Аймақтар • 01 Шілде, 2019

Ұшқан ұяда өткен тағылымды кездесу

418 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлағаттың ордасы, руханияттың жалғасына айналған қара шаңырақ – Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды бала­ларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернаты 1957 жылы құрылғалы бері нағыз отаншыл азаматтарды тәрбиелейтін, қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын жалғыз мектеп-интернат ретінде еліміздің егемендік рухын оятуға ықпал етті. Өйткені бұл білім ордасының тарихы – бір ғана мектептің соқпағы емес, алдыңғы толқын ағалардың үлгілі соқпағын кейінгі толқын інілерге жалғайтын керуен, ұрпақтар тарихы. Сол себепті де біз осы мектепте оқып шыққан айтулы азаматтар мен толағай тұлғаларды есімізге түсіріп, санамалай бастағанда-ақ, оның қаншалықты абыройлы, қаншалықты киелі екенін сезіне түсеміз. Мектеп-интернатымыздың баптап, аламан бәйгеге қосқан құлагердей жүйріктерінің бірі – мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов.

Ұшқан ұяда өткен тағылымды кездесу

Өнегелі өмір жолында еліне зор еңбегін сіңіріп, халқының тұлғалы азаматына айналған, КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік ко­митетінің төрағасы лауазымында, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінде жауапты басшылық қызметтер істеп, кейін Қазақстан Рес­публикасы Ұлттық қауіпсіздік ака­демиясын басқарған, Орталық Азиядағы халықаралық есірткіге қар­сы күрес орталығы директорының орын­басары қызметін атқарып жүрген кәсі­би маман, парасатты басшы Әділ Шаяхметұлы туралы аталмыш мек­теп­те «Ұлы да­­ла қыраны» атты кітаптың тұсауы ке­сіліп, генерал-лейтенант Әділ Шаях­­­­­­метов атындағы алғашқы әскери дайын­­дық кабинеті ашылды.

Бұл іс-шараға елімізге танымал мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев, мемлекет және қоғам қайраткері Шәмша Беркімбаева, Қа­зақстан Рес­публикасы Генералдар кеңесінің төрағасы, әділет генерал-майоры Рүстем Қайдаров, ҰҚК Алматы қа­ласы бойынша ардагерлер кеңесінің төрағасы, полковник Әбдімәлік Ра­йымқұлов, көптеген әріптес генерал­дар, офицерлер қа­ты­­сып, қонақ болды. Сонымен қа­тар кезінде Әділ Шаях­метұлына са­­бақ берген ұлағатты ұстаздары, оның ішінде Орынша Қарабалина-Қазыбаева, Гүлжауһар Жексембина, Нағима Бекмағамбетова және басқа да мұғалімдер, азаматтың отбасы, туыстары, бірге өскен жер­лестері, сыныптас, интернатта бірге оқыған достары және әріптестері жиналды.

«Әділ Шаяхметов Ұлттық қауіп­сіздік комитетінде ұзақ жылдар бойы мінсіз қызмет етіп келеді. Бұл – еліміздің қауіпсіздігін, шекарасының берік болуын қамтамасыз ететін мемлекеттік орган. Әділ Шаяхмет­ұлы­ның жоғары деңгейдегі мемлекет қайраткері дәрежесіне жетуі оның білімінің тереңдігі мен дайындығының жоғары деңгейде болғандығының арқасы деп ойлаймын.

Осы шараны ұйымдастырған мек­теп-интернат директоры Роза Ер­бо­зымқызына, игі істерге атса­лыс­қан оқы­тушылар мен оқушыларға риза­шылығымды білдіргім келеді», – деді мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев.

«Өзім ұстаз болғандықтан, осы іс-шараның, әсіресе балаларға үл­кен әсер бергенін байқадым. Әділ Шаях­метов өзі оқыған осы мектепке ылғи келіп, барлық өзекті пробле­маны біліп, оны шын пейілімен шешуге атсалысады. Сонымен қа­тар Әділ Шаяхметов Саурық батыр ауылындағы бастауыш класта оқы­­­­­­ған, мектебіне күрделі жөндеу жа­сауға, спорт кешенін салғызуға ық­пал етті. Осындай азаматтардың қа­тары көбейіп, жастарға қамқорлық көр­сетсе, кәсіпкерлер байлықтарынан мәдениет саласына, оқу орындарына қа­райласса, ұлтымызға үлкен қызмет жа­саған болар еді», деді мемлекет және қоғам қайраткері Шәмша Бер­кім­­баева тебіреніспен өз пікірін біл­дірді.

Өз кезегінде генерал-лейтенант Ә.Шаяхметов: «Талантты ұстаздың шәкірті талапты болады» деп хал­қымыз бекер айтпаған ғой. Кезінде бізді білім нәрімен сусындатқан Орын­ша Қарабалина-Қазыбаева апайымыз бастаған ұлағатты ұстазда­рымыздың біразы бүгінде зей­нет де­малысында, оларға шексіз алғы­сым­ды білдіремін. Білім ордасында ұстаз­дардың ұйғаруымен менің атыма арнап әскери дайындық сыныбын ашып, маған арнап «Ұлы дала қыраны» кітабын шығарғандары мен үшін өте үлкен құрмет», деп атап өтті.

Мектеп-интернатқа оқушылар Қа­­зақстанның түкпір-түкпірінен жи­­­­­­­­­налған. Олар білім ордасына әр об­лыстардан үлкен сыннан өтіп қа­был­данады. Оларға қоятын талап та өте жоғары. Сондықтан жоғары дең­­­гейдегі талаптың, жастардың өз­де­рінің талпыныстарының ар­қа­­сында мек­теп ұжымы үлкен нәти­желерге қол жеткізіп отыр.

Сөз соңында, алтын ұя мектебі­міздің, хан сарайына бергісіз ақ ор­­­­­дамыздың «ел үшін еміреніп, жұрт үшін жүгініп қызмет етер» (Б.Мо­мышұлы) Әділ Шаяхметовтей шәкірт­тері жыл санап арта берсін  дегіміз келеді. Қазақстанның көк байрағын биік ұстар азаматтарымыз осы мектептен тәрбиеленіп, алда талай белес­терге жетіп, асқар шыңдарды бағын­дыр­сын деген жүрекжарды лебізімізді білдіреміз.

 

Роза СЕКСЕНОВА,

Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатының директоры