Аймақтар • 26 Маусым, 2019

Шоқанның туған жерінде «Алғашқы сүрлеу» слеті өтті

317 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыстық білім басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде өткен бұл шара туризммен енді шұғылдана бастаған балалардың туристік топтарына арналды.

Шоқанның туған жерінде «Алғашқы сүрлеу» слеті өтті

Слеттің мақсаты спорттық туризмді дамытуға және оның бұқаралық сипатын және туристік көпсайысты насихаттауға, жаңа бастаған туристік топтарға қолдау көрсетуге, спорттық туризмнің негіздерін оқытуға, ең бастысы әлеуметтік әлжуаз отбасыларының және тәуекелі мол топтардағы балаларды спорт туризміне тартуға арналды. Слетке Рудный қаласы мен Қарасу, Сарыкөл, Амангелді аудандарының мектептеріндегі 5-9 сыныптар оқушыларынан құралған туристік командалар қатысты.

Слет Шоқанның туған жері Құсмұрын өңіріндегі Новопавлов селосындағы қайыңды тоғайлар өскен табиғаты сұлу алаңда өтті. Туристер жолы 800 метрден 2000 метр арасын қамтыды. Онда жас туристер шатыр тігу, батпақтан өту, кедергіден керілген арқанмен өту, бөрене арқылы өту, маятникпен өту, тапсырмалар алаңы, алғашқы медициналық көмек, шатырларды жинау сияқты тапсырмаларды орындады. Жарыста барлық халықаралық ережелер және бекітілген регламент сақталды. Алғашқы екі күнде балалар туризмнің негіздерін оқып үйренді, одан кейін жорыққа үйрену, медициналық алғашқы көмек пен сақтану шараларын жасап көрді. Сонан соң жарысқа кірісті.

Жарыс қорытындысында ересек туристер арасында 1 орынды Рудный қаласынан келген «Экстрим» командасы, П орынды Қарасу ауданының «Хаски» командасы, Ш орынды Амангелді ауданының «батыр» командасы жеңіп алды. Ал төменгі командалар арасында алаң иелері, яғни Ключевой орта мектебінің «Қар барысы -1», «Қар барысы-2» командалары мен Амангелді ауданынан келген топ иеленді. Слет балаларға өте ұнап, қимай қоштасты.