Қазақстан • 01 Шілде, 2019

Жас келсе, іске...

2335 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде айтқан 10 бастаманың ішінде әсіресе жастар мәселесіне ерекше ден қойған болатын. Президент: «Елбасы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. «Жастар – ел тірегі» арнайы жобасы іске қосылды. Жастардың бизнес-бас­тамаларын ынталандыру үшін «Жас кәсіпкер» дамыту бағдар­ламасын жүзеге асырудамыз. Менің міндетім – сіздердің үлкен армандарыңыз орындалу үшін барлық мүмкіндіктерді жасап, «табыс сырына» жетуге жол ашу», деді. Бұл Мемлекет басшысының бойында қабілеті бар прогресшіл ұрпаққа айрықша сенім артып отырғанын көрсетсе керек.

Жас келсе, іске...

Бизнес әлемінде табысқа жету­дің жолын әркім әртүрлі түсінеді. Жасыратыны жоқ, кейбір азаматтардың таудай талабы болғанымен, білімі жетіспей жатады. Ал қабілеті барлар жеке амбициясына малданып, уақыт өте келе бастаған ісін жарты жолда тастауға мәжбүр.  «Ақылды көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра», дейді дана халқымыз. Осы ретте  жастарды бизнестің қыр-сырына қанықтырып елдегі кәсіпкерлік ортаны арттыруда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жөні бөлек. Әсіресе ұйымның бастамасымен қолға алынған «Бастау Бизнес», сондай-ақ «Жас кәсіпкер» сынды қанатқақты жобалар Қазақстандағы іскерлік салаға жан бітірді десек, артық айтпаспыз.

Әлемдік деңгейде алып қарасақ, жас кәсіпкер санатына 18-35 жас аралығындағы азаматтар кіреді екен. Қазақстандағы бұл жас мөлшері – 18 бен 29-дың арасы болатын. Кейін бұл категорияға жататын азаматтардың жас мөлшері ұлғайтылды. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту және микроқаржы­ландыру департаментінің сарапшысы Қуаныш Ернияз «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша 2017-2018 жылдар ішінде 40 мыңнан астам адам арнайы оқыту курсынан өткенін, соның 11 мыңы өз кәсіптерін ашқанын жеткізді.

– 11 мың адамның 30 пайызын жас­тар құрағанын айта кеткен орынды. Көбінесе жобаға қатысушылар IT, сауда, өндіріс салалары бойынша өз істерін бастады. «Жас кәсіпкер» бағдарламасын іске асырмас бұрын қанатқақты режімде 4-18 наурыз аралығында Алматыда 40 адамды тестік тәртіпте оқытып, жастардың қауқары мен сұраныстарын пысықтадық. Алда тағы да осындай шаралар жүргізіледі, – дейді Қ. Ернияз.             

«Жас кәсіпкер» – «Бастау Бизнес» жобасына ұқсас жастарды кәсіпкер­лік­ке тартуға негізделген оқыту курсы. Мұндағы көзделген меже – жұмыс­сыз­дықты төмендету, озық бизнес идеялар­ды іске асыру арқылы жастар­дың кәсіп­керлік әлеуетін дамыту. Сол секіл­ді ауылдық елді мекендерде, моноқалаларда микронесиелер және кепілдіктер беріп кәсіпкерлік бас­тамалар­ды қолдау. Аталған жоба – neet са­натындағы жастарға, аз қамтылған көп­балалы жас отбасыларға әрі 18-29 жас ара­лы­ғындағы еңбекке жарамды мүм­кін­­дігі шектеулі жандарға арналыпты.

– Қазір жастарды кәсіпкерліктің қыр-сырын оқытып, бизнестің дағдыларына үйрететін бизнес-жаттықтырушыларды жобаға қатысуға шақырамыз. Республика бойынша 20 мың адамдыды осы шара аясында қамту көзделген. Олардың басым бөлігі Алматыда – 3200 адам. Десек те, мұны арттыру мәселесі жақын уақытта қарастырылмақ. Болжамға сәйкес бұл тізім Алматы шаһарында 10 000 адамға жетеді деп күтілуде.  Олардың дені 18-29 жас аралығындағы жұмыссыз жастар, – дейді «Атамекен» ҰКП Жаппай кәсіпкерлікті дамыту және микроқаржыландыру департаментінің директоры Бауыржан Оразғалиев.

Кәнігі майталмандар жастарға кәсіп­керлікті жүргізудің түрлі қыр-сы­рын меңгертпек. Атап айтқанда, инвестиция тартудан бастап маркетингтік зерттеу жүргізуге дейін әрі  басқа да бизнес-субъектілер арасында экономикалық байланыстарды тиімді орнатудың әдістеріне қанығатын болады. Курстың ұзақтығы үш аптаны құрайды екен. Оның барысында тыңдаушылардың көшбасшылық қабілетін дамыту үшін арнайы психологтар да тартылады деп көзделуде. Осының нәтижесінде қатысушылардың кемінде 20 пайызын бизнеске жұмылдыру міндеті тұр.

  – Неліктен қазір Аtameken fest форумы сынды жиындар жиі өткізіліп тұрады? Себебі жастардың көпшілігі жетістікке жеткен замандастарын тыңдап, тәжірибе алмасқысы келеді. Ал 90-шы жылдары кәсіптерін ашқан адамдардың психологиясы бөлек. Олардың іскерлік болмысы өз замандарына сай. Сондықтан бүгінгі жасқа өз дәуірінің хедлайнері жақын. Қазір ғаламторды пайдаланбайтын жас­тар кемде-кем. Бұл орайда «Atameken Academy» электронды алаңы – тәулік бойы онлайн режімінде отыратын жастарға кәсіп ашуға таптырмас құрал. Мұнда оқу курсы интерактивті түрде жүргізіледі. Тағы бір айта кетерлігі, биыл ел көлемінде 10 мың грант бөлінді. Ол «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкерлік курсты тәмамдаған тыңдаушыларға тағайындалады. Оның көлемі 200 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Сонымен қатар онлайн франшиза биржасын құруды қолға алдық. Онда бизнес ашудың тиімді жолдары және шектеулі инвестициямен жұмыс істеу­дің ұтымды әдістері, бұған қоса кәсіп­керлік пайдалы бағыттарына қатысты электронды каталог ұсынылады, – дейді Қ.Ернияз.      

Сарапшы маман осы саланы өр­кендетуде отандық қаржы институттарымен де қарқынды байланыс орнағанын айтады. Мысалы, жастар бизнесін кепілсіз жеңілдікпен несиелеу қолға алынуда. Соған сәйкес қаржы ұйымдары 5 пайызбен 15 млн теңгеге дейін инвестиция құюға әзір. Ең бас­тысы, ұсынған жобаңыз тартымды әрі сауатты құрылған болуы шарт дейді «Атамекен» ҰКП өкілі. 

Сөз басында айтып өткеніміздей, Президент елді әлеуметтік-экономи­калық тұрғыда өркендету ісінде жастарға ерекше сенім артып отыр. Білім-білігі жоғары, еңбек кетуге құлшынып тұрған жастардың саны көбейсе, бұл ел эконо­ми­касының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететіні сөзсіз. 


Жақсылық МҰРАТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»