Қоғам • 27 Маусым, 2019

Жұмыстан қашпаған адам жерде қалмайды

341 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде халықты жұмыспен қамту, табыс көлемін арттыру мә­селелерін басымдық бе­рі­летін бағыттардың бірі ретінде айтқан болатын. «Төртінші бағыт. Жаңа жұмыс орындарын ашу және халықты лайықты жалақымен қамту. Ұлттық табысты әділ бөлу мәселесі бұл – стратегиялық маңызды дүние. Мемлекеттік бюджеттің қаражатын, ең алдымен келешегі зор мақ­саттарға және жаңа жұмыс орын­дарын ашуға бөлу қажет», деген болатын Президент.

Жұмыстан қашпаған адам  жерде қалмайды

Ең төменгі жалақыны 1,5 есе, бюджет қызметкерлерінің жалақы­сын орта есеппен 35%-ға өсіру туралы Елбасы тапсырмасын жүзеге асыруды Президент Қ.Тоқаев белгіленген мерзімнен бір ай ерте бастап, жыл соңына дейін жаңа әлеуметтік бағдарламалардың да дайындалатынын айтты.

Жыл басынан бері бюджет қыз­меткерлері мен білім, денсаулық және мәдениет салаларында аз жа­­­­­ла­қы алатын азаматтардың жалақысы көбейтіліп, таяуда тәртіп сақ­шы­­­­­­ларының да еңбекақысының өсе­тіні айтылды. Осының бәрін алға тартқан Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев жұмыссыз азаматтар үшін де үлкен мүмкіндіктердің бар екенін жеткізгені есімізде. Таяуда халыққа есеп беру кездесуінде министр:

– Ең үлкен мәселенің бірі – халықты жұмыспен қамтамасыз ету. Әрбір қазақстандық жұмыс істесе жағдайы жаман болмайтынын түсінуі керек. Елімізде мүмкіндігі шек­теулі азаматтар 1-3 миллион теңге несие алып, кәсіп ашып, өзі­нен басқа жеті-сегіз адамды асырап отыр. Өміріміздің жақсы болуы өзімізге байланысты, әсіресе, он екі мүшесі сау адамдар. Көп еңбек етсек, көп жалақы аламыз, проблема да аз болады. Ең бастысы, қазақстандықтарды жұмыспен қам­ту үшін республикада «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Былтыр бұл бағдарлама аясында 571 мың қазақ­стандық қамтылуы тиіс еді, бірақ жоспар асыра орындалып 628 мың азаматқа жұмыс берілді. Бюджеттен 107 миллиард теңге бөлініп, шамамен 99 пайызы игерілді, – деді Б.Сапарбаев халыққа есеп беру кез­десуінде.

Б.Сапарбаевтың айтуынша, министрлікте 2030 жылға дейінгі жұмыс картасы жасалған. Сол құ­жат­та тиісті орындарға берілген нақ­ты тапсырмалар бар. Мысалы, халықты толық жұмыспен қам­тамасыз ету үшін жылына кем дегенде 380 мың жұмыс орны ашылуы керек.

2019 жылдың бірінші тоқса­ны­ның қорытындысы бойынша елімізде 9,2 млн жұмысқа жарамды адам бар. Былтыр елдегі жұмыс күші 9 млн болған еді, яғни, бір жылда көрсеткіш 2,2 пайызға өскен. Соның ішінде жұмысы бар азаматтардың саны 8,7 млн-ды құрайды. Яғни, көр­сеткіш былтырғыдан 2,3 пайыз­ға артық. Халықтың табиғи өсі­мімен салыстырғанда жұмыспен қамту көрсеткіші қарқынды өсіп келе жатыр деген сөз. Алайда, жұмыссыздықты төмендетуге бұл аздық етеді. Көріп отырғанымыздай, жаңа жұмыс орындары көптеп ашылғанымен, табиғи өсімнің әсе­рінен жұмыссыздар саны аздап болса да ұлғайып барады. Былтырғымен салыстырғанда биыл жұмыссыздар саны 1,1 пайызға көбейді. Жалпы, жұмыспен қамтылған халықтың 76,4 пайызы, яғни 6,7 млн азамат жалдамалы жұмыспен айналысады. Қалған 2,1 млн өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған жандар.

Жұмыссыздарға келер болсақ, қазір олардың үлесі – 442,9 мың адам. Оның 83,7 мыңының жас мөлшері 15-28 жас аралығында. Өткен жылы жалпы жұмыссыздар санының 437,8 мың болғанын да айта кету керек. Ол кезде жұмыс­сыздар саны 0,3 пайызға азайған еді. Соңғы бірнеше жылда жұмыс­сыздық көрсеткіші азайып келеді, тек биылғы бірінші тоқсанда ғана көрсеткіш сәл көбейді.

Қазақстанда жұмыссыздық бо­йынша төленетін мемлекеттік жәр­демақы мерзімі 4 айдан 6 айға ұзар­тылатынын Бердібек Сапарбаев есеп беру кездесуінде айтқан еді. Өз сөзінде министр жұмыссыз жүр­гендерге төленетін жәрдемақы көлемін өзгерту қарастырылып жатқанын айтты.

– Қазір ол 4 айға дейін ғана тө­ле­неді, енді 6 айға дейін төлеу ой­да бар. Негізінен жұмыссыз қал­ған азаматтар тезірек Жұмыспен қамту орталықтарына баруы керек. Сол кезде бұрын алған жалақы есеп­теліп, алатын жәрдемақы да бір­шама жоғары болады, – деді ол.

Жалпы, мемлекет бюджеттен төленетін әлеуметтік көмек пен жәрдемақылардың 39 түріне кепіл­дік береді. 2018 жылы 3,8 миллион адам (халықтың 20,9 пайызы) жалпы сомасы 2,5 триллион теңгені құрайтын жәрдемақы алса, 800 мың адамға міндетті әлеуметтік сақ­тандыру жүйесінен бөлінетін 190 миллиард теңге төленіпті. 2019 жылы әлеуметтік қамсыздандыруға және әлеуметтік көмекке бөлінетін қаражат көлемі 379 миллиард тең­геге өсіп, 2,9 триллион теңгені құра­ды. Бұл республикалық бюджет шығыс­тарының 27 пайызына тең.

Жұмыссыздық бойынша төле­не­тін әлеуметтік көмекті азсына­тындарға бюджеттен шағын несие де қарастырылған. Бұл жаңадан кә­сіп бастауға талаптанған азамат­тарға таптырмас мүмкіндік. Мәсе­лен, 2018 жылы микрокредит беру бағдар­ламасын қаржыландыру 20 млрд­ теңгеге, оның ішінде ауыл­дарда – 14 млрд, қалаларда – 6 млрд­ теңгеге ұлғайған. Қосымша бө­лін­ген қаражатты есепке алғанда, микрокредит берудің жалпы сомасы 62 млрд теңгені құрады. Оның 45 млрд теңгесі ауылдық жерлерге, 17 млрд-ы­ қалалық жерлерге жібе­рілген. Был­тыр 14 мың адам микро­несие алыпты.

Жалпы, жұмыспен қамтуға билік тарапынан ұзақ жылдардан бері көңіл аударылып келеді. Мәселен, Тұңғыш Президент – Елбасы был­тырғы Жолдауында да, биыл Прези­дент Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағ­­дар­ламасында да ең маңызды мә­селе ретінде халықты жұмыспен қамту және жалақыны өсіру сөз болды. Былтырғымен салыстырғанда Үкі­­меттің бұл бағыттағы биылғы жұ­­мысы қарқынды көрінеді. Жыл соңына дейін бюджеттен бөлі­­не­­тін қаражат еселеп өсіп, елде­гі мың­­даған жұмыссызды кәсіп­кер­ге айнал­дыруға алғышарт дайындалуда.


Бауыржан МҰҚАН, 
«Egemen Qazaqstan»