Қазақстан • 26 Маусым, 2019

Азаматтық қоғамды дамыту – басты назарда

366 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазмедиа орталығында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев халық алдында есеп берді.

Азаматтық қоғамды дамыту – басты назарда

Есептік кездесуге Пар­ла­мент депутаттары, Прези­дент әкімшілігінің, Премьер-Ми­нистр кеңсесінің қызмет­кер­лері, Қоғамдық кеңес мүше­лері, мемлекеттік және жеке ком­па­ниялардың, үкіметтік емес ұйымдардың, қауымдастық­тар­дың, дін және жастар сая­саты саласының, БАҚ және тағы басқа ұйымдардың өкілдері қатысты. Бұған қоса, жиын барысын бейнеконференция байланысы арқылы облыстардың және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдіктері көріп отырды. Сон­дай-ақ әлеуметтік желілерде де он­лайн-режімде көпшіліктің на­зарына ұсынылды. Жалпы, өңір­лерді қосқанда бұл кездесуге қатысушылардың саны шамамен 500 адамды құрады.

Ақпарат және қоғамдық да­­му министрі Дәурен Абаев есеп­­тік баяндамасын бастамас­тан бұрын оқыс оқиғаға байла­нысты Арыстағы ағайынға алаң­дау­шылығын білдіріп, қаза тапқан азаматтардың туған-туыстарына қайғыра көңіл айтты, жарақат алған жұрттың тез сауығып ке­туін тіледі. Бұл тосын­нан келген апат Арыстың ғана емес, бү­кіл халықтың қабырғасын қайыс­тырғанын, осындай сын сағатта елдігіміз бен бірлігімізді көрсете білгенімізді айтты. Сон­дай-ақ министр оқиға орнына өзі барған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жағ­дайды бақылауға алғанын айтып, «Арыс, біз біргеміз» атты акция ұйымдастырылып жатқанын атап өтті. Осы ретте зардап шеккен қалаға көмек қолын созған көпшілікпен бірге министрліктің қызметкерлері де бір күндік ең­­бек­ақыларын аударатынын мә­лім­деді.

Бұдан әрі Д.Абаев кездесудің негізгі тақырыбына ойысып, осы жылдың алты айы артта қал­ғанын, осы уақыт аралығы түрлі саяси оқиғалар мен ауқымды іс-ша­раларға толы болғанын тілге тиек етті және бұл жиынға өткен­ді саралап, болашақты бағамдау мақсатында бас қосып отырғандарын айтты.

– Ақпарат, азаматтық қо­ғам, қоғамдық келісім, жас­тар және отбасы саясатының негізгі бағыттарын пысықтап алу – маңызды міндеттердің бірі. Есептік кездесуде осы бағыт­тарға жеке-жеке тоқталып өт­пекпін. Қазір ақпарат саласы бойынша біздің министрлік тиісті заңды жетілдіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Қажетті түзетулерді енгізу жоспарымызда бар. Атап айтсақ, бұқаралық ақпарат құралдарында кейбір өнімдерді жарнамалауға ты­йым салуды тоқтату, мемлекеттік тапсырысты аймақ деңгейіндегі мемлекеттік сатып алу жүйесінен шығару, БАҚ-ты салықтан босату туралы түзетулер – назарда. БАҚ саласын жаңғырту мен сапалы телевизиялық контент қалыптастыру жұмысы бір сәт те тоқтаған жоқ. Мысалы, Tamasha TV деп аталатын әзіл-сықақ бағытындағы бірінші телеарна өз бағдарламаларын көрермендеріне ұсына бастады. «Ел арна» телеарнасы да дамып, биыл хабар таратудың жаңа сатысына көтерілді. Тағы бір жағымды жаңалық, қазақ телевизиясы көрші елдерде де көрсетіле бас­тады. Бұл – өзге мемлекеттерде тұрып жатқан қандастарымыз үшін қолға алынған шара. Ұзақ жүргізілген келіссөздер нәти­жесінде ресейлік спутниктік және кабельдік операторлар өз желілері арқылы біздің арналарды көрсете бастайды. Биыл сәуір айынан бастап Ресейдің «Мульт» атты балалар арнасында мемлекеттік тілдегі қазақстандық өнімдер берілуде, – деді Д.Абаев.

Бұдан кейін министр отан­дық телехикаяларды дамыту жұмыстарына тоқталды. Оның айтуынша, өткен жылы мемлекеттік тапсырыс аясында 46 телесериал түсірілсе, биыл 43 сериал көрерменге жол тартқан. Сондай-ақ цифрлық телерадиохабарларды таратуға көшу жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылып, бүгінде Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл облыстары және Шымкент қаласы толық цифрлық жүйеде жұмыс істеп жатыр екен. Ал биыл Алматы облысы, Павлодар мен Қостанай аймақтары цифрлық хабар таратуға ауыспақ. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстар жоспар бойынша 2021 жылы аяқталады.

Сонымен қатар Ақпарат және қоғамдық даму министрі «Ашық Үкімет» порталын дамыту мен қажетті нормативті-құқықтық базасын қалыптастыру бойынша да іргелі істер атқарылғанын атап өтті. Мәселен, өткен жылы осы жұмыстардың нәтижесі бойынша мемлекеттік органдардың ашық деректерінің өзектілігін толық 97 пайызға жеткізіпті. Министрлік жергілікті атқарушы органдар бойынша ашықтықтың үздік үлгісін дайындап жатыр екен. Бұл мәселеде үкіметтік емес сектор үлкен көмек көрсетіп отыр.

Ашықтық туралы сөз қоз­ғалғанда министр азаматтық қоғам қалыптастыру турасында өз ойын өрбітті. Оның айтуынша, мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы диалогты нығайтуда үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл бойынша үйлестіру кеңесі құрылған. Өткен жылы қараша айында Азаматтық форум өткізілді. Бүгінде республикада 229 қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Бұлар екі жылда 12 мыңнан аса ҮЕҰ жобаларын қарап, қоғамдық тыңдаулар ұйым­дастырды. Бұған қоса, Д.Абаев Мемлекет бас­шысының тапсыр­масына сәйкес 2025 жылға дейін аза­маттық қоғамдық дамыту тұжы­рымдамасы әзірленетінін мәлімдеді.

Сонымен қатар министр 2020 жылы еріктілер жылын өткізуге дайындық қызу жүргізілетінін, волонтерлікті дамыту аясында 2018-2020 жылдарға арналған жол картасы жүзеге асырылып жат­қанын хабарлады. Биыл сәуір айында еріктілердің қызметін үй­лестіруге мүмкіндік беретін qazvolunteer.kz онлайн-тұғырнама іске қосылған.

– Елбасының белгілеп берген стратегиялық бағытын жалғас­тырып, қоғамдық сананың жаң­ғы­руына жол ашу жұмысы тоқта­майды. Биыл бағдарламаға 2 жыл толды. Осы уақыт аралығында институционалдық нығайту, әдістемелік қамтамасыз ету, жаңа жобалардың толығуы мен мазмұнның артуы бағытында бірқатар жұмыс атқарылды. Бағдарлама аясында 62 мыңнан аса іс-шара жүзеге асырылды. 
2 жылдың ішінде «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасында бүкілхалықтық онлайн да­уыс беру арқылы 131 жеңімпаз анықталды. Ол азаматтар өскелең ұрпаққа үлгі бола білді. Биыл жобаның үшінші кезеңі басталады. «Туған жер» жобасының аясында 2018 жылы елдегі 2 мыңнан аса меценаттың жұмылуымен 
2 199 жоба жүзеге асты. Жалпы сомасы 109 млрд теңгені құрайтын іс-шаралар өткізілді. Сонымен қатар 27 мектеп, 115 балабақша, 154 мәдени нысан, 41 денсаулық сақтау және 284 спорт нысаны салынды, – деді Д.Абаев.

Министр діни саладағы тұрақ­ты­лықты қамтамасыз ету және экстремизм мен радикализмнің таралуының алдын алу мәселелері бойынша сөз қозғады. Осы ба­ғытта Нұр-Сұлтан, Алматы және Атырау қалаларында дес­трук­тивті діни ағымдардың ықпалына ұшыраған адамдарды теріс жолдан қайтару үшін жұмыс істейтін діни өкілдерді даярлау курстары өтті. Бұдан 190 имам мен теолог өткен. Бұл ретте ол Ұлттық қауіпсіздік органдары «Жусан» гуманитарлық операциясының 3 кезеңін сәтті өткізгенін, оның шеңберінде қақтығыс аймағынан Қазақстанға 524 азамат (137 әйел мен 357 бала) оралғанын айтты.

Этносаралық келісім мен диаспоралық саясат саласы бойынша 2018 жылы «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заң­ға өзгертулер енгізіліп, оның жү­зеге асырудың жоспары пы­сық­талды. Ассамблея­ның 2025 жылға дейін дамы­ту­дың тұжырымдамасы бекітілді. Бұл құ­жаттағы не­гізгі бағыттардың бірі – отан­дастарымызбен қарым-қаты­насымызды күшейтіп, шетелдегі қазақ диаспорасын қолдауға ба­сымдық беру. Осы жұмысты ұйымдастыру мақсатында Елба­сының тікелей тапсырмасы­мен 2017 жылы «Отандастар қоры» құрылған. Минис­тр­лік атал­ған қормен бірле­сіп, қазақ диаспораларымен мә­де­ни-гуманитарлық бай­ланысты нығайтып, білім беру, ана тілін естен шығармау ба­­ғыт­тары бо­йынша кешенді жұмыс­тарды қолға алған.

Дәурен Абаев баяндамасының соңында Жастар жылына арнайы тоқталып, министрлік жастарға арналған арендалық баспана беру ережелерін әзірлегенін, ол 1 тамызға дейін бекітілетінін айтты. Сондай-ақ жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау үшін «Жас кәсіпкер» жобасы да­йындалды.

Есеп беру кездесуінен кейін министр БАҚ өкілдеріне арнап брифинг өткізді.