Қатыгездік қасіреті
Сенбі, 30 наурыз 2013 2:03
Өмір бар жерде, өлім бар дейді. Бірақ ажалы жеткендер мен ажалы адам қолынан келгендердің қазасын ешқашан салыстыруға болмайды. Сондықтан ең ауыр нәрсе күнә кісі өлтіру деп есептелген. Алайда, жұрттың бәрі бұны күнәнің ең ауыры-ау деп қаперіне тоқып жатыр деп айта алмайсыз. Кісі өлтіру де, оған қоса қыз зорлау да жиі қайталануда. Осындай ауыр қылмыстардың ізін суытпай ашып, сотқа заң талаптарымен дәлелді тарта білген тергеушінің бірі Астана қаласы ІІД тергеу басқармасының аға тергеушісі, аға лейтенант Дияс Тоқатов дер едік.
Сенбі, 30 наурыз 2013 2:03
Өмір бар жерде, өлім бар дейді. Бірақ ажалы жеткендер мен ажалы адам қолынан келгендердің қазасын ешқашан салыстыруға болмайды. Сондықтан ең ауыр нәрсе күнә кісі өлтіру деп есептелген. Алайда, жұрттың бәрі бұны күнәнің ең ауыры-ау деп қаперіне тоқып жатыр деп айта алмайсыз. Кісі өлтіру де, оған қоса қыз зорлау да жиі қайталануда. Осындай ауыр қылмыстардың ізін суытпай ашып, сотқа заң талаптарымен дәлелді тарта білген тергеушінің бірі Астана қаласы ІІД тергеу басқармасының аға тергеушісі, аға лейтенант Дияс Тоқатов дер едік.
Иә, тергеушілер еңбегін көп адам біле бермейді. «Ана адамды өлтірген ұсталыпты ғой, сотталыпты» деген әңгімемен бәрі бітеді. Ал тергеуші үшін кісі өлімі құпиясын ашу қаншама тер төгумен келетінін ешкім ойлап жатпайды. Ол олардың міндеті дейді. Сол міндеті болғандықтан да аға лейтенант Д.Тоқатов үш бірдей ең ауыр қылмыстың бетін ашты.
Соның бірі Астана қаласының Сарайшық көшесіндегі №30 үйдің кіре берісінде кешкі сағат тоғыздың шамасында болған оқиға. Отыз жастағы жігітті біреулер жүрек тұсынан аяусыз пышақтапты. Марқұм алған жарақатынан тіл тартпай кеткен. Ал бұл адамға көз алартқан, дүние мүлкіне көз тіккен, қызметіне қызыққан жандар көп болуы әбден мүмкін екен. Өйткені, марқұм қызметі ойдағыдай жүріп, табысы өрлеп тұрған ЖШС директоры болып шықты. Сондықтан кәсіпкерлер арасындағы бақталастар да, байлығына қызыққандар да, дүниесіне таласқандар да оны жазым қылуы бек мүмкін еді. Сонда ол кім? Жоғарыдағылардың қайсысы?
Сөйтсе, тергеу барысында анықталғандай, Астанаға оңтүстік аймақтың бірінен жұмыс іздеп келген Болат есімді жігіт елордадағы «сәтті күндерін» түнгі клубтан бастапты. Мұнда бәрі бар: арақ та, есірткі де, жеңіл жүрісті бойжеткендер де, ақша да, қару да… Тек тәртіп жоқ. Бұл жолы солай болды: Болат саны жалтыраған, омырауы ашық қыз үшін астаналық Есбергенмен шекісіп қалды. Жұдырықтарын тас түйіп орындарына жайғасқан. Бірақ тыныштық көпке ұзамады. Болатты Есбергеннің бірнеше жолдастары келіп, тысқа шақырып алып кетті. Ар жағы белгілі – нағыз жігіттер жекпе-жекке шығуға тиіс. Кім күшті, сол ана бикештерге ие болмақ.
Әрине, Болат оңбай таяқ жеді. Тіпті, соққылардан есінен танып қалды. Дегенмен, ол таяқ жейтінін алдын ала білсе керек, Есберген көлігінің нөмірін есіне сақтап қалды. Ішіне кек түйіп, қан жұтты. Енді оған жұмыс іздеу емес, Есбергенді тауып, кегін қайтару басты мәселеге айналды. Мұны досы Тәңірбергенге барып айтты. Іздейік, табайық, өшімді алайын деді. Бірнеше күн Астананы шарлап жүріп, ақыры Есбергеннің көлігін кездестірді. Ол сол жағалаудағы Сарайшық көшесінде орналасқан сәнді үйдің бесінші қабатында тұрады екен.
Сол күні марқұм кешкісін сағат ондар шамасында үйінің алдына келіп көлігін қойды. Кіреберістегі пәтерінің қоңырау түймесін басып, әйеліне өзінің келгендігін хабарлады. Әйелі сонда күйеуімен домофон арқылы соңғы рет тіл қатысқанын және оның ажалына есік ашқанын қайдан білсін. Кіреберісте тығылып күтіп тұрған Болат пен Тәңірберген Есбергенді қақ шекеден сом темірмен қойып қалып, оған қоса қарнына пышақ сұқты. Бітті. Көзді ашып-жұмғанша бір адамның басы жарылып, іші ақтарылып, көз жұмды. Қолда қолғап, аяғына кигендері із түспейтін тегіс табанды қонышты етікті Болат пен Тәңірберген темір мен пышақты пакетке салып, қойнына қыстырды да далада тұрған көліктеріне отырып, жөндеріне кете барды.
Содан тергеуші Дияс Тоқатов кісі өлтірушіні іздеуге кірісті. Түнгі клубта орын алған Болат пен марқұмның арасындағы шекісті бәрі ұмытып кетіпті. Марқұмның жолдастары оны қатардағы күнделікті қайталанатын сан жағдайдың бірі деп есептейді екен. Бірақ қамырдан қыл суырғандай әрбір оқиғаны, жағдайды елек пен таразыдан өткізе білген тергеуші Дияс нағыз кісі өлтіруші кім екендігін дәлелдеп берді.
Ал елорданың темір жол вокзалы маңайында пәтер жалдап тұратын Нұржан кешкілік бір бөтелке арақты жартылай тартып алған соң тұла бойы қозып, бойдақтығы сезіліп, сонан тынышы кетіп, вокзалға қарай бет алды. Бұл кезде түн ортасы ауып кеткен, жаяу жүргіншілер жоқтың қасы. Оның үстіне бұл жақта қаланың орталық көшелеріндегідей жарқырап тұратын самаладай жарық шамдар жоқ. Сондықтан жалғыз жортқан қарақшыға қолайлы аудан. Кенет Нұржан поездардың темір жолдары үстінен салынған аспалы көпірмен біреудің асықпай түсіп келе жатқанын байқады. Арақтың қызуымен тұла бойындағы күші тасып тұрған жігіт «кім де болса мейлі тонайын немесе зорлайын» деп ойлады. Айтқандай-ақ «жолы болар жігіттің жеңгесі алдынан шығады» дегендей, сұңғақ бойлы мөлдіреген бір ару келе жатыр. Мұндай қолайлы сәтті Болат қалай ғана құр жіберсін. Артынан мысықтабандап келді де қаусыра құшақтап тамағына кездігін тақай қалды. «Дыбысыңды шығарсаң – лақша бауыздай саламын!» деді зілденіп.
Әп-сәтте қуыршақтай сүйкімді, сымдай тартылған қызды дедектетіп жан аяғы баспайтын қуысқа алып келді. Сосын аузынан сілекейі ағып, алқына дем алып: «Шешін!» деп бұйырды. Қыз оған көнсін бе, шыңғырып жіберді. Бірақ оның дауысын еститіндей жақын маңайда жан жоқ екені белгілі. Сонда да болса алғашқы қарсылықтан сәл тосылып қалған Нұржан мұндайды талай көріп жүргендей есін тез жиып, етегіне қос қолдай жабысқан қызды бетінен бір ұрды. Соққы қатты тиді. Қарсылық бірден тыйылды. Енді қыздың өз бетімен киімін шеше алмасын біліп, өзі іске кірісті.
Бойжеткен біреудің алақанға салып әлпештеп отырған жалғыз қызы екенін, өзінің сүйікті жігітіне тұрмысқа шыққалы жүргенін, мұның тағдырына балта шаппауын, бағын байламауын өтініп, ағатайлап жанұшыра жалынды, жылады. Бірақ тоңмойын арсыз дүлей өзінің нәпсісін ғана көздеді. Сөйтіп, таң қылау бергенше талықсыған дәрменсіз қызды қайта-қайта зорлады. Өмірде мұндай зорлық болады деп ойламаған да, көрмеген де, білмеген де қайран жас ару енді ғана бүршік жарған сабағынан үзіліп түскен гүлдей табанға тапталып қала берді.
Кім зорлады? Қандай мақұлық мұны жасаған? Ешкім білмейді, қыздың өзі де ештеңе жарытып айта алмайды. Бірақ білікті әрі тапқыр да зерек тергеуші үшін иненің жасуындай ілік болса да жетіп жатыр емес пе. Соны тарқатып, іздеп, із кесіп, қыздың денесіне жағылған ұрықты зерттей келе аға лейтенант Диас Тоқатов қылмыскерді тап басып, анықтады. Ол оңбаған ұсталып, қапасқа тоғытылды. Арақтың қызуымен бүлдіріп қойыппын, бір еркектік шалалық жасаппын деп басын тасқа соққаны әлі көз алдында. Бірақ кешірім болмады.
Ал үшінші қылмысты ашу тіптен күрделі болғаны анық. Елордадағы Алматы ауданына қарасты «Халыққа қызмет көрсету орталығында» күзетшіні түнде біреу өлтіріп кеткен. Мұны нағыз кәнігі қылмыскер жасағаны анық байқалады, егер күзетші өз-өзін өлтірмеген болса. Өйткені, тыстан ешкім кірмеген секілді: есік ашылмаған, терезе бұзылмаған. Бәрі іштен ашылады. Бірақ жертөледегі терезе әйнегі іштен сынған, өйткені, зерттеу соны көрсетіп тұр. Жертөледен бірінші қабатқа, яғни күзетші тұрған бөлмеге өту үшін темір есік ашылуы тиіс. Ол да іштен ашылады.
Кім қалай кірген, кім шыққан? Сонымен, бұл шырмауықтай шырматылған өрмек торын тарқатуға тағы да Дияс тергеуші білек сыбана кірісті.
Сөйтсе, бұл сұмдық Астанаға жұмыс іздеп келген орда бұзар отыз бестегі жігіт ағасының істеген «тірлігі» болып шықты. Ол бұл сойқанды келе сала жасамаған, әуелі осы ХҚО-ның жанындағы шеберханаға терезе, есік құрастырушы және оны орнатушы болып жұмысқа орналасады. Сонда «Халыққа қызмет көрсету орталығының» есік, тесігін түгелдей біліп алады. Қалай кіру қажет, жабық болған жағдайда қалай шығу керек деген секілді, көзін байлап қойса да қажетін адаспай табатындай дағдыланады. Ал, ең бастысы, темір есіктерді күнделікті өзі орнатып, алып жүргендіктен ол құлыптаулы болған жағдайда оны да топсасымен білдіртпей алып, орнына қайта орнатуды үйренеді.
Бірде ол күзетшімен шекісіп қалады да, екеуі дүрдараз болып жүрді. Ақыры өзінен әлдеқайда күші басым күзетшіден таяқ жеп, есесі кеткендіктен түнделетіп жасырынып барып өлтіруді дұрыс деп тапты. Сөйтіп, жинаған тәжірибесін пайдаға асыруды әуелі ХҚО-ға кіруден бастады. Ол түннің бір уағында өрт сөндіру баспалдағымен ғимараттың төбесіне шықты. Қолына сол жерден басында шегелері бар жұмыр таяқты алды. Осымен күзетшінің басынан ұрмақшы болып бекінді. Сөйтті де, өзі білетін қақпақтың бұрандаларын асықпай ағытып ашып, шатырға түсті. Одан үшінші қабатқа баратын темір есікті де қиналмай ашып, ішке енді. Содан бірінші қабатқа түссе өзі бар құрылысын білетін, іштен ғана ашылатын дәу темір емес, болаттан құйылған есік өткізер емес. Мұның аржағында алаңсыз теледидар тамашалап күзетші отырғаны белгілі. Руслан әлгі болат есіктің жақтауының сылақтарын түсіріп, темір кірмелерді ептеп суырып, есікті әп-сәтте жақтауынан босатып, сәл жылжытты. Өзі сыятындай саңылау пайда болғанда зып етіп ішке кірді. Енді күзетшінің бөлмесі алыс емес.
Бірақ күзетші де бір нәрседен күдіктенді ме, қарсы келе жатыр екен. Русланды көргенде таң қалды: – Өй, сен мұнда қалай кірдің?! – деген сұрақ аузынан еріксіз шығып кетті. Бірақ ол жауаптың орнына қақ маңдайдан құлаштай ұрылған соққыны алды. Үшкір шегелер кірш етіп сүйектен өтіп, миға қадалды. Күзетші жан тапсырды. Мұнан кейін Руслан асықпай әндете жүріп, күзетшінің ұялы телефонын, жоғары қабаттағы ХҚО бастығының бөлмесіндегі жеке заттарын алды. Сосын болат есікті орнына салып, ізін жасырып, жертөлеге түсті. Ондағы шығар есік сырттан құлыптаулы тұр екен. Мұны ашуға біраз уақыт жұмсайтын болғандықтан, жертөленің терезе көзін сындырды. Сол кезде абайсызда қолын қанатып алды. Одан еңбектеп шығып бара жатқанда бір аяқ киімі қыстырылып шешіліп, ішке түсіп кетті. Оны алуға уақыт жоқ. Ескі аяқкиімді кім ескере қояр дейсің деп, тайып отырды.
Міне, осы аяқкиімді қолына түсірген тергеуші Дияс көп кешікпей оның соңынан қуып жетті. Руслан, әлбетте, қашты, Алматыға барып жасырынды, одан Шымкентке келді, ақыры ұсталды. Ал оның бұл қылмысты қалай, қайтіп жасағанын тергеуші нақты дәлелдермен алдына қойды. Руслан бәрін мойындады. Сөйтіп, бұл қылмыстардың бәрі әйтеуір ашылды дейміз ғой, бірақ «кекке – кек, қанға – қан» деген заман келмеске кеткен секілді еді. Өкінішке қарай, ауру қалса да әдет қалмайды дегендей, сол заманның сырқаты қайта орала бастағандай көрінеді. Қалай болғанда да, шындықтан қашып құтылу мүмкін емес дейді бұрынғылар. Сол шындықты мына Астана қаласының ІІД тергеу бөлімінің аға тергеушісі, аға лейтенант Дияс Тоқатов секілді ізшілер ашып, құлағдар етіп отыр. Демек, сақ болатын, темірдей тәртіпті қолға алатын кез келді, ағайын.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».