Солардың бірі – «Жасыл» экономика және G-Global-ды дамыту коалициясы» ұйымдастырған әлеуметтік жоба. Осы жоба арқылы ауыл әйелдері жеке кәсібін бастауға болады. Жоба негізінде 10 адамға 4 мың доллар тұратын грантты ұтып алуға мүмкіндік бар. Бұл жөнінде барлық мәліметті өңірлерде басталатын ауыл әйелдерінің облыстық форумдарында білуге болады.
Ауыл әйелдерінің ІІ Республикалық форумын өткізуге арналған брифингте сөз алған Парламент Мәжілісінің депутаты, форумды ұйымдастыру комитетінің төрағасы Майра Айсина аталған шара ауылдың әлеуетін көтеру, әйелдердің мүмкіндігін арттыруға бағытталғанын айтты. «Әр әйелге – іс, елімізге – табыс» деген ұранмен биыл екінші рет өткелі отырған форумды Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы, сондай-ақ Еуропалық басқару және даму банкі қолдады», деді комитет төрағасы. Оның айтуынша, биылғы ауыл әйелдерінің республикалық форумы 7-9 қараша аралығында елордада өтпек. Оған дейін осы ауқымды шараға дайындық ретінде облыстық форумдар 4 шілдеде Алматы облысында бастау алып, қазан айында Қызылорда облысында аяқталады. Облыстық форумдар әр өңірде екі күн болады, онда түрлі тренингтер, мемлекеттік және жекеменшік жобалардың түсіндіру жұмыстары, консультациялар мен кәсіпкер әйелдердің ынталандыратын баяндамалары жоспарланған.
Форум жұмысының барысымен кеңірек таныстырған «Жасыл» экономика және G-Global-ды дамыту коалициясы» басқарма төрағасы Салтанат Рақымбекова 14 облыста да форумның басталғанын жеткізді. «Біз былтырғы ауыл әйелдерінің республикалық І форумында 250 көшбасшы нәзік жандарды іріктеп, марапаттадық. Олар – қазір тамаша тренерлер. Көшбасшы қыз-келіншектердің сөзі, ісі, ойы мен әрбір әрекеті кәсіпті енді бастамақ ауыл әйелдерін сөзсіз шабыттандырады», дейді. Оның мәлімдеуінше, коалиция қоғамдық ұйым ретінде өз жұмысын бастаған облыстық форумдардың күн тәртібі шеңберінде үш бастама ұйымдастырыпты. Олар: «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасын қолдау жөніндегі меморандумға қосылу, «Ауылды тұрақты дамыту үшін үздік тәжірибелер мен бастамалар» онлайн-платформасы құрылды, сондай-ақ жетістікке жеткен ауыл әйелдерінің республикалық марафоны жарияланды.