Қазақстан • 26 Маусым, 2019

Go Viral: Жаса. Бірлес. Жаңалық ұсын

403 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыдағы Қазақстан-Британ техни­калық университетінде медиа, мәдениет, технология және бизнес саласындағы инновациялық идеялардың халықаралық фестивалі өтті. Үш күндік бағдарламада жергілікті инно­вациялардың жаһандық маңызы, медиа нарықтың құбылуы, арт жобаларды дамыту сынды ауқымды әрі қызықты тақырыптар қозғалды.

Go Viral:  Жаса. Бірлес. Жаңалық ұсын

«Go Viral – бұл АҚШ-тың Орталық Азия­дағы инновацияны, кәсіпкерлікті және экономикалық мүмкіндіктерді кеңейтуді, сондай-ақ өңірдің жаһандық экономикамен бай­ланысын жақсартуды қолдайтынының көп­теген мысалының бірі», деп атап өтті АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозер баспасөз мәслихатында. Фестиваль шы­мылдығы ҚБТУ ректоры Кенжебек Ибрашев пен АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы Эрик Майермен және Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің Алматыдағы өкілдігінің басшысы Ерлан Ысқақовпен бірге салтанатты түрде ашылды. АҚШ-тан, Орталық Азия мен Шығыс Еуропадан келген жетекші трендсеттерлер бизнес, коммуникация саласында жаһандық аудиториямен өзара іс-қимыл жасау туралы ақпараттарымен бөлісті. Бұл салалық кеңістіктің соңғы жаңалықтарынан хабардар етіп, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

Кім болғыңыз келеді? Мақсатыңыз қандай? Мұратқа жету жолында не нәрсеге назар аударуыңыз тиіс? Стэнфорд университетінің өмірлік дизайн бағдарламасының лекторы Джон Армстронг алғашқылардың бірі болып осы сұрақтарға жауап берді. Көп жылдан бері студенттерге білім беру, мансаптық және же­ке даму жолдарын таңдауға көмектесетін әртүрлі курстарды оқытып жүрген маманның ай­туынша, кез келген өмірлік мәселелерге жауап іздеуде дизайн-ойлау әдістерін ұтымды қолдана білген дұрыс. Джон қатысушыларға «Өмір – өмір сүруге татитын шығармашылықты қызық дүние» деген ұранды ортаға тастады. Ал Ярослав Халиулин VR және AR технология­лары кемеліне жеткен күндері, әрқайсысы осы салада өз орнын таба алатынын айтады. Мы­салы, жобалаушы немесе құрылысшы заманауи технологиялар бойынша оқыту арқылы жұ­мыс сапасын жақсартса, құрылыстың алдын ала кемшіліктерін табу алдағы жұмысты жеңіл­детіп қана қоймайды, уақыт үнемделіп, сапасы жақсара түспек.

Сондай-ақ панельдік сессия отырыстары медиа, мәдениет саласы жұлдыздарының қатысуымен үздік халықаралық тәжірибе мен нарықтық жоспарлау, кейінгі жаңашылдықтар, жасанды интеллект саласындағы трендтер, XXI ғасырдағы кино миссиясы тақырыптары талқыланды. Суретші, Массачусетс штатының өнер және дизайн колледжінің профессоры Элайн Букхольц жарықтың кеңістіктік нысандармен, мүсін және архитектурамен қарым-қатынасы туралы зерттеулерімен бөлісті. «Суреттердің жылжымалы түсі өнерде жаңа тәжірибе береді. Жарық пен түс гаммасын өзгерту қабылдаудың басқа призмасы арқылы өзгеше көруге мүмкіндік береді. Әлемдік дүниетаным шекарасын кеңейтуге әсер етеді», деген Элайн Букхольц сахнада жарықты ойнату арқылы авторлық перформанс көрсетті.

Бұдан бөлек Next Notes – Қазақстан музыканттары қауымдастығы авторлық әндерді жазу мен ынтымақтастықты дамыту бойын­ша дәріс өткізсе, тәжікстандық жазушы Аниса Саби­ри Орталық Азия аймағындағы әйел жазу­шылардың жағдайы турасында баяндама жасады. Сондай-ақ, фестиваль аясында Қазақстан, Ресей, АҚШ және Еуропаның әдеби журналдарында жарияланып жүрген ақын, АҚШ Ұлттық өнер қорының әлемдік өнердегі жоғары жетістіктерді қолдайтын арнайы қос гранты мен Käpylä Translation Prize (UCONN) сыйлығының иегері Әйгерім Тәжінің «Бумажная кожа/Paper-Thin Skin» (Zephyr Press, АҚШ, 2019) атты өлеңдер жинағының тұсаукесері өтті. Қо­ғамның шығармашылық белсенділігі тұл­ғаның, бизнестің және тұтастай мемлекеттің ма­ңызды жетістігі ретінде өзара бәсекелестік ар­тықшылығын арттыруға үндейтін басқосу мәдени және әлеуметтік-экономикалық дамуды ықпалдастыруға шақырады. Осылайша, қазіргі заманғы мәдени кеңістіктің бірегей алаңына айналған GoViral халықаралық фестивалі заманауи көзқарас арқылы жаңа әлеуметтік-мәдени ортаны қалыптастырудың кезекті мәрте озық үлгі­сін көрсетіп берді.