Қоғам • 01 Шілде, 2019

Көкшеге тамсанады көпшілік

480 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өзін елінің шынайы патриоты санайтын әр азаматтың Отанға деген сүйіспеншілігі ең алдымен өзінің туған жерге деген сүйіспеншілігінен, тарихы мен салт-дәстүріне деген қызығушылығы мен құрметінен бастау алары сөзсіз. Өз халқыңның басынан кешкен тарихын танып-білмей, болашақты болжау, бүгінгі заманды түсіну мүмкін емес.

Көкшеге тамсанады көпшілік

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының «Туған жер – туған ел» бағытын жүзеге асыру аясында Ақмола облысы Мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының Көкшетау қаласының тарихы музейі қызметкерлерімен бірқатар танымдық жобалар жүзеге асырылуда.

Көкше өлкесі – тарихи оқи­ғалар мен аттары аңызға ай­­нал­ған біртуар тұлғалар: ел қорғаған батырлар, ақын-жы­­раулар, би-шешендер дү­ниеге келген киелі мекен. Қопа көлінің оңтүстік жағалауы мен Бұқпа шоқысының етегінде, табиғат сұлулығы қайталанбас аймақта орналасқан Көкшетау қаласының құрылғанына биыл 195 жыл. Ақмола облысының әкімшілік орталығы болып табылатын қаламыздың ме­рей­тойына орай музей қыз­меткерлерімен арнайы жос­парланған түрлі форматтағы танымдық іс-шаралар, атап айтар болсақ, көрікті қаламыз бойынша автобустық экскурсиялар, қаламыздың құрыл­ғанынан бастап бүгінгі күнге дейінгі даму жолынан мағ­лұмат беретін жылжымалы фотокөрмелер, кездесу­лер, дә­­­­рістер, байқаулар, экс­по­зи­циялық залдар бойын­ша қы­зықты экскурсиялар көп­шілік көңілінен шығуда.

Солардың бірі – Степногор қаласының тарихи-өлкетану му­зейінде 20-25 маусым ара­лығында өткен «Туған өлкем – көрікті Көкшем» ат­ты жылжымалы көрме. Көр­ме экспозиция­сы арқылы Степногор қаласы тұрғындары мен қала қонақтары Көкшетау қаласының құрылу тарихы, экономикасы, өндірістік кәсіпорындары, денсаулық сақтау, мәдениет, білім беру, спорт салаларының дамуы мен ел тәуелсіздігінің нығаюы жылдары көптеген өзгерістерге ұшыраған бүгінгі тыныс-тір­­шілігі туралы мағлұмат алды. Көпшілік назарына ұсы­нылған дәстүрлі қолөнер ше­бері Смағұл Кенжебай, ағаш шебері Е.Макенов, тері мен металл шебері Р.Шәріповтің бірегей туындыларымен қа­тар, Көкшетау қаласының балалар көркемсурет мектебі тү­лектерінің заманауи қала­мыздың келбетіне көрік беріп тұрған Науан Хазірет атындағы ақшаңқай мешіт, Достық үйі ғимараты, жаңа шіркеу, «Тә­уелсіздік» алаңы және тағы бас­қа көрікті жерлер бейнеленген картиналары көпшілік қауымды тамсандырып, рухани ләззат сыйлады.

Көкшетау қаласының құ­рылу және даму кезеңдеріне қызығушылық танытып, ту­ған жеріміздің шежірелі тари­хына тереңірек бойлауға ниет­ті жерлестеріміз бен қала қонақтары үшін музейіміздің есі­гі әрдайым айқара ашық.

 

Күнсұлу НҰРҒАЛИЕВА,

Көкшетау қаласының тарихы музейінің ғылыми қызметкері