Аймақтар • 01 Шілде, 2019

Жетісу жерінде өткен қазақ-қырғыз зиялыларының форумы «Манас» фестиваліне жалғасты

872 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Алатаудың қос қапталын қатар жайлаған қазақ пен қырғыздың тарихи тамырластығының бір көрінісі екі халықтың ортақ мәдени мұраларымен де айқындалады. Мәселен, қырғыздың ұлттық шежіресіне айналған «Манас» эпосы қазақ арасында кеңінен таралып, рухани құндылық ретінде қалыптасқанына ғасырлар жүзі болды. Бұл сабақтастық қазір де ортақ мәдениет үлгісін қалыптастырып, тың ғылыми зерттеулерге, ғаламдық танымдық жобаларға ұласып отыр. Қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың хатқа түсіруімен берісі Алаш баласына, арысы түгел түркі жұртына танылған «Манас» жырының әуезді мақамы Тәуелсіз екі елдің азат ұрпағын мәңгілікке әлдилей беретініне кім дау айтар...

Жетісу жерінде өткен қазақ-қырғыз зиялыларының форумы «Манас» фестиваліне жалғасты

Қазақ-қырғыз зиялыларын не толғандырады?

Осыдан шамалы уақыт бұрын Түркі жұртының мәдениеті мен тарихын түгендеп, жаңа заманға лайықты рухани сабақтастықты жаңғырту мақсатында 5 мем­ле­кет­тің қолдауымен Халық­аралық Түркі академиясы құ­рыл­­ған болатын. Бүгінде бұл академияның тілі, ділі, тари­хы ұқсас қазақ, қыр­ғыз, өз­бек, әзербайжан, түрік ұлты арасындағы мәдени байланысты ілгерілету бағытындағы жұ­мысы ұшан-теңіз. Оның жар­қын мысалы ретінде соңғы 3 жыл бойына тұрақты өтіп келе жат­қан  қазақ-қырғыз зиялы­ла­рының форумын айтуға болады. Биылғы басқосу Жетісу жерінде жалғасты. Талдықорған қаласына жиналған екі елдің зия­лы қауым өкілдері ұлт, тарих, ұрпақтар сабақтастығы, дәстүр жалғастығы мен мәдени байланыстарды дамыту жайындағы ойларын ортаға салды. «Ұлы даланың мәңгілік мирасы – Манас» атауымен жалауын кө­тер­ген жиын екі күнге ұласты. Ру­хани шараның тұсаукесері І.Жансүгіров атындағы мәде­ниет сарайында Алматы облы­сы­ның әкімі Амандық Бата­ловтың құттықтау сөзімен бас­талды. Елбасы Нұрсұлтан На­зар­баевтың. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағ­дарламалық мақалаларында айтылған ұлттық құндылықтар мен рухани мұраны дәріптеп, жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталған аймақ басшысы қазақ-қырғыз зиял­ыларының бас қосуына сәт­тілік тіледі.

– Халықаралық Түркі академиясы жыл сайын дәс­түр­лі түрде қазақ-қырғыз зия­лы­ларының форумын ұйымдас­тырып келеді. Биылғы форумның киелі Жетісу жерінде жалғасын табуы – біз үшін үлкен мерей. Қазақ-қырғыз тарихының тамыры тереңде жатыр. Ежелден бауырлас елдің тұтас тарихына зер сал­сақ, қан­шама ұлы адамдар, батырлар мен билер шыққан. Олардың асыл мұраларын сақтап, рухына тағзым ету – ұрпақ парызы, – деді өз сөзіндеАлматы облы­сының әкімі Амандық Баталов. 

Ал жиын барысында сөз алған Қырғыз Республикасының Қазақ­стандағы Төтенше және өкілеті елшісі Жээнбек Кулубаев: «Алып Ала­таудың арғы-бергі бетін ен жайлаған қазақ пен қырғыз ежелден өрісі бір бауырлас халық. Өз­деріңіз білесіздер, бүгінде екі елде де туризмді дамытуға мүм­кіндіктер қарастырылуда. Ыс­тық­­көлге Алматы облысынан адам көп келеді. Демалушыларға өз алғысымызды білдіреміз. Қа­зақ­­стандық туристерге есі­гіміз әрдайым ашық. Қос елдің таби­ғаты да бір-біріне ұқсайды. Бұл ту­ризмді, әсіресе ауыл, соның ішінде, мал шаруашылығын да­мытуға ерекше септігін тигі­зуде. Сондықтан, біз Жетісу өл­кесімен бірлесе жұмыс істеп, ынтымақтастығымызды өркен­детуге әзірміз», дей келе Қыр­ғыз­­­стан Президенті Соорон­бай Жээнбековтің форумға қаты­су­шыларға жолдаған құт­тық­тау хатын оқып берді.

Сондай-ақ осы жиында Ха­лықаралық Түркі академия­сы дайындаған «Манас эпосы» кіта­бының тұсауы кесіліп, зия­лы қауым назарына ұсыныл­ды. Мұнан кейін форум жұ­мы­сы Алматы облысының «Ру­хани жаңғыру» жобалық кең­сесіндегі зиялылар симпозиумына жалғасты. Бұл жерде зия­лы қауымды толғандырған мәселелер айтылды.

Сонымен екі ел зиялыларын не толғандырады екен? Бұл сұраққа Қырғызстан Прези­дентінің кеңесшісі, жазушы Сұл­­тан Раев қазақ-қырғыз зия­­лы­ларының ортақ рухани мүдде тұрғысында еселі еңбек­теніп отырғанын айта келіп, әдебиет пен өнер әлеміндегі сабақ­тас­тықтың енді әлемдік мә­де­ни байланыстардағы орынын ай­шықтауымыз керек деген пікі­рімен жауап берді.

– Қазақстан мен Қырғыз Республикасы қазіргі дүние жүзінің танымында тілі, түрі ұқ­сас бір халықтың екі мемле­кеті сияқты сипатталып жүр. Біз бұған қуануымыз керек. Ин­­те­грацияланған заманда біз туыс­қан ұлт ретінде өз мүд­де­лерімізді бірігіп қорғауға да­­­йын­быз. Жалпы, қазақ пен қыр­­­ғызды мәдени сабақтастық қана емес, әлемдік деңгейдегі сая­си ұстаным да жақындастыра түсті. Жері шекаралас, елі ара­лас мемлекеттердің үлкен мақ­сатқа жету жолындағы сөзі де бір жерден шығуы тиіс. Ал елді біріктіретін, ұлттың сөзін сөй­лейтін оның зиялы қауы­мы. Осы тұрғыдан алғанда Ха­лық­аралық Түркі академия­сы ұйымдастырып отырған зия­лылар форумының маңызы ерекше. Бүгінгі басқосуда айтыл­ған пі­кірлерді қорыта келе, ер­тең­гі рухани сабақтастықты дамы­тудың жаңа жоспары жасалды. Бұл екі елдің мәдени байланыс­тарына ғана емес, саяси-эко­номикалық ұстанымдарына да оң ықпал етеді, – дейді Сұлтан Раев. 

Қазақ зиялылары да бауырлас елмен арадағы сабақтастықтың тереңдеуіне ықыласты екен. Қа­зақ­стан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет те қырғыз жазушысының сөзін құп­тайды.

– Бірлігі мықты елдің бола­шағы зор. Ал бір ананың екі ба­ла­сы сияқты туыстас қос мем­лекеттің барлық салада тізе қо­суы айбынымызды асыра түс­пек. Жалпы, қазақ пен қырғыз әдебиетінің ортақ жетістігі көп. Еларалық байланыстың тамы­ры өте тереңде екенін біле­сіз­дер. Біз бір-бірімізді толық­ты­рып отырған бауырлас ұлт­пыз. Мұның мысалы ретінде Шо­қанның «Манас» эпосын хатқа түсіріп, әлемдік мәдениет жауһары ретінде танылуына сіңірген еңбегін алайық, одан берідегі Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовтың аға мен бауырдай болып араласып, өлмес туындыларымен қазақ-қырғыз достығын мығымдап кеткенін айтайық, барлығы жарасымды, – дейді ақын Ұлықбек Есдәулет.

 

«Манас» жыры – Ұлы даланың мәңгілік мирасы

Талдықорғанда басталған қазақ-қырғыз зиялыларының форумы аясындағы шаралар легі Алматы облысының Кер­бұлақ ауданында жалғасты. Шоқан мәңгілік тыныс тапқан мекенде меймандарды Алматы облысы әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев пен Кербұлақ ауда­нының әкімі Махаббат Бигелдиев күтіп алды. Екі ел зия­лыларының тобы осы өңір­де Шо­қан Уәли­хановтың мемо­риал­дық кешеніне тәу етіп, «Манас» фес­тиваліне қа­тысты. Фес­ти­валь­де қазақ-қыр­ғыз жыршы­лары «Ма­нас» жы­рын жатқа айтудан жа­рысқа түсті.

– Қырғыз xалқының тағдыры мен тариxы түгел қамтылған кең тынысты «Манас» эпосы қазаққа жат емес. Ортақ атамыз Алаштан басталып, ноғайлы дәуірімен жалғасып, ер Көкшемен өрілген ұлы жырда қазақ рулары тегіс аталып, бауырлас елдің батырлары қатар жүреді. Эпосты ең алғаш xатқа түсіріп, тасқа басып, тәржімалап, әлемге танытқан Шоқан Уәлиxанов болды. Ол жыр­ды Қашғар сапарында Бо­ранбай бидің ауылында жатып, Назар Болатұлы деген манасшыдан жазып алған екен. Шоқанның қолжазбасын тауып қайта жария­лаған академик Әлкей Марғұлан еді. Ал ұлы дастанның басына қара бұлт үйіріліп, солақай саясаттың құрбанына айналып кеткелі тұрған елуінші жылдары «Манасқа» Мұxтар Әуезов араша түсіп, аман алып қалған, – деді Кербұлақ ауданында өт­кен «Манас» фестивалінде сөз алған Халықаралық Түркі ака­демиясының президенті, тарихшы ғалым Дархан Қыдырәлі.

Айтпақшы, Халықаралық Түр­кі академиясы ұйымдастыр­ған биылғы шараның шымыл­дығы түрілетін сәт ұлы жазушы Мұxтар Әуезовтің дүниеден өткен күніне тура келіп, қазақ-қырғыз зиялылары Алматыдағы жазушы кесенесіне тағзым етіп, дұға бағыштады. Ал Кер­бұ­лақ даласындағы Шоқан Уәли­хановтың табан ізі қалған төбе басында Қырғызстаннан келген 3 манасшы мен қазақ жырауы, ақын Баянғали Әлімжанов эпостан үзінді айтып, жиналған жұртты жауһар жырмен сусындатты.

Қазір Халықаралық Түркі академиясы манасшылардың әлемдік деңгейде мойындалуы­на күш салып жатыр. Жалпы эпосты мақамына келтіріп жат­қа соғатын жыршылар саны отыз­­­дың үстінде ғана екен. Түр­­­­­­­­­­­кі академиясы ендігі жерде «Манас» фестивалінің дәстүрлі түр­­де өтуіне мұрындық болып, манасшыларға «Түркі әлемінің манасшысы» деген арнайы сертификат беруді қолға алып отыр.

– Қырғызстанның өзінде манас қонған жыршылар саны саусақпен санарлық қана. Жырды кәдімгідей айтқанда адамды транстық күйге дейін жеткізетін 5-6 адам ғана қалды-ау. Мен осы Жетісуда өткен фестивальде қазақтан шыққан мықты манас­шы Баянғали Әлімжановтың ма­қамына ұйыдым. Жырау сах­нада «Көкетайдың асын» 20 минут бойына жырлағанда көзім­нен аққан жасты тыя алмай отырдым, – дейді форум қо­нағы, Қырғызстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Қа­лыбеков.

Осылайша Алматы облы­сының әкімдігі мен Халық­ара­лық Түркі академиясы бі­рігіп ұйымдастырған қазақ-қыр­­ғыз зиялыларының фору­мы «Манас» фестивалімен түйін­делді. Та­ғылымды шараға жиыл­ған танымал ғалымдар мен бел­­гілі қай­раткерлер екі елдің бауыр­ластық байланыстарын осындай іс-шаралар арқылы дамыта беру жөнінде тоқтамға келді. Ал екі ел зиялыларының келесі форумы Ыстықкөл жағалауында өтетін болды.

 

Алматы облысы