Қазақстан • 28 Маусым, 2019

«Жасыл» экономика жолындағы жаңғыру

1193 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бүгінде аса маңызды міндеттердің біріне айналған энергия қорларын үнемдеу шаралары, оның сыртында энергияның баламалы түрлерін өндіруді дамытуға, күн, жел, су энергиясын пайдаланатын технологияларды белсенді енгізуге елімізде стратегиялық міндеттер кезең-кезеңімен іске асырылып келеді. Елдегі электр энергетикасы саласын реформалау нәтижесі энергия тапшы өңірлерде үнемділікке қол жеткізуге болатынын көрсетті, әсіресе шалғай аймақтарды дамытудың маңызды факторына айналып отыр.

«Жасыл» экономика жолындағы жаңғыру

Экологиялық күн тәртібіндегі шешуші ұйым болып саналатын Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі жөніндегі негіз­демелік конвенциясы мүше­лері 2015 жылы желтоқсанда Киото хаттамасының орнын басатын Париж келісімін қабылдады. Климаттық дипломатияның не­гіз­дерін ту еткен Қазақстан әлем­нің өзге елдері сияқты климат бойынша Париж келісіміне қол қойып, 2030 жылға қарай парниктік газ шығарындыларын 1990 жылдың деңгейімен са­лыс­тырғанда 15%-ға шартсыз қысқарту, сондай-ақ 25% мөл­шерінде халықаралық қолдау тапқан жағдайда шартты түрде қысқартуды мәлімдеген болатын.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптас­қан мем­лекеттің жаңа саяси ба­ғыты» атты Қазақстан халқына Жол­­дауын­да көмірсутегі эконо­ми­касының дәуірі бірте-бірте аяқ­талып келе жатқанын адам­заттың тіршілігі бір ғана мұ­най мен газға емес, энергия­ның жаңғыртылатын көзде­ріне негізделетін жаңа дәуір келе жатқанын атап өтті. Осы мақ­сатта Қазақстан Респуб­ли­касы Президентінің 2013 жыл­ғы 30 мамырдағы №577 Жар­лы­ғымен бекітілген Қазақстан Рес­публикасының «жасыл» эко­номикаға көшуі жөніндегі тұжырымдамасы негізінде нақ­тылы қадамдар жасалып келеді.

БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттары мен Париж келісі­мінің және «жасыл» экономика қағидаттарының іске асуына Қа­зақстанның бел­сен­ді қол­дау көрсетіп отыр­ғаны ЖЭК жобалары мен жасыл инвестициялар нарығын дамытудағы оң өзгерістерден анық байқалып отыр.

Энергетика министрлігінің дерегіне сүйенсек, жаңар­тылатын энергия көздерінің үлесі 2012 жылдан бастап елі­мізде электр энергиясын өн­дірудің жалпы көлемінде 2 есеге артса, 2017 жылы 1 пайызға жеткен. Бұл ретте қуаттылығы 50 МВт болатын Қазақстан аумағындағы алғашқы ірі күн электр стансасы са­налатын «Бурное» КЭС жобасы сәтті іске асырылды деп айта аламыз. Жамбыл облысында орна­ласқан Орталық Азиядағы ірі күн электр стансасының моно­кристал­ды тақталары жылына шамамен 72 млн КВт/сағ өндіреді. Бұл іс жүзінде 35 мың жеке үй шаруашылығын қамтамасыз етеді деген сөз.

Ал Ерейментау қаласында іске қосылған ел тарихындағы ең алғашқы өнеркәсіптік жел паркі бүгінде ел игілігіне қызмет етіп тұр.

ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің нысандарын жаңартылған энер­гия көзімен қамтамасыз ету мін­деті жүктелген нысан Қазақ­станның географиялық орнала­суы мен орасан мол жел ре­сурс­тарын игеру тұрғысынан бір­қатар артықшылықтарды көрсе­тіп берді.

Сол тәрізді баламалы энергия көздерін пайдалануға бағыт­талған жобаларды дамыту бо­­йынша Шығыс Қазақстан об­лы­сындағы іске асырылып жатқан кешенді шаралар жаңғыр­ты­латын энергия көздерін пай­даланудағы әлеуетіміздің зор еке­нін айқындайды. Бұған өңір­­дегі 3 жел және 1 күн электр стансасының құрылыс жұмыстарының қарқынды жүргізіліп жатқаны дәлел.

2009 жылы елімізде «Жаңар­ты­латын энергия көз­дерін пай­далануды қолдау туралы» Заң қабылданды, ал кейінірек 2010 жылғы 19 наурыздағы Пре­зи­денттің Жарлығымен жа­ңар­­­тылатын энергия көздерін пайдалану үшін нысандарды орналастыру жоспарын әзір­леу мен оларды дамытуды қам­­та­ма­сыз ету тапсырылды. Қа­был­­данған Заңда және заңға тәуелді актілерде мемлекет тарапынан қолдау тетіктерінің, сондай-ақ уақтылы енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың нәти­же­сінде елімізде экономикалық, əлеуметтік жəне экологиялық үш компоненттің басын біріктіретін тұрақты дамудың моделі қа­лып­­тасты. Мысалы, мемлекет тіркелген тарифтер немесе аук­циондық бағалар бойынша ЖЭК электр энергиясының барлық көлемін кепілді сатып алу, ЖЭК электр энергиясын тасымалдау үшін ақы төлеуден босату, Кәсіпкерлік кодекске сәйкес инвестициялық преференциялар түрінде қолдау көрсетеді. Заңнамалық деңгейде электр энергиясы нарығына қол жет­кізу бойынша белгіленген кепіл­діктерді бастапқы кезеңде тіркелген тарифті енгізу есебінен жаңартылатын энергия көздеріне инвестициялар үшін бірқатар қолайлы жағдай жасалған. Бұл тарапта Қазақстандағы ЖЭК саласындағы барлық жобалар инвесторлардың меншікті және қарыз қаражаты есебінен жүзеге асырылатынын атап өтуіміз қажет. Сондай-ақ үнемді жобаларды таңдауда ЖЭК сала­сын­дағы технологиялардың қар­қынды дамуы мен бәсекеге қабілетті іріктеуді өткізу үшін аук­циондық сауда-саттық тетігі қысқа уақытта тиісті мүм­кін­діктерді көрсетіп берді. Мұн­дай механизм қазір әлемнің шамамен 70-ке жуық елінде іске асы­рылып отыр.

Әлемдік тәжірибе көрсет­кен­дей, экологиялық модернизация идеялары әсіресе Германия, Франция, ҚХР, Нидерланд Ко­роль­дігі сынды елдерде бел­сенді түрде алға басып келе­ді. Мысалы, Қытай Халық Республикасы 2017 жылы 85 көмір электр стан­са­ла­рының құрылысын тоқта­ту туралы жариялады. Яғни, ірі үш қала – Бейжіңде, Шанхайда жә­не Гуанчжоуда жаңа көмір стансаларын салуға толық тыйы­м салынды. Сол сияқты ЕО-да же­текші рөл атқаруға ұмтылатын Нидерландыда 2030 жылға қарай көмірмен жұмыс істейтін электр стансалары біртіндеп жабылады деп болжануда. Ал Германия «Энергетикалық бұрылысты» – көмірсутегі және атом энергетикасынан біртіндеп бас тартуға бағдарланған мақсатты бағытын іске асыруға кірісті. Аталған елдер­дің басым бөлігінде жаңар­тылатын энергия көздерін дамыту белгілі бір мемлекеттік саяси, заңнамалық және тікелей қаржылық қолдаумен жүзеге асырылып келеді. Жыл өткен сайы­н климаттық дипломатияның ық­пал ету саласы кеңейе түс­ке­нін ескерсек, Еуроодақ мем­ле­кеттерінің кешенді іс-ша­ралары мен озық тәжірибесін зерт­теп-зерделей отырып, бас­шылыққа алу арқылы аталған сала­дағы бірқатар нарықтық те­тік­терді рет­теуге болатынын көр­сетті.

Орта мерзімді перспективада тұрақты өсуді қамтамасыз ету үшін баламалы энергия көздерін дамыту Қазақстанның ұлттық стратегиялық басымдығына ай­налды. Жаңартылатын энер­гия көздерін дамыту «Жас­ыл» эко­номикаға көшу жөнін­дегі тұжырымдамаға сәйкес 2020 жылға қарай электр энергия­сының жалпы көлемінде ЖЭК үлесін 3%-ға жеткізу жоспар­ланған. Дегенмен, жаңартылатын энергетиканың негізгі мәселесі – маусымдық және климаттық тұрақсыздығы болып отыр. Осы­ған байланысты электр энергия­сын жеткілікті көлемде жинақтау мүмкін еместігі Қазақстанда электр энергиясына тәуелді 70 пайыз өндірістік компания­лар үшін өте маңызды болып қала бермек. Ал тау-кен өндіру және өнеркәсіп секторларынан кейін елдегі электр энергиясының көлемі бойынша үшінші тұтынушысы болып табылатын тұрғын үй секторы үшін орны бөлек. Бұл ретте энергетикалық тапшылық басқа энергия көздерімен реттелуі немесе өтелуі тиіс деп санаймын.

Қазір климаттың беталысы үлкен қарқынмен өзгеріп жатқаны рас, сондықтан оның алдын алу мақсатында ғаламдық жылыну процесінде дәстүрлі энергетиканың үлесін азайтуға әлем болып шындап кірісті. Ауа райының күрт өзгеруінен қатты жауын-шашын (қалың қар және нөсер жаңбыр), қалыпсыз құрғақшылық, мұздықтардың азаюы, су тасқыны, топан су, көшкін, сел, дауыл, шаң мен тұз дауылдары сияқты төтенше ауа райы жағдайлары мен табиғи апаттардың саны көбеюде. Сондықтан әлемдік ауқымдағы экологиялық мәселелер бойынша ұжымдық шешімдер қолайлы қоршаған орта, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және адам өмірі мен денсаулығы, экономика, бизнес үшін экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі параметрлерін үнемі із­деуде. Сарапшылардың айтуынша, климаттық жағдайлардың өзгеруінен әуелі экономика сала­лары, оның ішінде ауыл шаруа­шылығы үлкен шығындарға ұшырауы ықтимал. Егістік алқап­тары мен шабындықтар азайып, дәнді дақылдардың өнім­ділігі төмендеуі елдегі азық-түлік қауіп­сіздігіне де қауіп төнді­ре­тінін жекелеген жағдай­лар көр­сетіп отыр.

Қазгидрометтің мәліметінше, Қазақстанда жыл сайынғы орташа температура әр он жыл сайын 0,34 градусқа артып барады. Бұл ретте Қазақстан өз экономикасын мұнай мен газға толығымен артып қоймай, əртараптандыруға бет алып, тұрақты дамуға қолай­лы жағдай жасауға барынша күш салып келеді. Сондықтан да жаңартылатын ресурстар мен энергия көздерін пайдалану сала­сындағы бәсекеге қабілетті ғылыми және инновациялық технологияларды құру бойынша зерт­теулер жүргізу осы саладағы ба­­сым міндеттерге айналып отыр.

 

Дүйсенғазы МУСИН,

Парламент Сенатының депутаты