Ниет түзелмей, іс оңалмайды
Сенбі, 23 ақпан 2013 7:25
Ауырмайтын адам жоқ. Бірақ, басы ауырып, балтыры сыздаған жан біздің елімізде дәрігер қызметіне жүгінетін болса, ажал табуы да ғажап емес көрінеді. Батыс Қазақстан облысында бірнеше күн бойына көмектесіңдерші деп шырылдаған әйел ақыры дәрігерлер қолына тиісімен о дүниелік болыпты. Степногор қаласының орталық ауруханасында дұрыс ота жасалмағандықтан бір адам қан кетіп қайтыс болды. Дұрыс қажетті екпе жасалмағандықтан біреулер мүгедек болып қалған. Айта берсе тірі адамның жон арқасы шымырлайтын мұндай деректер өте көп. Және бұл ұзынқұлақтан жеткен әңгіме емес, бұл туралы А.Дауылбаевтың төрағалығымен өткен Бас прокуратураның кеңейтілген алқа мәжілісінде айтылды.
Сенбі, 23 ақпан 2013 7:25
Ауырмайтын адам жоқ. Бірақ, басы ауырып, балтыры сыздаған жан біздің елімізде дәрігер қызметіне жүгінетін болса, ажал табуы да ғажап емес көрінеді. Батыс Қазақстан облысында бірнеше күн бойына көмектесіңдерші деп шырылдаған әйел ақыры дәрігерлер қолына тиісімен о дүниелік болыпты. Степногор қаласының орталық ауруханасында дұрыс ота жасалмағандықтан бір адам қан кетіп қайтыс болды. Дұрыс қажетті екпе жасалмағандықтан біреулер мүгедек болып қалған. Айта берсе тірі адамның жон арқасы шымырлайтын мұндай деректер өте көп. Және бұл ұзынқұлақтан жеткен әңгіме емес, бұл туралы А.Дауылбаевтың төрағалығымен өткен Бас прокуратураның кеңейтілген алқа мәжілісінде айтылды.
Расында, қазір дәрігердің алдына барудан сау адам түгіл, ауру адамның өзі қорқады. Неге десеңіз, емделемін немесе денсаулығымды қаратамын деген адам күтпеген бір жайға ұшырауы әбден мүмкін. Мұның барлығы дәрігерлердің салақтығынан, міндетіне атүсті қарағандықтан дейді прокурорлар. Ал біздің елімізде бірқатар дәрігерлердің сауатсыздығынан, біліксіздігінен өткен жылдары қаншама қайғылы оқиғалар орын алғанын әлі ешкім ұмыта қоймаған шығар. Демек, дәрігердің қателесуі мүлде кешірілмес қылмыс. Ендеше қателескен немесе міндетін дұрыс атқармаған дәрігер немесе санитарлар ауыр жазаға тартылуы тиіс. Әйтпесе адам өмірімен ойнайтын опасыздар шыға береді. Гиппократ антына адал еместерді опасыздар демегенде не дейсіз? Ал елімізде ақ желеңді абзал жандар үшін халыққа түрлі медициналық көмек көрсету үшін барлық жағдай жасалып жатыр.
Мәселен, соның бірі, алқа мәжілісінде аталып өткендей, кейінгі бес жылда тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің аясында медициналық жәрдемді мемлекеттік қаржыландыру екі жарым есеге жуық – 2008 жылғы 227 млрд. теңгеден 2012 жылы 541 млрд. теңгеге дейін артқан. Бірақ, мемлекеттің осындай айтарлықтай қаржылық көмегіне қарамастан, көрсетілетін медициналық көмектің сапасы бұрынғыдай төмен деңгейде қалып отыр, азаматтардың тиісті медициналық жәрдем алу құқықтары жаппай бұзылуда. Ал бұл жабулы күйінде жауып қоятын жай мәселе емес. Бұған жауап беруге тиісті адамдар қандай да болмасын бір шараға тартылуы керек.
Өйткені, прокурорлық тексерулер барысында тегін медициналық қызмет үшін заңсыз ақы алу, ауруларды дәрі-дәрмек құралдарымен қамтамасыз етпеу, дәрі-дәрмек құралдарын және медициналық техниканы сатып алу барысында құқық бұзушылықтарға жол беру, бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану және ұрлау, қажетті медициналық қондырғылардың бос тұру деректері анықталған. Ал бұл заңды бұзу ғой, заңды бұзған адамдар жазалануы тиіс. Сонымен қатар, дәрігерлердің дөрекі қателіктері мен кешірілмес немқұрайдылықтары науқастардың денсаулықтарына айтарлықтай нұқсан келтіріп, тіпті кейде олардың өліміне алып келген жағдайлар анықталды. Міне, мұндай деректерді біз ауадан қармап алып отырғанымыз жоқ, бұл еліміздегі бірден-бір заңдылықтың сақталуын жете қадағалайтын Бас прокуратураның нақты тексерісінен кейінгі анықталған жайлар. Сондықтан да кейінгі бес жылда сапасыз медициналық көмек көрсету деректері бойынша 352 қылмыстық іс қозғалды. Осы анықталған заң бұзушылықтарды жою, азаматтардың сапалы дәрігерлік көмек алу құқықтарын қамтамасыз ету бойынша ведомство қабылдап отырған шаралар туралы Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова баян етті.
Прокурорлар қалыптасқан жағдайдың басты себебі денсаулық сақтау басқармалары мен ведомсвтолық бағынысты медициналық ұйымдардың лауазымды тұлғаларының өздеріне жүктелген міндеттерді тиісінше орындамауында дейді. Салалық министрліктің жергілікті денсаулық сақтау басқармаларына әсер етудің тиімді тетіктерінің болмауы да жағдайды шиеленістіре түседі. Осындай келеңсіздіктерді тексерулер қорытындылары бойынша прокурорлар заңдылықтың бұзылуын жою туралы 326 ұсыныс енгізді, 933 тұлға тәртіптік, 347 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 4310 азаматтың конституциялық құқықтары қорғалды. 103 634 724 теңге сомасындағы шығынның орны толтырылды. Бірақ мұндай шаралармен жалпы жағдайдың түзелгені шамалы.
Мәселен, біздің елімізде балалар құқығы бұзылатындығы қазір ғана ашылып отырған мәселе емес. Дегенмен, жоғарыда айтқанымыздай, бұған құзырлы орган – прокуратураның арнайы назар аударуы ендігі жерде жетімдерді жылатқандардың жазаланатындығына сенім ұялатады. Өйткені, жетім балаларға арналған мекемелерде прокуратура органдары жүргізген тексерулер балалардың құқықтарын айтарлықтай бұзуға алып келген жүйелі проблемаларды анықтап берді.
Бүгінде балаларға деген қаталдық және оларға күш көрсету де өзекті мәселеге айналды. Ал мұны анықтайтындар үшін оларға кедергі ретінде осы мекемелердің жабықтығы әсерін тигізіп отырған көрінеді. Жетімдердің тұрғын үй құқықтарын жаппай бұзу да түйткілді мәселе болып табылады, бүгінде сегіз мыңнан астам бала кезекте тұр. Сондықтан аталған мәселенің өткірлігін ескере отырып, Бас прокуратура мұқтаж жетім балаларға мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға бірінші кезекте құқық беретін заң жобасын әзірлеу туралы бастама көтерді. Өйткені, расы керек, көптеген мекемелерде балаларға өмір сүрудің қарапайым жағдайлары жасалмайды, олар заңмен кепілдендірілген жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдерді мүлде көрмейді.
Осыған байланысты, алқада айтылғандай, жергілікті атқарушы органдарға жетімдерге бекітілген баспананы сақтаудың, балалардың мүліктік және тұрғын-үй құқықтарын қорғау бойынша шаралар қабылдамағандары үшін лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін белгілеудің тетіктерін әзірлеу ұсынылды. Сондай-ақ, балалардың әлеуметтік көмек және әлеуметтік қызметтер алу құқықтарының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ету, оларды қамтамасыз етуге бөлінетін бюджет қаражатының жұмсалуына бақылауды күшейту тапсырылды.
Мұндай жағдайда, ең алдымен, балалармен жұмыс талаптарына сәйкес оқыту-тәрбиелеу саласындағы мамандарды іріктеудің жолдарын қайта қарау қажет. Сондықтан Білім және ғылым министрлігіне балалар үйлеріндегі тәрбиеленушілердің қауіпсіздігін және күш көрсетуді болдырмаудың, осындай әрбір деректер бойынша жедел ақпараттандыру және зардап шеккен балаларды одан әрі оңалту тетіктерін қарастыра отырып, тиімді заңнамалық және ұйымдастырушылық шараларды дайындау ұсынылды. Медициналық қызмет көрсету сапасы үшін жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыру мақсатында жергілікті әкімдердің қызметін бағалау рейтингіне азаматтардың денсаулығын қорғау құқығы және денсаулық сақтау саласындағы заңдылықтың жай-күйі дәрежесін енгізу туралы мәселені зерттеу мақсатқа сай деп танылды.
Сол сияқты облыс прокурорларына азаматтардың денсаулығын сақтаудың конституциялық құқықтарын және тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін қамтамасыз ету тапсырылды. Денсаулық сақтау министрлігіне көрсетілген медициналық көмек сапасы мен көлеміне және көрсетілген қызметтің ақысына бақылау жүргізу ережесін әзірлеуді жеделдету ұсынылды. Сөйтіп, Премьер-Министрдің атына заңдылықты бұзуды жою туралы ұсыныс енгізілді. Ал алқа мәжілісінің жұмысына Бас прокуратура жанындағы заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшелері, Парламент депутаттары, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрліктерінің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, бейнеконференциялық байланыс арқылы – облыс прокурорлары, облыс әкімдерінің орынбасарлары, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінің басқармалары мен департаменттерінің басшылары қатысып, өзекті мәселелерге сай атсалысып отырғандықтан ендігі жерде дәрігерлер адам тағдырына селқос қарамасы үшін тәртіп түзеліп, жағдай оңалады деген сенім зор.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».