Үкімет • 25 Маусым, 2019

Astana Hub ашылған сәттен бері АT-стартаптарға 29 млрд теңге инвестиция тартылған

340 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Премьер-Министр А. Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ақпараттық технологиялар саласындағы инновациялық экожүйені дамыту мәселелері туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі А. Жұмағалиев баяндады.

Astana Hub ашылған сәттен бері АT-стартаптарға 29 млрд теңге инвестиция тартылған

Асқар Жұмағалиев 2018 жылы Astana Hub халықаралық технопаркі ашылған сәттен бері АT-стартаптарға жалпы көлемі 29 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылғанын жеткізді. 

Astana Hub технопаркіндегі жұмыс көлемінің артуы бағдарламалардың инвестициялық тартымдылығы мен жоғары қызығушылыққа ие екенін дәлелдейді. Бүгінгі күні технопарк 100%-ға толық, 260-тан астам жоба, яғни 1000-нан астам адам инкубация және акселерация бағдарламаларынан өткен.

Стартаптарды әрі қарай зерттеу және білім беру жағынан қолдау көрсету үшін технопаркте CISCO, IBM, Huawei, Intellisense сияқты компаниялардың 16 R&D-орталық ашылды. Бұл орталықтарда кеңес беру, техникалық сараптама жүргізу, арнайы жабдықтар мен бағдарламалық қамтамасыз етулер қолжетімді. Жаңашыл қызметкерлер үшін тұрақты негізде білім беру іс-шаралары өткізіліп тұрады. Ұйымдастырылған 122 кездесуге 2500-ге жуық тыңдаушы қатысқан.

Елімізде іске асырылып жатқан инновациялық экожүйенің маңызды даму құрауышы - венчурлық қаржыландыру туралы заң. Онда венчурлық қорларды мемлекетпен бірлесіп қаржыландыру арқылы қолдау көрсету көзделген. Осы заң аясында «QazAngels» бизнес клубы мен жақында екі венчурлық қорды іске қосуды жоспарлап отырған «QazTechVentures» сияқты қолдау институтын құруға мүмкіндік берді. Бұл ретте бұл инвестициялар бүгінгі күні «Астана» халықаралық қаржы орталығының юрисдикциясында рәсімделе алады және тәуекелдік инвестициялар саласы үшін «алтын» стандарт болып табылатын ағылшын құқығы принциптерімен реттеле алады.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі  министрі бүгінгі таңда жергілікті биліктің қолдауымен еліміздің аймақтарында АТ-хабтар ашылып жатқанын айтты. 

«Елордадағы экожүйенің даму динамикасын ескере отырып, біз Қазақстан өңірлеріне стартаптармен жұмыс тәжірибесін жеткізу үшін жұмыстар атқаруды жоспарлап отырмыз», — деді А. Жұмағалиев.

Astana Hub Халықаралық технологиялық паркінің бас директоры Джозеф Циглер Astana Hub  ашылған сәттен бері start-up экожүйелер салуда белгілі бір табысқа қол жеткізілгенін атап өтті. Өткен жылы Astana Hub базасында 500-ден астам іс-шара өткізілген, оларға 20 000 адам келген еліміздегі №1 АТ-орталық болды. 

Өз кезегінде, Павлодар облысының әкімі Б. Бақауов өңірлік инновациялық жүйені дамыту туралы айтып берді. Облыста АТ саладағы экожүйені құрудың қолайлы жағдайлары жасалған. С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Халықаралық Стартап Академиясы, Павлодар өңірлік ғылыми-технологиялық орталығы, АТ орталық және Жастар бастамаларын дамыту орталығының роботты техника кабинеті, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің АТ Hub секілді білім беру алаңдарында кәсіпкерлік негіздеріне оқыған жас стартапшылар өңірдің инновациялық белсенділігін арттыруға өз үлестерін қосуда.