Қоғам • 25 Маусым, 2019

Жан дүниемізді кірлетпейік

1459 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мен барымды бағалап, шүкір етуші жандар қатарынанмын. Бірақ кейде адам баласына деннің саулығы, отбасының амандығы, тіпті ақшаның көптігі де аздық етеді. Оқып отырып, онысы несі дерсіздер... Алайда, күйбең тіршілікте арпалысқан күндер көпшілікке жанның рахатын, рухани азықты бере алмай жатады. Жанның азығын іздемейтіндер де болатын шығар. Білмеймін, өз басым жан тазылығы рухани азықтан және қоршаған орта тазалығынан деп түсінемін.

Жан дүниемізді кірлетпейік

Тура ертегі кейіпкерлеріндей өмір сүргім келеді кейде. Се­бебі әділдік бар онда. Ақ пен қара­ның арпалысына, жақсы мен жаманның текедей тірескен тартысына құрылған мына өмірде арына жүгінетін жандардың көп болғанын қалаймын. Онда адамға болсын, табиғатқа болсын жасаған қиянаты үшін кейіп­кер жазаланады. Соңында қате­сін түсініп, сабақ алып, нағыз адам­ға айналады емес пе? Онда жақ­сылық – жақсының жаршысы.

Ал жақсы болу үшін не істеу керек? Осы мен қандай адаммын? Кейінгі оқыған дүниелерімнің көзқарасымен қарасам, жақсы болудан әлдеқайда алыспын. Себебі жақсы сөзінің мағынасы өте ауқымды. Сондықтан бүгінгі сананы қаражат билеген нарық заманында игі жақсылар көп болса екен деген ақ тілегімнің барын жасырмаймын. Жүрегінде имандылық, жанында тазалық, тіле­гінде ақтық, әрекетінде шы­найылық, көзінде мейірім, алақанында жылылық бар адам­­дар көп болса, мына әлем қаты­гездің қарекетінен, ұрының әрекетінен, суайттың өтірігінен, арсыздың арамдығынан, әділет­сіздіктің бұғауынан, табиғат құндылықтарын бағаламайтын ысырапшылдардан тазарар еді....

Көпшіліктің көзқарасы мені­мен үндес келмей қалатынына көзім жетіп келеді. Себебі «за­маның түлкі болса, тазы боп шалдың» әрекетін ұстанатындар баршылық. Алайда менің таби­ғатым ондай мінезді құптамайды, жаным қаламайды. Егер ондай әрекет орын алатын болса, өз-өзімді жегідей жеп, руха­ни аштық пайда болады. Жандү­нием кірлегендей сезіне­мін өзімді. Негізі, біз, адамдар, та­биғаттың байлығын ешқа­шан сарқылмайтын қазына ре­тінде түсінсек те, оның ластанып жат­қанына назар аудара қой­масақ та, өз қажеттілігіміздің кірлегенін бірден аңғарамыз. Алайда киім, көлік, үй кірленсе, сумен жуып алуға мүмкіндік бар. Бірақ ол судың өзінің тазалығына қазір күмәнмен қараймын. Ал егер адамдардың ішкі дүниесінің «кірі» осылай бірден көрінетін болса, қалай болар еді? Біз, адамдар, жандүниемізді қалай тазартамыз? Қалай жуамыз?

Ал мен өз-өзімнен есеп алу арқылы «жуамын». Кінәні өзге­ден емес, өзімнен іздеуді бастаймын. Мүмкін, сөзімді түзеуім керек шығар, бәлкім, әрекетім дұрыс болмады ма? Осы кезде: «Сөзіңді түзе, мінезіңе айна­лады, ал мінезің – сенің тағдырың» деген аталы сөз ойыма оралады. «...Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқамен оздым деу – ақымақтық», деген Абай­дай ғұламаның сөзін арқау етемін үнемі. Қатарластарымның бойына да осы қағидаларды сіңіруге тырысып келемін. Себебі қа­зіргі кезде оқыған білімнен гөрі жүрекке тоқыған білім маңыз­дырақ көрінеді маған. Жан таза­лығына қолдың, құлақтың, тілдің, ойдың, жүректің, қор­ша­ған орта­ның тазалығы алып ба­ратынына еш күмән келтір­меймін.

Қазір адамдар бір-біріне: «За­ман өзгерді ме, әлде адам өз­герді ме?» деген сұрақты көп қояды. Заман өзгеретіндей күн­нің орнына түн келіп жарық пен қараңғы ауысып жатқан жоқ қой. Ендеше адам да, заман да өзгерген жоқ. Өзгерген тек адамның пейілі мен пиғылы ғана.

Адам баласына да жан тазалы­ғы үшін рухани азық аса қажет. Обал, сауап, ұят деп аталатын биік құндылықтар адамның қоржыны болуы керек деп есептеймін. Адам­ның табиғаты сонысымен ерек. Табиғаттың тазалығы адам­ның жандүниесінің таза­лығымен ұштасып жатыр десек, еш қателеспейтініміз анық. Тазалықты өзімізден бастайық, ендеше. Ең бастысы, көңілімізді, жандүниемізді кірлетпейік.

 

Мәдина БЕКСЕЙІТ,

 «Ж.Ақылбаев атындағы эксперименталдық мектеп- гимназия» КММ-нің түлегі

 Қарағанды облысы,

Шет ауданы,

Ақсу-Аюлы ауылы