Аймақтар • 26 Маусым, 2019

Семейліктер республикалық «Айбын-2019» жеңімпаздарын қарсы алды

464 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Семей қаласының Орталық теміржол вокзалында V-інші «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынында бірінші орынды иеленген «Шығыс» Өңірлік қолбасшылығының «Шығыс» әскери-патриоттық клубы мүшелерін салтанатты түрде күтіп алды. Әкери-патриоттық жиын Қазақстан Қарулы Күштерінің және басқа да әскери құрылымдарды арасында өткен болатын.

Семейліктер республикалық «Айбын-2019»  жеңімпаздарын қарсы алды

- Өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру-бүгінгі идеология саласындағы жұмыстың басты бағыттарының бірі. Бұл тұрғыда әскери дайындық ерекше орын алады, себебі әрбір мемлекетте елдің ішкі және сыртқы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жеке көңіл бөлінеді, - деді №49 орта мектептің директоры Гүлфариза Тоқтыбаева.

«Шығыс» әскери-патриоттық клубы тәрбиеленушілерінің айтуынша, олар АК-74 автоматын бөлшектеу және жинау, жалпы әскери қорғаныс жинағын кию бойынша нормативтерді орындау, зақымданған жер учаскесін еңсере отырып, кедергілер жолағынан өту, радиостанциямен жұмыстарды орындау сияқты конкурстарда үздік нәтижелер көрсеткен.

 Сонымен қатар, жиын барысында жасөспірімдер күштік жаттығуларда күш пен төзімділігін сынға салса, ал қыздар кешенді күштік жаттығуларды орындауда сайысты, деді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің жетекшісі, аға лейтенант  Исламбек Қалдыбеков.

- Жастар жиынының арқасында біз қызықты адамдармен, танымал қоғам қайраткерлерімен кездесіп, жаңа достар мен таныстарды таптық. Олармен танысқаннан кейін мен біздің еліміздің әр аймағындағы адамдардың әртүрлі екеніне көз жеткіздім. Бірақ бір нәрсе бізді қуантады, бұл барлығының өз Отанына деген махаббаты, - деп «Шығыс» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушісі Балғын Есентаева да өз әсерімен бөлісті.

Жарысты жалпы командалық және жеке сынақта жеңімпаз атанған балаларға грамоталар, медальдар, кубоктар және естелік сыйлықтар табыс етілген.

Естеріңізге сала кетейік, «Айбын» әскери-патриоттық жиыны елімізде жастардың әскери-патриоттық тәрбиесін жетілдіру мақсатында Жастар жылы аясында өткізілді. Жиынға қатысушылар Қазақстан армиясының әскери техникасы мен қару-жарағының заманауи үлгілерін көрді.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің жетекшісі, аға лейтенант  Исламбек Қалдыбековтың айтуынша, ұйымдастырушылар Aibyn jalyny алау жағу рәсімін де өткізген екен. Онда жиынға қатысушылар Қорғаныс министрлігінің өкілдерімен, Қарағанды облысы әкімдігінің басшылығымен, сондай-ақ «Голос Дети» конкурсының қатысушысы Ержан Максиммен, шахматтан бес дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаевамен, менталдық арифметикадан әлем чемпионы А.Махметтермен кездесіп, ерекше рухани күш-қайрат алып қайтыпты.


Раушан НҰҒМАНБЕК,                   

«Еgemen Qazaqstan»