Қазақстан • 27 Маусым, 2019

Агросектордың әлеуеті қандай?

317 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Отандық ауыл шаруашылығы саласының алдына қойылған басты міндет­тердің бірі – экспорттық әлеуетті арттыру. Осы міндет қалай жүзеге асырылып жатыр? Сала министрі Сапархан Омаровтың 2018 жылғы жетістіктерді қорытындылаған жиынында соған көз жеткізуге тырыстық.

Агросектордың әлеуеті қандай?

Астық экспорты ұлғайды

Министр былтыр 20,3 млн тонна астық жиналып, 11, 7 млн тоннасы экспортталғанын айтты. Бұл 2017 жылғы деңгейден 33%-ға көп.

– Қарқынды бақ шаруашылығын дамыту мақсатында өткен жылы 1 132 гектар, оның ішінде Алматы облысында – 432, Жамбыл облысында – 200, Түркістан облысында 500 гектар жерге аталған үлгідегі бақ өсіріле бас­тады. 2018 жылдың қорытындысы­на сәйкес, жалпы өсімдік шаруашы­лы­ғы өнімдерін шығару көлемі 3, 2%-ға ұлғайып, 2,4 трлн теңгеге жетті, – деді сала басшысы.

Министр мал шаруашылығы бағы­тында атқарылған жұмыстарды да тізбеледі.

– «Сыбаға» жеңілдетілген несие есебінен 6 айдың ішінде 600-ден астам отбасылық ет фермасы несие алып, бағдарламаның игілігін көруде. Нәтижесінде былтыр ет экспорты 18,7 мың, оның ішінде сыртқа саудалаған сиыр етінің көлемі 4,7 мың тоннаны құрап, 2017 жылдың деңгейінен 3 есеге асты, – дейді С.Омаров.

Бұған қоса министр сүтті мал шаруа­шылығын дамыту үшін 2018 жылы 25 тауарлы-сүт фермасы пай­­да­лануға берілгенін баян­дады. Жал­пы қуаты 6 мың бастан асатын бұл фер­малардың 7-еуі өнер­кәсіп­тік, 18-і отбасылық ферма. Тек ұйым­дас­тырыл­ған шаруашы­лықтардың өзінде 1,5 млн тонна сүт өндірілген-ді. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 7,6%-ға артық.

Шетелдік нарыққа шығу мақ­сатында Израиль, Түркия, Кувейт, Оман, Жапония және Оңтүстік Корея сынды мемлекеттерден бас­қа Еуро­одақ елдерімен де келіссөз жүргізу жоспарлануда. Осы орайда Қытай тарапымен 2018 жылы экспортқа бағдарланған қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдеріне қойылатын импорттық талаптарды келісу жөніндегі жол картасына қол қойылғанын айта кетейік.

Былтырғы жылдың жалпы кес­тесіне сәйкес ауыл шаруашылығы өнім­­дері­нің көлемі 3,5%-ға және тамақ өнім­дерінің мөлшері 1,6%-ға жо­ғарылап, аграрлық сектордың негізгі капиталына салынған инвестиция – 14,2%-ға және тамақ өнімдерін өндіруге құ­йылған инвестициялар 27,3%-ға жеткен екен.

 

Апатты 41 су қоймасы жөнделді

– Сондай-ақ су, орман шаруа­шы­лығы және жануарлар дүниесі, жер ресурстары саласындағы қызмет­тің қорытындыларына тоқтала кету­ді жөн көріп отырмын. Су шаруашы­лы­ғы саласында төтенше жағдайлар туын­дауының алдын алу және су қой­маларының қауіпсіз жұмыс істеуі үшін қол жеткізу мақсатында апатты жағдайдағы 41 су қоймасын қайта жөн­деу көзделген. 2018 жылы Шығыс Қазақстан облысында 2 ны­сан қал­пына келтірілді. Бұл су шаруа­шы­лығы объектілерінің қауіпсіз пай­­даланылуын қамтамасыз етуге, суар­малы жерлерді сумен қамтуды жақ­сартуға, суды тасымалдау кезін­де орын алатын су шығынын қыс­қа­р­туға мүмкіндік берді. Апатты жағ­дай­дағы 6 су қоймасын жаңғырту биыл аяқ­талады. 5 нысанға қатысты құры­лыс жұмыстары басталып, қалған 21 нысанға жобалау-сметалық құжат­тама әзірленуде. 3 гидротехникалық құрылыс жайды қайта жөндеу және ерекше апатты жағдайдағы 1 нысанды күрде­лі жөндеу бітуге жақын. Бұл Батыс Қазақстан облысында халық саны 61 мың адамды құрайтын 16 ауылдық елді мекенге су жеткізуге, 100 мың бас қойға немесе 25 мың бас ірі қара малға арналған 180 мың гектар жайылымдарды суландыруға қосымша су шаруашылығы инфрақұрылымын құруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ бұл Қызылорда облысында 48,5 мың, Түркістан облысында 5 мың, Жамбыл облысында 6,8 мың гек­тар алқаптағы суармалы жер­лер­ді сумен жабдықтауға жол ашты. Биыл 10 гидротехникалық құры­лыс жайды жаңғырту жоспарда бар. Республиканың 7 облысында (Ал­маты, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Ба­тыс Қазақстан, Қызылорда, Ақтөбе және Түр­кістан облыстары) жаңа 22 су қой­масын салуға қа­тыс­ты тех­ни­­ка­лық-экономикалық негіз­де­ме әзір­леу жалғасып жатыр, – деді С.Омаров. Ол орманды алқап­ты мо­­лайту мақсатында 10 мың гек­тар­ға дейін жасыл аймақты өсіру көз­дел­генін жеткізді.

Ерекше қорғалатын табиғи аумақ­тар жүйесін өркендетуде Шығыс Қазақстанда «Тарбағатай» мем­лекеттік ұлттық табиғи паркі және Жетісу өңірінде «Іле-Балқаш» таби­ғи резерваты құрылып, ерекше қорғау­дағы табиғи аумақтарының алаңы 24, 7 млн гектарға немесе ел ауданының 9 пайызына жетіпті.

 

Киік ату тоқтамай тұр

Балық шаруашылығына келсек, 2018 жылы салалық кәсіпорындар 3400 тонна тауарлық балық өсірген. Ал 2017 жылы оның көлемі 2700 тонна дең­гейін­де болған. 2021 жылға қарай бұл көрсеткіш 5 мың тоннаға дейін көтеріледі деп болжануда.

2017 жылы елдегі киік саны 152 мың бас болса, былтыр 215 мыңға жетіп, өсім 41%-ды көрсеткен. Ал қазір­гі есеп бойынша киік саны 350 мың­нан асады. Ведомство басшысы киік­терді ату фактілері тоқтамай тұр­ғанын мәлімдеді. 2018 жылы 77 браконьерлік оқиға анықталып, 500 киіктің мүйізі тәркіленген. Министрлік Бас прокуратурамен, Ішкі істер министрлігімен, Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, браконьерлікке қарсы жедел іс-шаралар жоспарын әзірлепті.

Министр елде мақсатты түрде игерілмей жатқан 7,6 млн гектар ауыл шаруашылығы жерлері (оның ішінде егістік – 2 млн гектар, жайылымдар – 5,5 млн гектар) анықталғанына да ерекше тоқталды. Сол себепті 3,7 млн гектар мемлекет меншігіне қай­тарылған. Оның 3 млн гектары ауыл шаруашылығы айналымына тартылып, 0,7 млн гектарды айналымға қосу ісі пысықталып жатыр.

– «ҚазАгроның» еншілес компаниялары арқылы қаржыландыру­дың жалпы көлемі 400 млрд теңгені құрады. Бұл холдингтің тәжірибесінде әлі болып көрмеген көлем. Осының 96%-ы несие мен лизингке жұмсалды. Шамамен 20 мың несие берілді. Бұл орайда кредиттердің 98%-ы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне тағайындалғанын айта кету керек. 1 мамырдағы жағдай бойынша саланы қолдауға 141 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды. Тек «Еңбек» бағдарламасының шеңберінде өткен жылы шағын несие беруге 44,7 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде 12 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Биыл шағын несие беруге 44,7 млрд теңге көзделіп отыр. Бүгінге дейін 7, 7 млрд теңгеге 1 749 микрокредит беріліп, 1 851 адам еңбекпен қам­тылды, – деді министр.

 

10 міндетті жүзеге асыру көзделді

Енді биылғы 5 айдағы агросек­тор­дың әлеуетіне көз жүгіртелік. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің кө­лемі 3, 7%-ға жетіп, тамақ өнімдерін өндіру 1, 2%-ға және сусындар өндіру 18, 9%-ға өсіпті. Салаға инвестиция тарту бойынша жақсы өсім бар. Мә­селен, 5 ай ішінде 124, 3 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жыл­ғы динамикадан 52, 2%-ға еселенген. Өткізу нарықтарын кеңейтудің есебі­нен экспорттау көлемі 11, 2%-ға ұлғайған.

– Көктемгі егістік жұмыстарын жүргізу үшін 60 млрд теңге көлемінде қаражат аударылды. Сол бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден 2012 өтінім түсіп, оның 1912-сі 55,9 млрд теңге сома­сына қаржыландырылды. Қалған қара­жат егін жинау жұмыстарына бағыт­талатын болады. Бұдан басқа «ҚазАгро» холдингінің қаражаты есебінен 10,1 млрд теңгеге 269 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші несие алды. Жалпы көктемгі дала жұ­мыстары 19 млн гектарды қам­тыды. Оның ішінде дәнді да­қыл­дар 14,5 млн гектарды, майлы да­қыл­дар 2,7 млн гектарды, көкөніс-бақ­ша дақылдары және картоп 458,3 мың гектарды, азықтық дақылдар 1,2 млн гектарды, техникалық дақылдар (қант қызылшасы, мақта, темекі) 144 мың гектарды құрады, – деді Ауыл шаруа­шылығы министрі.

С.Омаровтың айтуынша, ми­нистр­­­лік мемлекеттік қолдау­дың тиім­­ділігін еселеуде 10 міндет­ті жү­зеге асыруды қолға алмақ. Мұ­­ның қатарында ауыл шаруа­шы­­лы­ғы жерлерін ұтымды пайда­лану, вете­ри­нарлық қызмет пен бақылау­дың тиімділігін арттыру, ауыл шаруа­шы­лығындағы тәуекелдерді сақ­тандыру, қаржыландырудың қол­жетімділігі, шикізатты өңдеуді дамы­ту, суармалы жерлерді реттеу, білім кешенін арттыру, ауыл шаруа­шы­лығы кооперациясын дамыту, топы­рақтың жай-күйін жақсарту және әртараптандыру, сондай-ақ субсидиялау базасын қайта қарау сынды мәселелерге ден қойылмақ. Аталған міндетті министрлік назарда ұстап, 2021 жылға дейін орындамақ ниетте.

 

Жақсылық МҰРАТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»