Үкімет • 28 Маусым, 2019

Жағдайы төмен отбасыларға жасалған бірегей көмек

969 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов Президенттің «Қазақстан азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» Жарлығын іске асыру бойынша атқарылатын жұмыстар жайын баяндады.

Жағдайы төмен отбасыларға жасалған бірегей көмек

 Оның айтуынша, Президентке азаматтар тарапынан тұтынушылық кепілсіз несиелерді төлеуге көмектесу туралы көптеген өтініш келіп түсуде. Оның ішінде әлеуметтік жағынан әлжуаз азаматтар, бұл – көп балалы отбасылар, мү­гедек балалары бар отбасылар, жалғыз асы­раушысынан айырылған отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жетім балалар түрлі себептерге байланыс­ты өмірлік қиын жағдайларға тап болып, өздеріне алған несиелік міндеттемелерді өтей алмай жүрген осы санатқа жататын азаматтардың несие борышы мемлекет тарапынан өтелмек. Жарлықтың мақсаты – өмірлік қиын жағдайларға тап болған қазақстандықтарға жәрдемдесу, өз отбасыларының қаржылық жағдайын жақсартуға мүмкіндік беру. 

− Жарлықта Үкімет пен Ұлттық банк­ке бір жолғы акция ретінде келесі шара­ларды қабылдау тапсырылды. Тіке­лей атаулы қаржылай көмек ретінде жоғарыда аталған санаттың әрбір қарыз алушысына мемлекет екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржы ұйымдарында негізгі борышы мен оған есептелген сыйақының жалпы 300 мың теңгеге дейін қарызын жабады. Сонымен қатар қарыз бойынша жалпы берешегі 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 млн теңгеден аспайтын болуы керек. Банктер мен шағын қаржы ұйымдарында кепілсіз тұтынушылық несиелері бар барлық азаматтар үшін 2019 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша жинақталған айыппұлдар мен өсімақылар алынып тасталады. Бұл есептен шығару екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржы ұйымдары есебінен жүзеге асырылмақ, – деді Ә.Смайылов. Бұған қоса, мерзімі өткен, берешегі 90 күннен асып кеткен жеке тұлғалардың барлық кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойын­ша кредитті берумен және оған қызмет көр­сетумен байланысты тұрақсыздық айыбын, комиссиялар мен өзге де төлемдерді есептеуге тыйым салынады.

Қазіргі уақытта бұл бағытта атқа­ры­латын жұмыстар басталып та кетті. Банктердегі тізімді айқындау, әлеуметтік қамсыздандыру органдарының тізімімен салыстыру жұмыстары жүргізілуде. «Барлық санаттағы азаматтардың тізімін банк мекемелерінің мәліметтерімен салыстырып жатырмыз. Себебі нақты санаттағы азаматтардың қарызын өтей­тінімізді білуіміз керек», деген Ә.Смайы­лов шілде айында қарызды өтеуге байланысты қаражатты пысықтау жұмысы Парламентте қаралатынын жеткізді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта рес­публикалық бюджеттен бөлінетін 88 млрд теңгеге қосымша 17 млрд теңге қосу үшін проблемалық кредиттер қоры­ның облигациялары шығарылмақ. Парла­менттен өткеннен кейін айқындау, пысықтау жұмыстарын 10 шілдеде аяқтап, бірден несиені жабу бойынша жұмыстар басталады. Жалпы, жұмыс алдағы 2 айда бітеді деп күтілуде.

Тұтынушылық несиелерге қатысты қалыптасып отырған күрделі жағдай қайталанбауы тиіс. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мұндай ахуалдың алдын алу мақсатында Ұлттық банк реттеу сипатындағы қатаң шаралар қабылдап, шектен тыс тәуекелге барғаны үшін қаржы ұйымдарына жүктелетін жауапкершілікті күшейтуі тиіс.  Қаржылық ахуалын одан әрі нашарлатпау үшін табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіндегі азаматтарға займдар беруге заң аясында тыйым салынатын болады. Ұлттық банк кепілсіз тұтыну займ­дарын беру кезінде қосымша реттеу шараларын қабылдайды. Ә.Смайыловтың айтуынша, қазақстандықтардың несие­лері бойынша айыппұлдар мен өсімдерді алып тастау банктерге салмақ түсірмейді.

− Айыппұлдар мен өсімдер бойынша 75 пайызы расында да қаржы ұйымдары тарапынан өтеледі. Бұл жұмысты Ұлттық банк банктермен және шағын қаржылық ұйымдармен бірге келісім бойынша жасайды. Айыппұл, бұл – пайыз. Банк­тердің өздері қойған пайыздары. Бұл банктерге ешқандай салмақ түсір­мейді, – деді Ә.Смайылов. Оның айтуы­на қара­ғанда, екінші деңгейлі банктер мен қар­жылық ұйымдарда қарыз несиесі өте­летін азаматтардың тізімі бар.

Жиында Премьер-Министрдің орын­басары Гүлшара Әбдіқалықова азамат­тардың борыш жүктемесін төмендету жұ­мысы Жарлықта көрсетілген нақты кри­терийлерге сәйкес болатынын атап өтті.

− Аталған шаралармен кепілсіз тұты­ну­шылық несиелері бар азамат­тардың барлығы қамтылмайды, мем­лекеттің көмегіне аса мұқтаж жандар ғана қам­тылады. 18 жасқа дейінгі 4 және одан көп баласы бар отбасылар көп балалы отбасы ретінде есептеледі. Базалар бо­йынша осындай отбасылардың несиелері бар ма екені қаралады. Екінші – асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты төлем алатын отбасылар. Бүгінде мемлекетімізде асыраушысынан айырылған 600-ге жуық отбасы бар. База бойынша банктермен келісілген түрде осы отбасылардың қаншасы несие төлеп отырғаны қаралады, – деп түсіндірді вице-премьер. Сондай-ақ ол банктер осындай отбасылардың несиесінің бар-жоғын анықтау үшін атаулы әлеуметтік көмек алушылар базасын қарайтынын атап өтті. Бүгінде 240 мыңға жуық отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады.

− Олардың барлық деректері тіркел­ген. Сондықтан да аталған мәселе бойын­ша біз екінші деңгейлі банктермен кез­де­семіз. Әрине, олардың барлығы несие ал­маған. Бізге олардың ішінен несие төлеп отырғандары мәлім болады, тағы да тексерістер жүргізіледі. Алдын ала деректер бойынша, мемлекет көмегіне аса мұқтаж әрі несиелері бар азаматтар саны 443 мыңды құрайды, – деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі. Сондай-ақ ол осы қаржылай көмекті көрсету кезінде несиенің қандай мақсатта алынғанына қатысты ешқандай да тексеріс жұмыстары жүргізілмейтінін айтты.