Қоғам • 27 Маусым, 2019

Қуанса, ана қуансын, қуанса, бала қуансын!

807 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Жақсының өзі де жақсы, сөзі де жақсы» дегендей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел азаматтарының борыш жүктемесін азайту туралы Жарлығы барша қазақстандықтарды қуантқан, әсіресе балаларын жеткізу, емдету жолында тұрмыс тауқыметімен басына тартқан көрпесі аяғына жетпей, көз жасын бұлап жүрген ата-аналарға айтарлықтай демеу беріп, көңілдерін жадыратқандай болды. Иә, қуанса, ана қуансын! Қуанса, бала қуансын! Әлбетте, «Құдығына қарай қауғасы, базарына қарай саудасы» болған нарық заманында несиесіз тіршілік ету де оңай емес. Сондықтан Президенттің бұл пәрмені халықтың әлеуметтік тобына қарызды пұлсыз беріп, құнсыз алғандай өте қолайлы тигені жасырын емес. Яғни көп балалы, асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты төлем алатын, мүгедек балалары бар және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар мен ата-анасынан айрылған және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың 300 мың теңгеге дейінгі тұтынушылық берешегі кешірілмек. Бұл – қоғам тарапынан «Әлеуметтік қамқорлық» бағдарламасы аясындағы мемлекеттің қолдауын кешенді ете түсетін ізгі қадам ретінде бағаланып отыр.

Қуанса, ана қуансын,  қуанса, бала қуансын!

 Аналарды қуантқан жаңалық болды

Әлеуметтік желіден Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көп балалы отба­сылар­дың және тағы басқа да әлеу­меттік деңгейі төмен аза­мат­тардың шағын несиелеріне жеңіл­дік қарастыру жөніндегі Жарлығын оқып қатты қуандық. Бұл шын мәнінде халыққа жасал­ған зор қолдау, үлкен кө­мек. Ел басшылығына келген жаңа Пре­зидентіміздің тұр­ғын­дардың әл-ауқатын жақсар­туға жасаған нақ­ты табысты қа­да­мы деп есеп­тейміз.

Өйткені қазіргі уақытта не­сиесі жоқ азаматтар кемде-кем.­ Тү­біне үңілсек, азаматтар­ несиені әртүрлі себеппен алып­ жатады. Тапқан табысын банк­тер­дегі қарызын өтеуге жұмсай­тындар үшін жаңа бір үміттің сәу­лесі жылт еткендей болды.­ Көп балалы ана ретінде бұл ше­шімді қуана қолдаймын әрі Президент Қасым-Жомарт То­қаев­қа ризашылығымды біл­діргім келеді. Бұл жеңілдіктер қарас­тырылатын болса, азды-көп­ті тапқан табысымызды ба­ла­ларымызға, отбасының игі­ліктеріне жұмсайтын боламыз.

Күні кеше ғана еліміздің Арыс қаласында орын алған қиын жағ­дайға Президентіміз бастап, қа­лың ел қостап қолдау танытты. Халқымыз өзінің ауызбіршілігін көр­сетіп жатыр. Осынау игі қа­дам­дар сәтті жемісін беріп, хал­қы­мыздың жағдайы жақсарып жатса, одан асқан қуаныш жоқ. Елдің жағдайын ойлап, нақты қадамдарға бел шеше кіріскен Пре­зидент мырзаға көп бала­лы аналардың бірі ретінде алғысым­ды айтамын.

Жазира ҚАЛДЫБАЕВА,

көп балалы ана

 АЛМАТЫ   


  Рахмет Сізге, Президент!

Уәдеде тұру – азаматтың парызы. Президенттік науқан кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев өзекті әлеуметтік мәсе­лелер­ді шешуге уәде берген еді. Міне, бүгін халыққа берген сол уәде орындалып отыр. Президент­тің «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүкте­месін азайту туралы» Жарлығы көптеген отбасылар үшін ақжол­тай жаңалық болды. Солардың қатарында мен де бармын.

Үй салу оңай емес. Әсіресе тұрақты қызметі жоқ, көтерме жұмыстармен ғана жан бағатын отбасылар үшін шағын болса да үй салып алудың өзі қиын. Бес баланың анасымын. Ұзақ жылдар бойы пәтер жалдап кел­­дік. Балалар өскен сайын пәтер де тарлық етеді. Сондықтан басыбайлы бас­панамыз болсын деп бар тапқанымызды үнемдеп, құ­рылыс бастадық. 2016 жылы несие алып, үйіміздің іргетасын қаладық. Өткен жылы тағы да несие алуға мәжбүр болдым. Жолдасым жеке адамдардың тапсырысы болған кезде ғана құры­лыс жұмыстарын істейді. Басқа уақытта бос. Өзім ба­ла тәрбиесімен үйде отырмын. Ай сайын несие төлейтін уақыт ке­ліп қалғанда қиналатынымыз рас. Мемлекет басшысының ауыр­ тұрмыстық жағдайда қал­ған отбасылардың несиесін ке­шіру туралы Жарлығы үміт отын тұтатты. Ертеңге деген се­­ні­мі­мізді оңдады. Қазақ халқы қандай заманда да жақсылық пен қам­қорлық жасаудың бәсін биік қой­ған. Жаңа ғасырда да осы үр­дістің үзілмегеніне куә болып, ана­л­ық жү­ре­гіммен шын қуанып отыр­мын.

Рахмет Сізге, Президент! Ел­­­дің молшылықта, бақытты, бақуат­ты ғұмыр кешуі жолындағы барлық бастамаларыңызға риза­шы­лығымды білдіріп, табыс тілей­мін!

Айгүл ТӨЛЕШОВА,

көп балалы ана

     АТЫРАУ

Төбеміз көкке жеткендей қуандық

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың көп балалы, жағдайы төмен отбасы­лардың қарызын азайту жөнінде арнайы Жарлық шығарғанын естіп, төбеміз көкке жеткендей қуанып отырған жайы­мыз бар. Өзім қаладағы Согра ықшам ауданындағы саяжайда 10 жылдай тұрып, жақында ғана облыс әкімінің қолынан екі бөлмелі қызметтік пәтердің кілтін алған болатынмын. Баспана кезегіне 2012 жылы тұрғанбыз. 10 жыл бойы аумағы 12 шаршы метр бір бөлмелі пәтерді пана қылдық. Балаларымыздың алды – 17-де, ең кенжесі – 3-те. Жолдасым 100 мың теңге алады, қолға 84 мыңы тиеді, менікі – 45 мың теңге. Балаларға тиесілі атаулы әлеуметтік көмек жақында қолымызға тиді.

Бүгінде несиесі жоқ қазақ­­­­стандық саусақпен санарлық шығар. Несиені қайбір жетіскен­нен алады?! Жағдайы келмеген­нен соң, айлығы шайлығына жетпегеннен кейін алады. Көп балалы отбасылардың арасында да несие алып, уақтылы жаба алмай, басын тауға да, тасқа да соғып, қиналып жүргендер аз емес. Сондықтан Мемлекет басшысының бұл Жарлығы көптеген отбасыларға жәрдемін тигізіп, оларды қуанышқа бөлейтіні анық.

Гүлзат ӘБДІРАХМАНОВА,

«Алтын алқа» иегері

     ӨСКЕМЕН


Сүйінші хабарға сене алмай отырмын

Мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көп балалы отбасы­лар­­­дың қарызын азайту жөніндегі Жар­лыққа қол қойғанын естігенде, тө­бем көкке екі елі жетпегендей әсерде қал­дым. Дәл менікіндей күйді несиенің қары­зына белшеден батқан талай ана бастан кешіп отыр деп нық айта аламын. Бұл дегеніңіз – халыққа, көп балалы отбасыларына жасалған үлкен жақсылық!

Осыдан екі жыл бұрын қыздарымды оқыту үшін банктердің бірінен несие алған едім. Қолымыздағы азын-аулақ малдың арқасында сол несиені зорға дегенде жауып жүрген жайымыз бар еді. Енді мына сүйінші хабарды естіп, сенер-сенбесімді білмей отырғанымды қарасаңызшы!

Әрине, бұл Жарлықтың жай-жап­сарымен әлі толық таныса қойған жоқ­пын. Дегенмен, біздей көп балалы отба­сы­ларға әйтеуір бір шарапаты тиеті­ніне кәміл сенімдімін.

Үкіметіміздің соңғы кездері көп балалы және аз қамтылған отбасыларына жасап жатқан қамқорлығына риза болып жүрген бізді мына қуанышты хабар тіпті арқаландырып жіберді. Халықтың қамын ойлап, қиын жағдайда жүрген қарапайым жандарға көмек қолын созып, қамқорлық танытқан Президентімізге алғысым зор!

Салтанат САҒАТБЕКҚЫЗЫ,

көп балалы ана

     Қарағанды облысы,

    Ақшағыл ауылы