– Елімізге қайғы әкелген осы күндерде жеке өзімнің және Сенат депутаттарының атынан қаза тапқан және зардап шеккендердің отбасыларына қайғырып көңіл айтамын. Сіздер душар болған қайғыға ортақтасып, бірге қайғырамыз, біз Сіздермен біргеміз, – деді Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева.
Мәжіліс депутаттары да Арыс тұрғындарына көмектесу үшін бір күндік жалақыларын аударатын болды.
Арыс халқына көмек қолын созғандардың қатарында Премьер-Министр Кеңсесінің қызметкерлері де бар.
– Арыс қаласы тұрғындарының жағдайына бүкіл халық алаңдауда, бүкіл ел жұмылып атсалысуда. Осы ретте Nur Otan партиясының Арыс тұрғындарына көмек қолын созу мақсатында қаражат жинау бастамасын қолдауға шақырамын, – деді Үкімет басшысы А.Мамин.
Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкіметтік комиссия тұрғын үйлерге, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарға, қаланың тіршілігін қамтамасыз ететін нысандарға тигізілген зардапты бағалайтын болады.
Мәдениет және спорт министрлігі де Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы және Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапхананың жанынан штабтар құрды. 27 маусым күні Арыс қаласына «Арыс, біз біргеміз!» гуманитарлық көмек керуені жөнелтіледі.
Сондай-ақ танымал мәдениет және спорт қайраткерлері халықтың рухын көтеріп эвакуацияланған тұрғындар мен әскерилерді қолдау мақсатында Арыс қаласына аттанатын болады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, сондай-ақ ведомстволық бағынышты ұйымдары мен өңірлік департаменттерінің қызметкерлері Түркістан облысы Арыс қаласының тұрғындарына көмектесу үшін бір күндік жалақыларын аударады.
Денсаулық сақтау министрлігінің орталық аппарат қызметкерлері мен ведомствоға қарасты ұйымдар, еліміздегі дәрігерлер де қайырымдылық шараға атсалысып, оларға қолдау ретінде бір күндік еңбекақысын аудармақ.
– Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, министрлік пен ведомствоға қарасты ұйымдардың басшылары жарақат алған азаматтарға медициналық көмек көрсету үшін барлық жағдайды жасайды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы да қайырымдылық акциясынан қалыс қалған жоқ. Нұр-Сұлтан қаласының Достық үйінде елорда этномәдени бірлестіктерінің өкілдері бас қосып, қайырымдылыққа бағытталған істерді жүйелі атқарып шығуға уағдаласып, қайырымдылық көмегін ұйымдастыратынын мәлімдеді. Арыс халқына жөнелтілетін заттар тізімі жасалды. Елордалық өзбек этномәдени орталығы төрағасының орынбасары Хасан Шарипов жеке қаржысы есебінен Арыс қаласына 22 тонна ұн жөнелтіпті. Ассамблеяның жер-жердегі филиалдары да қайырымдылық іске атсалысуда.
Ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ компаниялар тобының қызметкерлері алапат жарылыстан зардап шеккен тұрғындарға көмек ретінде өздерінің бір күндік еңбек ақысын аудару туралы шешім қабылдады. Газ мамандары жинаған көмек қаржы көлемі 120 млн теңгеден асады.
Түркістан облысының Арыс қаласында болып жатқан оқыс оқиға ҰҚК Шекара қызметінің шекарашыларын да бейтарап қалдырмады. Осыған байланысты Шекара қызметінің бүкіл жеке құрамы бір ауыздан бір күндік еңбекақы көлемінде қаржылай көмек беру туралы шешім қабылдады.
Арыстағы жағдайға еліміздегі халықаралық ұйымдар да көмек қолын созуда. Мәселен, Халықаралық Түркі академиясы кеше біркүндік жалақыларын арыстықтарға көмек қорына аударды.
Елдің елдігі сынға түскен шақта қол қусырып қарап отырмай, демеу болуға асыққан адамдардың қатары көп. Мемлекеттік органдар да, жекелей азаматтар да жәрдем беруге жұмылып атсалысуда. Сын сағат туғанда халқымыз елдіктің ерен үлгісін көрсетіп жатыр десек артық емес.
Түркістан облысы Арыс қаласында зардап шеккендерге көмек көрсету үшін облыс әкімдігі жанынан ашылған «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорына хабарласуға болады.
Анықтама үшін «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қоры реквизиттерін газет оқырмандарының назарына ұсынамыз:
Түркістан облысы
Түркістан қаласы,
Қызылорда тас жолы, 34 А ғимараты,
Пошта индексі 161200
БСН (БИН) 100440016000
«ForteBank» АҚ
Түркістан қаласындағы филиалы
ЖСК (ИИК) KZ7196528F0007014540
БСК (БИК) IRTYKZKA
Қайырымдылық көмек ретінде аударылған қаражат «Түркістан» әлеуметтік даму қорының корпоративтік картасына да қабылданады: 4042 4583 0000 0843 DAURENBEK KURBANIYAZOV
Қор директоры: Құрбаниязов Дәуренбек +77718933536