік бар деуге болады. Уран өндіру технология­сы саласында Қазақстан әлемде ал­дыңғы орындарға шығып, на­рықта сан-салалы қызмет ат­қарып жатқандығын көзіммен көріп, арнайы танысқанмын. Шы­нымен елдеріңіздің биік белестерді бағындырғанына таңданып, сүйсінген едім.

Біздің Моңғолияда да осындай деңгейге жетуге мүмкіндіктері бар. Өкініштісі, біз уақытты босқа созып, текке өткізіп, бағыты­мыз­ды белгілеп айқындай алмай, соның кесірінен шұғыл жұмыс істей алмай келеміз. Біздің екі ел бұл салада болашақта нәтижеге жетеді деп сенемін.

Ең алдымен радиоактивті өнім­дерді өндіру саласы мамандарын дайындау жұмысы басталғаны орынды секілді. Бұл өндіріс саласында біртін­деп ортақ жұмыс істеуге негіз қалайды.

Моңғолияның Ядро энергиясы комиссиясы мен Қазақстан Рес­пуб­ликасының Энергетика министр­лігі радиоактивті кен өнімдері мен атом энергиясы тех­нологиясы сала­сында ын­ты­мақ­тастық туралы меморандум бекітуге келісті.

– Ежелден тұрмыс-тірші­лігі, салт-дәстүрі желілес, тарлан тарихтың бедерінде та­мыр­­­­лас өмір сүрген қазақ пен моң­­ғол халқының дос­тық қа­ты­­­на­сының негізгі тірегі, ал­­тын арқауы көшпелі­лер­­дің тең­дессіз мәдени бай мұрасы екені анық. Қазақ­стан Рес­пуб­ликасының Тұң­ғыш Прези­денті – Елбасы Н.Ә.Назар­баевтың «Ұлы дала­ның жеті қыры» деген бағдар­ламалық мақаласында дала халық­тары­ның өркениеті, рухани бай­лығы, мәдени мұра­сын қор­ғау, жас ұрпаққа жалғас­ты­ру, насихаттау туралы тұ­жы­­рым­ды ойлар айтылған, осы мақала моңғол тілінде жа­рия­ланып, газет арқылы оқыр­ман қауымға жеткен еді. Осы жөнінде ой-пікіріңізді білсек?

– Назарбаевтың «Ұлы дала­ның жеті қыры» атты мақаласын оқып танысқаным бар. Бұл – аса қызықты, сонымен бірге тағылымды дүние. Ұлы даланың жеті кереметін зерт­теу, жаңғыр­ту бағытында Моң­ғолия ғылым академиясы мен халықаралық Түркі академиясы арасында сан-салалы ортақ бағдарламалар арқылы тікелей жұмыс істеуге болатындығы бай­қалады. Бұл орайда көш­пен­ділердің таби­ғи, рухани бай­лықтарын қазіргі заманның жасанды мәдениетімен салыс­тырып зерттеу, жаһандану зама­нында ұлттық мәдениет пен дәс­түрді болашақ ұрпаққа үйрету, адамзат өркениетіне көшпен­ділерд­ің қосқан үлесін шынайы ай­қын­дау өзекті де қажетті мәселе.

– Ұлы дала гуманитарлық IV форумының секциялық мә­­жі­­лістерінде Жошы хан не­­гізін қалаған Алтын орда мем­лекетінің 750 жылдығы, қол­басшы Хайду шақырған әйгілі Талас құрылтайының 750 жылдығы арнайы талқы­ланды. Алқалы жиынға қа­тыс­қан Моңғолия делегация­сы Жезқазған өңіріндегі Ала­ша хан, Жошы хан кесенесіне ба­ра­тынынан хабардар бол­­дық. Осы туралы айта кетсеңіз?

– Шыңғыс ханның тұңғышы Жошы негізін қалаған Алтын Орда тағына Бату хан мен оның немересі Мәңгутемір ұрпақтары мирасқорлық етті. Менің ойымша, бұл 750 жылдық той – 1269 жылы Мәңгутемірді ақ киізге көтеріп хан еткен салтанатқа бай­ланысты мерейтой. Осы мер­зімді және Алтын Орда хандары туралы пікірталастарды ғы­лы­ми тұрғыдан шынайы зерттеп анықтаған абзал.

Біздің моңғолдар қай жерде жүрсе де өз ата-бабаларының аруа­­ғына тағзым етіп жүретін әде­ті бар. Әлбетте, форумға кел­­­ген Моң­ғолия өкілдері Жошы хан­­ның ке­сене­сіне барғысы келе­ді. Біздің осы ниетімізді құр­мет­­теп, мүмкіндік тудырған ха­лық­ара­лық Түркі академиясына ал­ғы­сымыз шексіз.

Алтын Орда мемлекетінің орыс тарихымен де байланысатын тұстары бар екенін бүкіл әлем біледі. Моңғол қағандары мен нояндарының өзара қай­шы­лықты бір тарихының көрінісіне айналған Хайду қолбасшы ша­қырған Талас құрылтайының 750 жылдығы да сарапталды, бұл да қызықты тақырып.

– Қазақстанның Арқада бой көтерген жаңа астанасына 21 жыл толды. Ежелгі рухани астана Түркістанды жаң­ғыр­ту мақсатында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жарлы­ғымен арнайы Түркістан облысы да құрылды. Сіздерде ежелгі астана Қарақорымды қайтадан елорда ету мәселесі арагідік айтылып қалады. Бұл туралы ойыңызды айта кетсеңіз?

– Әлбетте, Моңғолия астанасын Қарақорымға көшіру туралы ойлар айтылып келеді. Менің ойымша бұл – моңғол хал­қы­ның болашақта атқаруға тиісті мін­детті шаруасының бірі. Байыр­ғы заманда Қарақорым әлем­нің ас­танасына айналып, абат­танып өр­кен жайып, Батыс пен Шығыс­тың жол торабының тоғысына ай­нал­ғандығы туралы деректер көп.

Қазақстан халқы астанасын Азия құрлығындағы Ұлы да­ланың белор­тасына орнатқаны – бізге да жақ­сы үлгі. Мен осымен елордалары­ңыз­ға екінші мәрте келдім. Бұл ғажа­­йып қала күннен-күнге, жылдан-жыл­ға қарқынды өркен жайып, сәу­­лет өнерінің тамаша үлгілерімен за­манауи қала салудың озық дәстүрін бір-біріне тығыз үйлестіріп, сымбатымен көздің жауын алатын сырлы шаһарға айналды. Бұл – ертегідей керемет, оның негізін қалаушы, өз қолымен орнатушы – көшбасшы, менің досым, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев. Астана – оның көре­ген даналығы мен қайсар табан­дылығының көрінісі.

 

Әңгімелескен Ақеділ ТОЙШАНҰЛЫ,

арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін