Руханият • 28 Маусым, 2019

Абайдың атқа міну мәдениеті

1523 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

«Ер қанаты – ат» деген сөз қазақта ежелден бар. Жылқы түлігін қасиетті жеті қазынаның біріне балап, ғасыр қойнауынан жақұт болып жеткен жырларда, дәуір жүгін арқалаған дастандарда азаматы мен қазанаты қоса суреттеліп отырған. Дала данышпаны хакім Абай­дың да жылқыға деген көзқарасы ерек­ше болған. Біз мұны ақынның шы­ғармалары мен замандастарының ес­теліктері арқылы білеміз. Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев өзінің «Ұлы да­ланың жеті қыры» мақаласында қазақ хал­қының атқа міну мәдениетін: «Ат үстінде жүрген көшпенділер тақымына басқан сәйгүлігіне неғұрлым еркін мініп жүруі үшін биік ер-тұрман мен үзеңгіні ойлап тапты. Бұл жаңалық салт атты адамның ат үстінде қаққан қазықтай мығым отыруына, сонымен бірге шауып бара жатып қолындағы қаруын еш қиындықсыз және неғұрлым тиімді қолдануына мүмкіндік берді» деп айрықша тоқталғаны белгілі.

Абайдың атқа міну мәдениеті

Ақын баптаған жүйріктер

Ғасырға жуық тарихы бар, ірге­тасын жиырмасыншы ғасырда қазақ қай­раткерлері қалап кеткен Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық музейінде Абай Құнанбайұлы мен оның айналасында ғұмыр кешкен туыстарының һәм жақын адамдарының ер-тоқымдары сақталған. Музей қо­рындағы жеті ер-тоқым да бүгінгі күні алыс-жақыннан келетін қонақтардың на­зарына ұсынылады. Ақын туралы естеліктерді парақтағанда Абай мен інісі Оспан ауылынан алуан түрлі жүйрік ат пен қыран құстың, ұшқыр тазының сапырылысып елден-елге ауысып жатқанын ұғамыз. Ұлы ақынның ат құмарлығы жайында Тұрағұл Абайұлы: «Шаруаның үш түрін ескеруші еді, жақсы қонысты таңдап қону, жақсы малшыны іздеп тауып ақысын қымбатсынбай алу, жылқының аса ер өтіп кеткені бар ма – соны ғана қараушы еді. Жақсы ат, айғыр сықылды жылқысы болмаса, жалпы жылқысын танымайды... Бір ғадаты жақсы атқа, қыран құсқа құмар еді... Өз атымды өзім мінемін, өз құсымды өзім саламын деп ат пен құс секілді асылы бар кісі қаптал сеніп отыра алмаушы еді... Бір жылы жайлауда біреудің қоңыр атын құлынды биесін беріп сатып алды да, оған көңілі толмай, бауырға түскенде, түйесін беріп Қуқұла деген Қаракесекте атағы шыққан атын алды. Сол секілді біреудің атына көңілі түсіп бұлдап алады да, тез жеріп бір болымсыз адамға бере салғыш еді». Әрхам Ысқақовтың «Абай­­дың өмір жолы» атты естелігінде де Абай мен Оспанның ат пен құсқа деген құмар­лығы айтылады: «Жүйрік ат пен қы­ран құс бізде ғана болу керек деп өзге жұрт­тан сұрап алып, оны тағы біреуге беріп жіберу біздің әдетіміз бол­ған ғой. Мен мойындадым. Бұдан бы­лай елдің жүй­рігін, қыранын алмаймын, біреуге әпер­меймін. Оспанға барып айтың­дар, о да мұнан былай бұндай істен тыйылсын».

Данышпан ақынның кенже інісі Оспан да айналасына сал-серілерді жиып, жүйрік жылқының талай тү­рін ұс­тапты. Мырзалығы келіскен ақын­ның кенже інісі ағасы Абай секілді қо­­лындағы асылын өзі жақсы көрген ада­мына сыйлағыш екен. Бұл туралы Абайдың досы әрі шәкірті болған Көкбай Жанатайұлының «Оспаннан ат сұрап айтқаны» өлеңін дәлел етуге болады. Ел аузында Абай ауылында «Жирен ат», «Аққасқа», «Кербесті», «Қуқұла», «Қарақасқа» сияқты жүйрік ат­тардың, тұрпаты бөлек тұлпарлардың бол­ғандығы туралы көп әңгіме сақталған. Ха­кім Абайдың ат танығыштығы, жүйрік жылқыға құмарлығы қажы Құнанбайдан дарығаны рас-ты. Бәйбішесі Күңкемен шаңырақ көтеріп, Өскенбайдан еншісін алып, бөлек шыққан Құнанбай қажы Ағанас бидің ауылына барып Торшолақ атты қолқалағаны да – қызықты хикая. Құнанбай қажы мен Ағанас бидің арасындағы әңгіме туралы Ахат Құ­дайбердиевтің естелігіне сүйеніп шағын ғана үзінді келтірейік: «Ағанас би Құнанбай қажының кетерінде: – Өзіңнің қалаған-сұрағаның бар ма? – дейді. Құнанбай: – Мен басқа мал алмаймын, Торшолақ атты қалап келдім, – дегенде, Ағанас би: – Мен Торшолақ атты бермеймін, одан басқа не қаласаң, соны ал, – дейді. Құнанбай: – Мен басқа ештеңе қалап келгем жоқ, – деп киіне бас­тағанда, Ағанастың бәйбішесі: – Би, ол іші боқ, сырты түк бір қара емес пе? Ба­лаңыздан торы атты несін аядыңыз? – дейді. Ағанас би: – Мен бұдан атты аяп отырғаным жоқ. Өзін аяп отырмын. Қазір Тобықты басқа елмен жауласып отыр. Еліне жау шапса, бұл жауға, ат­танға шаппай отыра ала ма? Бұл жауға шапса, осы торы атпен шабады. Қара көрсе тоқтамайтын ат оны алып жауға кіреді, не мұның бейнетіне, не ажалына себеп болады», дейді.

Алған бетінен қайтпайтын алғыр мырза сол жолы Ағанас бидің Торшолақ атына мініп еліне қайтады. Еліміз айтатын сол «есті жануармен» бірге Өскен­бай баласының атағы шығып, «аттандап» жауға тиіп, жас Құнанбайдың тұлғасы танылып, абыройы үстем болады. Бала Абай мен Алшынбай бидің де арасында осы тектес сөз ел арасында кең тараған. Ділдәмен отау құрғаннан кейін Абай да қайын жұрты, Арғын, Қаракесек Алшынбайға сәлем бере барғанында бабамыздың кәнігі салтымен «қалаған-сұрағаның бар ма?» деген сөзге шұбар айғырдың үйірі мен бір қысырақты алғысы келетінін айтады. Алшынбай айтқанын бермеген соң, қажы баласы тауаны қайтып, өкпелеп қайтып кетеді.


Қытай асқан Шәкәрімнің Қоңыр аты

Шәкәрім қажының да «Қоңыр ат» дейтін есті жануары болған. Бұл туралы Ахат ақсақалдың естелігі оқырманға үлкен ой салады: «Қоңыр атты әкей дө­­­­­­­ненінде мінді. Мұны басында жыл­­қы­шы мін­ген болатын. Әкей өзінің мініп жүрген дағдылы атын тастап, сол қоңыр дөненді қалап алды. Соған қа­рағанда, жақсы ат болатынын әкей сезген сияқты. Ал Қо­ңыр атты алсақ – биік, аяғы асадалдың ая­ғындай тік, сіңірлі. Қыс­қа бел, басы ет­сіз, екі көзі оттай жайнап тұратын, жал-құй­рығы қара, тұяғы құлан­ның тұяғындай дөң­гелек, тік бақай, сүрінбейтін, жүрісі жай­лы, әлді ат болатын. Сол дөненінен мін­ген Қоңыр ат әкейге біржола үйреніп кет­кен. Әкейді жал­ғыз тастап кетпейтін болған».

Кемеңгер ақын Қоңыр атпен сырласып, елсізде жатып тілдесіп, көлемді дас­тан арнаған. Шығармасына арқау етіп, өз жайынан хабар берген:

– Ей, Қоңыр ат! Қоңыр ат!

Айтайын саған біраз дат!

Тысқарға алып барайын,

Жүгенің шешіп алайын,

Ауылға хабар салайын,

Елге қарай сырқырат,

Кейде желіп, кейде шап.

Көдені жайлап жұлып ап.

Таба жүріп тамақты,

Таң атқанша үйді тап!

Қызыл жендеттердің қыспағынан аман құтылу үшін Зият Шәкәрімұлы әкесінің Қоңыр атымен Қытайға асып кетеді. Қиыр жайлап, шет қонып, елден алыста жүргенде ақынның ұлы да Қоңыр атқа ішіндегі мұң-зарын айтып жыр арнайды. Осыдан-ақ Құнанбай қажы мен ұрпақтарының жылқы түлігіне деген көзқарасы тым жоғары болғанын аңғарамыз.




Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі...

...Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты.  

(«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан)




Музей қорында 7 ер-тоқым сақтаулы

Жә, енді музей қорында сақталған ер-тоқымдар жайына ойысайық. Қазақ халқында ердің «Қазақ ері», «Қоқан ері», «Құранды ер», «Ашамай ер», «Қазық- бас ер», «Орыс ері» деп аталатын көп­­теген түрлері кездеседі. Әр рудың, ай­мақ­тың өзіндік үлгілері болған. Сол сияқ­ты ер-тоқымның түрлері, өзіне тән ерекшеліктері бар. Ер-тоқым – қазақтың ең көп пайдаланатын мүлкінің бірі, бағалы тұрмыстық заты. Бағзы заманда бабаларымыз үйіне келген мейманның мінген аты мен атының әбзелдеріне қарап-ақ оның қай рудан, қай жерден келгенін жазбай танып, дәрежесінің деңгейін, қай өңірдің тумасы екенін де айырып отырған. Ең аяғы қамшыны қалай ұстаудың да өзіндік айтары болған. Егер келген кісі қамшысын бүк­теп ұстап келсе, дау айтуға келгені, бүл­діргісінен іліп, сүйретіп келсе, жоқ іздеп жүрген жан, ал қонақ қамшысын сол үйге қалдырып кетсе, қайта айналып соғамын деген мағынаны білдірген.

Халық арасында ердің жасалу үлгі­сіне қарай «Арғын ері», «Найман ері», «Дулат ері» және «Мұрын ері» деген түрлерін де кез­дестіруге болады. Әйел­дерге арналған ер­лерді алтын, күміс сияқ­­ты аса бағалы та­с­т­армен әшекейлеп жа­са­ту да ел ішінде кең таралып, қолда­ныс аясын кеңейтіп отыр­ған.

Абай Қарқаралыға барып жүргенде Еркін деген шебердің ерін көріп ұнатып, сатып әкеледі. Өз еліндегі Жігітек Өтеп деген ершіні шақырып алып: «Сен ерді осын­дай қылып қос, бұрынғы атқа ауыр, алдыңғы қасы биік, адамға жайсыз үлгіні таста. Бірақ, Қарқаралы елі ер­ді желдік салып мінеді екен, ол артық зат. Сондықтан желдік салмағанда да ат арқа­сына батпайтын болсын» деп өзі қатынаса отырып, әрі жеңіл, әрі сұлу, әрі адамға жайлы ат арқасына тимейтін ер жасатып шығарып, кейінгі жас ершілерге үлгі қалдырады.

Ақынның інісі әрі шәкірті Шәкәрім Абай айтқан «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деген өлшемге лайық сөз сөй­леуді және он саусағынан өнер тамған ер­шінің өнері аса жауапты іс екенін әс­петтеп, өзінің «Ер қоспақ пен сөз сөй­лемек» атты ойлы шығармасын дүниеге әкелген.

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мем­лекеттік қорық-музейіндегі «Ұлы да­ла» бөлімінде көрермен назарына ұсы­нылған аса құнды тарихи жәдігер –Абай­дың нағашы атасы Тұрпанның ері. Тұр­пан – Арғын ішінде айтқыштығымен аты шыққан Тонтайдың інісі әрі Абайдай ақынға өмір сыйлаған Ұлжан ананың туған әкесі. Бұл ер Арқада ақтар мен қызыл­дардың арасында болған қантөгіс пен бай-бағландардың мүлкін тәркілеу кезінде қолды болмай, көненің көзіндей сақталып қалған құнды мүліктің бірі.

Музейдегі «Абай дәуірі» залынан орын алған екінші ер-тоқым – Абайдың көзі тірісінде пайдаланған ері. «Жасында атқа болдырмайтын жүргіш болыпты, мен есімді білген кезде алысырақ жерге арба жегіп, отыз-қырық шақырымдық жерге салт атпен жүруші еді. Жылқы бағып отарға да шығыпты». Тұрағұлдың естелігі мен Абай пайдаланған ерді ақын өмірінің куәгері деуге болады. Бұл жәдігер Н.Долгополов арқылы Се­мейдің тарихи-өлкетану музейіне өткізілген. 1964 жылы абайтанушы Қайым Мұхамедхановтың бастамасымен ақын музейіне көшірілген.

Ер-тұрман әбзелдерінің ең бастысы – күміс ер. Бұл ерді «Абай дәуірі» залынан көруге болады. Абайдың жары Әйгерімнің елінен ұзатылғандағы жасауымен бірге келген күмістелген ер-­тоқым. Хакім Абай үйінің аса ба­ға­лы жәдігері 1928 жылы Тұрағұл Абай­ұлының шаңырағын тінту кезінде тәр­кіленген. Әйгерімнің ер-тоқымы үзеңгі, тартпасы, таралғысы, өмілдірік, құйыс­қаны түгелдей күмістеліп, қазақы ою-өрнектермен әшекейленіп, түрлі-түсті бағалы тастармен безендірілген. Тоқымын былғарымен қаптап, төменгі жағына екі қатардан ақ түсті металдан қазақы өрнектер таңбаланған. Тө­менгі жағының екі қатардағысын жал­пылай санағанда 18 үшбұрышты, 13 гүлді және 4 жағынан бұрыштай жап­сырылған зооморфтық өрнекті көреміз. Бұл күміс ердің алдыңғы және артқы қастары түгелдей дерлік күміспен жабылып, өрнек, мық шегелермен және үш түр­лі бағалы тастармен безендірілген. Абайдың Жидебайдағы музей-үйінде Абайдың жары Әйгерімнің заты делі­нетін екінші ер-тоқым бар. Бұны Абай өзі­нің сүйген жары Әйгерімге сыйлапты. Жидебайдағы ер-тоқымның да ал­дыңғы және артқы қастары күміспен бедер­ленген. Алғашқы ер-тоқымнан айыр­машылығы, алдыңғы қасында бағалы әшекей бұйымдар жоқ және тоқы­мының пішіні Найман үлгісіне келеді. Осыған қарағанда Найман шеберінің қо­лынан шыққан бағалы бұйым болса керек. Со­ны­мен бірге музей қорындағы асыл жәді­герлердің бірі – Мұхтар Әуезов­тің ері. Бұл ер XX ғасырдың 50-жылдары жасалған. 1957 жылы ғұ­лама жазушы 60 жылдық мерейтойы қар­саңында елге келгенде пайдаланған. Күміс­телген элементтері бар. Жасыл түсті. Ұзын­дығы – 62 см, биіктігі – 28 см. «Шә­кәрім саят қорасы» музейінде тұр­ған тағы бір бағалы жәдігер – Абай өнер мек­тебінің көрнекті өкілдерінің бірі, ха­лық ақыны Тәңірберген Әміреновтің ер-тоқымы. Ер-тоқымда «Ер иесі КСРО Жазушылар одағының мүшесі, халық ақыны Тәңірберген Амренов» деген жазу таңбаланған. Абай музейінің асыл қорындағы жетінші ер-тоқым «Жаз» залында келушілер назарына ұсы­нылған. Бұл ер-тоқым Ырыздықбай қора­сынан табыл­ған. Иесі белгісіз. Жақсы сақ­талғаны көзге анық көрінеді. Жасалу үл­гісі сал-серілердің ер-тұрманына келеді.


Қуат ҚИЫҚБАЙ,

музейдің жетекші ғылыми қызметкері

Шығыс Қазақстан облысы

 

Суретте:  Абайдың жары Әйгерім­нің ер-тоқымы