Ұйыққа батқан ұры
Жұма, 15 наурыз 2013 1:15
Қазақстанның құқық қорғау органдары елімізде басшылық қызмет тізгінін ұстап тұрған кездерінде сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстар жасаған атышулы Виктор Храпунов пен басқа да осындай тұлғаларға қатысты қылмыстық істерді тергеуді одан әрі жалғастырып жатыр. Мұны кеше Бас прокуратураның баспасөз қызметі тағы да мәлім етті.
Жұма, 15 наурыз 2013 1:15
Қазақстанның құқық қорғау органдары елімізде басшылық қызмет тізгінін ұстап тұрған кездерінде сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстар жасаған атышулы Виктор Храпунов пен басқа да осындай тұлғаларға қатысты қылмыстық істерді тергеуді одан әрі жалғастырып жатыр. Мұны кеше Бас прокуратураның баспасөз қызметі тағы да мәлім етті.
Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен өткізілген бұл брифингте айтылып отырған айыпталушылардың заңсыз алған шетелдік активтерін анықтау және иелік етуге тыйым салу мақсатында Бас прокуратураның Швейцарияның құзырлы органдарына халықаралық тергеу тапсырмасын жібергені тілге тиек етілді. Жиында осының негізінде қазіргі таңда Женева кантоны прокуратурасының тиісті тергеуді жүргізіп жатқаны айтылды. Міне, осы шараның шеңберінде В. Храпуновтың швейцариялық банктердегі шоттарына 2012 жылғы 22 қарашада иелік етуге тыйым да салынды.
Швейцария прокурорлары кезінде Алматы қаласын билеп тұрған шағында «үріп ішіп, шайқап төккенімен» қоймай, елдің қыруар байлығын ұрлық жолымен шетелге асырып үлгерген «миллионердің» ісін ақырына дейін апаруға мүдделі болып отырған қалып танытады. Олар ерлі-зайыпты Виктор және Ләйла Храпуновтардың шоттарын жауып қана қоя салмай, олардың ақша жымқырғаны жөніндегі деректерін де мұқият тексеріп жатыр. Әлбетте, Храпунов мырза болса, өзіне тағылған айыптың бәрін әлі күнге дейін қолынан келгенінше жоққа шығаруға тырысып бағуда. Айталық, өз сөзіне қарағанда, оның байлығы тым асыра көрсетілген көрінеді. Алматының бұрынғы әкімі осы жерде өзінде зауыт та, кеме де жоқ дегенді айтып, қарғанып қояды. Ол сонымен қатар, қызының атындағы вилланың да несиеге (!) алынғанын айтып, әлдекімдерді иландырғысы-ақ келеді. Бірақ оған сене қоятын ақымақ әзірге көрінбейді.
Бүгінде өтірік айтудан ертедегі Тазша баланың өзін жарты жолда қалдырып кететіні белгілі болған Храпуновтың мұндай мәні қашқан «әләулайларына» қазір Швейцарияның мерзімді басылымдары да сенбей отыр. Альпі тауының теріскей бетін алып жатқан елдің бұқаралық ақпарат құралдары бүгіндері онсыз шықпайтын болыпты. Мұндағы газеттердің барлығы дерлік Виктор Вячеславович туралы күніне бір рет ләм айтып өтуді өздерінің парызы санап алған сияқты. Оларда оңды-солды сұхбат беруге де төселіп қалған оның сөздеріне газет тілшілері де, оқырман қауым да миығынан күліп қарайтын күнге жеткен. Себебі, «өтірікшінің құйрығы бір-ақ тұтам» екенін мұндағылар да сезіп жүр. Айтқан уәжі мен істеген тірлігі үйлесе қоймайтын экс-әкімнің сөздері кіл жалғандықтың жылғасынан су ұрттап шыққанын тек бұл елдегілер ғана емес, бүгінде күллі әлем біліп қалған сыңайы бар.
Өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай етіп айтатын Виктор Храпуновтың «тым таза емес» екенін осындағы француз тілді «Лягэфи» басылымы өткен күзден бері бір емес, бірнеше рет әшкерелеп үлгерді. Мұны іле-шала Женеваның РТС деп аталатын телеарнасы қағып алып кетті. Ондағы журналистердің мәліметі бойынша, Храпунов әйелімен екеуі Қазақстаннан лас жолмен алынған ақшаларды жымқырып кеткендері үшін айыпталуда. Швейцария телешолушыларының қолдарына сондай-ақ Қазақстан билігінің тапсырысы да түскенге ұқсайды. Онда бір кездерде Храпуновтардың ортақ отбасы ретінде орасан зор көлемдегі байлықты қолдарына жиып алғандары айтылады. Телеарна сюжетінде Виктор Вячеславовичтің әкім ретінде әйелінің Алматыдан 336 мың франкке балалар бақшасы үйін сатып алуына, сосын оны 13 миллион франкке қайта сатуына жәрдем бергені сөз болады. Әлбетте, біздің кейіпкеріміз мұны да жоққа шығаруға тырысып бақты. Сол кезде тілшілер қызы Эльвира Храпунованың 32 миллион франкке сатып алынған керемет вилласын алға шығара қойды. Егер әулетте 300 млн. франк көлемінде байлық болмаса, мұндай ғажайып жайды сатып алуға олардың қалай шамасы жеткен? Журналистің бұл сұрағы да нақты жауапсыз қалған.
Қазақта осындай кезде айтылатын «Жеңілген адамның сөзі құрысын», деген сөз бар. Сол гәп қазір Виктор Храпуновтың басына келіп отыр. Ол Қазақстан құқық қорғау органдарынан да, Швейцария әділет жүйесінен де жеңіліп болды. Оның ендігі күні «суға кеткен тал қармайдының» кері. Ал өзі түскен сол судың иірімінен оның шыға қоюы енді екіталай. Жарты әлемді шулатқан Храпуновтың кескіні қазір ұйыққа батқан ұрының кейпін келтіреді. Демек, оның заң жүзінде жаза алатын шағына да тым қашық қалған жоқ.
Руслан ИГІЛІК.