Спорт • 25 Маусым, 2019

Мырсатаев Тайсонды жеңген жігітпен жұдырықтасады

296 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Qazaq Promotions» компаниясының ұйымдастыруымен 5 шілдеде Алматыда кәсіпқой боксшылардың жарысы өтетіні белгілі.

Мырсатаев Тайсонды жеңген жігітпен жұдырықтасады

Сол кеште шаршы алаңға шығатын жерлестеріміздің түгелге жуығының қарсыластары анықталды. Жасыратыны жоқ, олардың арасында алымдылар мен қарымдылар да және есімі көпшілікке беймәлім боксшылар да бар. Ал қазақстандық спорт сүйер қауымды ерекше қуантып отыр жайт – Дэнни Уильямстің Алматыға келетіндігі.

Иә, 45 жастағы Ұлыбритания өкілінің бағындырған белестері жетерлік. Осыдан дәл 15 жыл бұрын, яғни 2004 жылдың 1 шілдесінде ол даңқы жер жарған Майк Тайсонда төртінші раундта ұрып жығып, айды аспанға бір-ақ шығарғаны әлі де сан миллион жанкүйердің есінде. Ал 2005 жылдың 1 желтоқсанында Сидней Олимпиадасының жеңімпазы, өзінің отандасы Одли Хариссонды жеңді.

Кәсіпқой рингте Дэнни Уильямс барлығы 79 кездесу өткізіп, 52 рет жеңіс тойын тойлады. 39 бәсекеде айқын басымдық танытты. Алматыдағы бокс кешінде Ұлыбритания спортшысы 34 жастағы қазақстандық былғары қолғап шебері Руслан Мырсатаевпен күш сынасады.