Аймақтар • 25 Маусым, 2019

Ашықтықтың артықшылығы көп

481 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазмедиа орталығында жергілікті атқарушы органдардың ашықтығын қамтамасыз ету мәселелері талқыланған республикалық семинар-кеңес өтті.

Ашықтықтың артықшылығы көп

Алқалы жиынға Нұр-Сұл­тан, Алматы және Шымкент қала­лары, облыстар әкімдік­терінің, сондай-ақ үкімет­тік емес ұйымдар, ІТ-компа­ния­лар мен бұқаралық ақпарат құ­рал­дарының өкілдері қа­тысты.

Алдымен Ақпарат және қо­ғамдық даму министрі Дәу­рен Абаев сөз алып, бұл семинар-кеңес мемле­кет­тік органдардың ашық­ты­ғына және билік пен қо­ғам арасындағы диалогты нығайтуға арналғанын айтты. Министр жақында өткен Азаматтық форумда еліміздің Тұңғыш Президенті халықпен кері байланыс орнатудың жа­ңа форматтарын іздестіруді тапсырғанын еске салып, бұл бағытта тиімді жұмыс іс­теу үшін білікті сарапшы­ларды, азаматтық қоғам мен БАҚ өкілдерін барынша жұ­мылдыру керектігін атап өтті.

– Кері байланысты кү­шей­туде біз бағдарлайтын үш постулат – барынша қам­ту, ашықтық және жедел әрекет ету. Бүгінде еліміз­дің өңірлерінде осы бағыт­та нәтижелі жұмыстар атқа­ры­лып, оң тәжірибелер жинақ­талды. Бұл ретте open akimat, Ikomek, «Халықтық бақылау» және тағы бірқатар жобаны атауға болады. Бұларды іске асыруға халықтың жаппай гаджет қолдануы, интернет аясының кеңеюі, барлық салалардың цифрлануы септігін тигізді. Қазір әрбір облыс әкімдігінің әлеуметтік желілерде парақшалары бар, онда адамдар өздерінің талап-тілектерін қалдырады. Әрине, ашықтық пен жеделдіктің әр аймақта көрсеткіші әртүрлі, дегенмен барлық өңір осы жұмыстың маңыздылығын түсініп, оның тиімділігін арттыруды көздейді. Жалпы, мұндай тәжірибе әлеуметтік шиеленісті өршітпеуге әжеп­тәуір ықпал ететінін мойын­дамасқа лажың жоқ. Сон­дықтан бұл жиынның сессия­ларының бірін ІТ-техно­логияларды қолдану тақы­рыбына арнадық, – деді Д.Абаев.

Бұған қоса министр ақпа­ратқа қолжетімділік туралы заңды іске асыру туралы сөз қозғады. Оның айтуынша, бұл тек мемлекеттік органдар мен компанияларды ғана емес, бюджет қаражатын алатын барлық квазимемлекеттік сектор мен жеке ұйымдарды қамтиды. Сондай-ақ БАҚ туралы заңда алғаш рет баспасөз хатшыларының мәртебесі көр­сетіліпті және олардың дең­гейін департамент директорына дейін көтеру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр екен.

Республикалық семинар-кеңес 4 бағыт бойынша панельдік сессияларға бө­лін­ді. Оның алғашқысы «БАҚ халықтан кері байланыс алу арнасы ретінде» деп аталды. Бұл бөлімнің модерато­ры «Internews Kazahstan» ұйы­мының заңгері Ольга Диденко болды. Ол сөз бостандығы жайында жан-жақты пікірін білдіріп, ақпарат еркіндігі туралы заң қабылдаған елдердің қатары жыл сайын артқанын нақты деректермен көрсетті. Заңгер бүгінде әлем халқының тең жартысы интернет пайдаланатынына тоқталып, соған сәйкес медиа-контентке қолжетімділік те кеңейгенін айтты.

Ал Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калай­чиди еліміздегі ең үлкен құқық қорғау органында үлкен реформа жүріп жат­қанын, соның ішінде қо­ғаммен, БАҚ-пен байланысты нығайтатын жаңа форматтар қарастырылып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, бұрын өзара қарым-қатынас тек бас­пасөз хатшыларының мә­лім­демесімен шектелсе, бүгін­де басшылардың өздері каби­неттерінен шығып, халық­пен бетпе-бет кездесіп жатыр. Соның бір көрінісі – «Жолда қабылдау» акция­сы. Осы іс-шара арқылы азаматтар айыппұлдарға, жүргізуші құқына, көші-қон заңнамасына қатысты сұрақтарын қойып, оған тұ­шымды жауап ала алған. Жал­пы жылына 17 млн мемле­кеттік қызмет көрсетіліпті. Сон­дай-ақ министрліктің ак­каунтына 650 мың адам жа­зылған екен.

Сонымен қатар «Оңтүстік астана» ТРК» АҚ бас директоры Болат Қальянбеков күніне интернетке халықтың 67%-ы кірсе, 72%-ы теледидар қарайтынын атап, мұ­ны­мен әлеуметтік желілермен салыстырғанда БАҚ әлі де әлеуетті екенін мәлімдеді. Сөйтіп өздері қолға алған «Әкіммен ашық әңгіме» жобасы сәтті болғанын, халықпен байланысты күшейткенін айтып берді. Мәселен, осы жобаға жергілікті жұрт ерекше ықылас танытып, телеарна сайты және WhatsApp желісі арқылы әкімге мазалаған сұ­рақтарын тікелей жолдаған. Нәтижесінде телеарнаның рейтингі жоғарылап, сайтына кірген адамдардың саны да күрт өсіпті.

Сондай-ақ бұл келелі кеңестің екінші сессиясы ЖАО-ның азаматтармен өзара іс-қимыл құралдарын қалыптастыру кезінде ерекше қажеттілігі бар адамдардың мұқтаждықтарын ескеруге арналды. Ал үшінші бөлімінде кері байланыста заманауи ақпараттық технологияларды қолдану жөні талқыланса, соңынан мемлекеттік қызмет көрсетулерді жетілдіру те­тіктері егжей-тегжейлі баяндал­ды.