Аймақтар • 25 Маусым, 2019

Түлен түрткен түс

554 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінде көрнекті ақын Олжас Сүлейменовтің әлеуметтік желі туралы айтқаны бірталай ойға азық болып жүр. Ақын кезінде мықты қаламгерлердің жазған-сызғаны газет-журналдарға шықса, оған деңгейі жетпегендер қабырға газетіне жариялайтынын алға тартыпты.

Түлен түрткен түс

Ал жазғысы келетін, бірақ құдай бір түйір талант берме­гендер іштегі запыранын шы­ғару үшін әжетхана қа­быр­ға­сын шималайды екен. Бүгінде сол «жазғыштардың» әлеу­мет­тік же­ліні жаулап алға­нына қын­жы­лады ақын.

Даңқы өз республикамыздан асқан, бірталай мемлекеттер тұтынып отырған «Аралтұз» жайындағы дақпырт әлеуметтік желі арқылы жұртшылықты бір сілкіндіргені белгілі. Оған себеп, Байқоңыр тұрғынының WhatsApp әлеуметтік жүйесі ар­қылы жариялаған видео мәтіні. Ол «қытай инвесторлары «Арал­тұз» АҚ-ын сатып алды. Енді қы­тайлықтар тұзға улы химикат­тар қосып, жүз жылда қазақ халқының тұқымын тұздай құр­тады» деп «жанайқайын» салады.

Онсыз да Қытай десе үркек­теп жүрген халық мынадай мә­лімдемеден кейін қалай жайына қарап жатады. Белсенділері аттанға ойбай қосып жұртты дүр­ліктіреді.

Осыған байланысты Қызыл­орда қаласында Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте «Аралтұз» АҚ вице-президенті Нағашыбай Әуез­ханов өнім сапасы туралы айтып, Байқоңыр қаласы тұрғынының «Аралтұз» кәсіпорнын қытайлық инвесторлар сатып алып, кә­сіп­орын өніміне улы заттар қо­сады екен делінген қауесетті жоққа шығарды. Брифингке «Аралтұз» АҚ вице-президенті Нағашыбай Әуезханов, облыстық индустриалды-инновациялық да­му басқармасы басшысының м.а. Жанар Берденова және Қы­зыл­орда облысы полиция де­пар­таменті бастығының орынбасары Байгелді Байжан қатысты.

– «Аралтұз» – Қазақстан мен басқа да бірқатар елдерді өз өнімдерімен қамтамасыз ете­тін бірегей кәсіпорын. Қазір кәсіп­орында 1200-ден астам адам жұмыс істейді. Тұзды таза­лау және өңдеу бойынша барлық жұмыстар талаптарға сай жүр­гізіледі. Бізде өнімнің сапасын ба­қылауға арналған арнайы зертхана бар, сондықтан, біздің тұз жоғары сапалы деп сеніммен айта аламын, – деді «Аралтұз» АҚ вице-президенті Нағашыбай Әуез­ханов.

Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының орын­басары Байгелді Байжан бей­неүндеудің авторы өз әрекетін мойындағанын және бейнежазба жариялауға оның көрген түсі негіз болғанын айтты.

Оның мәлімдеуінше, жалған ақпаратты таратқан азамат ұс­тал­ған. Сөйтсе ол жазған түс көрген, түсінде жаман іс көр­ген екен. Көрген түсі мазасын ала бергеннен кейін ха­­лық­ты құтқармақ ниетте ойын әлеу­меттік желіде айтып жі­бер­ген. Әрине, жалған ақпа­рат бергеніне өкінеді, ке­шірім сұ­райды. Бірақ медаль­дің екі бе­ті бары секілді, қалың елді дүрліктіру тек кешірім сұраумен бітпесе керек. Егер әркім сол жам­басымен жатып жайсыз түс көріп, оны жаһанға жар салып жариялайтын болса обалы кімге?! Бүгінде әртүрлі жағ­дайлар ти­ты­ғына жетіп, сірің­ке тартса қу­рай­дай лап етуге дайын топтар бар. Қит етсе елді ереуілге бас­тауға дайын, мемлекеттің ірге­сін шайқау­ға әбден бекінген қар­сы күш­тер де бар. Мұндай жағ­дай­лар олардың қолайына жаға­тындығы сөзсіз.

Бүгінде түс көріп, жалған ақ­паратты таратқан азамат қыл­мыстық жауапкершілікке тартылды. Осындай даурықпаға құ­мар жандарға сабақ болса, қанеки.

 

Қызылорда облысы