Қашан қояды?
Сәрсенбі, 3 сәуір 2013 2:19
Сыбайлас жемқорлыққа салыну аса қатаң жазаланатынын жұрттың бәрі біледі. Алайда, жемқорлықпен байымаса аштан қатып өлердей ұрлыққа, сыбайластыққа әбден дәніккен кейбір шенеуніктер заңға пысқырып та қарамайды. Олардың мемлекетті тонауды, елді соруды қашан, қалай, қайтіп қоятынын ешкім айта алмайды. Мұндай бассыздықты тоқтату керек, жегендерін желкесінен шығару керек дегелі де көп болды. Бірақ, нәтиже аз.
Сәрсенбі, 3 сәуір 2013 2:19
Сыбайлас жемқорлыққа салыну аса қатаң жазаланатынын жұрттың бәрі біледі. Алайда, жемқорлықпен байымаса аштан қатып өлердей ұрлыққа, сыбайластыққа әбден дәніккен кейбір шенеуніктер заңға пысқырып та қарамайды. Олардың мемлекетті тонауды, елді соруды қашан, қалай, қайтіп қоятынын ешкім айта алмайды. Мұндай бассыздықты тоқтату керек, жегендерін желкесінен шығару керек дегелі де көп болды. Бірақ, нәтиже аз.
Соның бір дәлеліндей айғақтар кеше Парламент Сенатының депутаты Оралбай Әбдікәрімовтің төрағалық етуімен өткен «Нұр Отан» ХДП жанындағы Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес отырысында сөз болды. Аталған отырыста «Қостанай облысында «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі бағдарламасының іске асырылу барысы туралы» мәселе қаралды. Бұл мәселені қарауға не түрткі болды десек, Қостанай облысы нағыз сыбайласқан аймақтардың бестігіне кіреді екен. Біреулер сыбайластық шырмауынан шығуға ұмтылып жатса, аталған облыс бұған кіруге жанталасқан секілді. Өйткені, Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің мәліметтеріне қарағанда, облыста жемқорлық қылмыстарының өшуі емес, керісінше, өршуі байқалып отырғандай.
Ал біздің елде жемқорлық қылмыстарының алдын алу, болдырмау үшін қаншама заңнамалар қабылданды. Сыбайлас жемқорлықпен айналысқандарды жауапқа тартатын арнайы заң да бар. Қарамағындағы қызметкерлері арам іспен айналысқаны үшін басшылық та жауаптан жалтара алмайтыны талай айтылды. Қайсыбір жалмап жегендер сотталып та жатыр. Бәрінен бұрын елдің, халықтың қазынасын ұрлауға болмайтындығы, бұған тек ардан безген, ұяттан жұрдай болған алаяқтар баратыны туралы сол облыстың әкімдігінде де талай мәрте сөз болғаны анық. Алайда, осылардың бәрін көре тұра, біле тұра сыбайласқан жемқорлыққа жол беру нені білдіреді?
Айту қиын. Себебі, облыста әкімдіктер мен олардың құрылымдық бөлімдері қызметкерлерінің арасында сыбайластық кең етек алғаны көлденең тартылды. Сыбайластық жемқорлық көрсеткіш бойынша ішкі істер органдарының қызметкерлері екінші орынға іліккен. Бұлар осылайша сыбайластықтың басында тұрған соң не қайыр? Ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, лицензиялық-бақылау салалары жемқорлыққа әбден бой алдырыпты. Сол сияқты, «Ақ бұлақ» бағдарламасын орындау кезінде көптеген заң бұзушылықтарға жол берілген. Мәселен, Есіл топтық су құбырын қайта жөндеудің өзінде ғана 150 млн. теңгеден астам қаржы қолды болған. Сөйтіп, Қостанай облысында 2009 жылы 41 жемқорлық қылмыс тіркелсе, 2012 жылы ол 90 қылмысқа жеткен. Яғни, 3 жылдың ішінде олардың саны 2,2 есеге өскен! Енді бұдан кейін төмендеген шығар деп ойлайсыз ғой, жоқ, үстіміздегі жылдың 2 айы ішінде ғана 21 жемқорлық қылмыс жасалып үлгеріпті.
Аталған Кеңес Қостанай облысында неліктен сыбайласқан жемқорлық қылмыстары көп деп зерттеп көрсе, келеңсіз көріністердің артуының бір сыры – облыс әкімдігінің жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі комиссияның жоқтығында жатыр екен. Соның салдарынан «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқтықтан ба, әйтеуір заңсыз нормативтік-құқықтық актілерді шығару кеңінен етек алған. Жер заңнамасы саласында 877 заң бұзушылық айқындалған. Орындалмаған борыштық міндеттер бойынша кепілге қойылған жер пайдалану құқығын өз еркімен беру туралы жалған келісімді сатып алу-сатудың жасырын түрі ретінде пайдаланып келген.
Бұған қоса, 2011 жылы Қаржылық бақылау инспекциясы 9 573,1 млн. теңге сомасында бюджеттік заң бұзушыларды анықтаған. 2012 жылы қаржылық тәртіптің төмендеуі тағы көрініс тауып, бұл енді 30 225,8 млн. теңге сомасында заң бұзушылық болып көрініс берген. Осының бәрі облыстағы сыбайлас жемқорлықтың өршіп тұрғанын білдіреді. Бұған енді кім, қалай тосқауыл қоймақ?
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».