Спорт • 01 Шілде, 2019

«Динамоның» ізбасарлары сайысқа түсті

326 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылорда қаласындағы мұз айдынының волейбол алаңында ұлағатты ұстаз, спорт ардагері, волейболшы Тұрғанбек Алтынбеков атындағы қырық жастан асқан ардагер спортшылар арасында ашық турнирі өткізілді. Өмірден өткеніне екінші жыл айналған Тұрғанбек аға 1960 жылдары ел құрамасының жастар сапында өнер көрсеткен, спорт шебері «Динамо» лақап атымен танылған-ды. Бертінге дейін Сыр өңірі спортының дамуына ауқымды үлес қосып, шәкірт тәрбиелеген ұстаздың есімі зор құрметке ие.

«Динамоның» ізбасарлары сайысқа түсті

Топтық ойындарда өткен бәсеке өте тартысты болды. «Жүйріктен жүйрік озар жа­рыс­­қанда» демекші, өз тобынан шыққан жеңімпаздар тағы да өзара сынға түсті. Үшінші орын үшін болған бәсекеде шиеліліктер Қызылорда командасын айқын басымдықпен еңсеріп, жүлделі орынға табан тіресе, ақтық сында байырғы қар­сыластар Байқоңыр командасы мен Жаңақорған ауданының ардагерлері алаңға шықты. Өт­кен жылғы турнирде де осы екі команда финалда кездескен еді, онда жаңақорғандықтарға сәт­тілік серік болып, бас жүлдені ием­денген болатын. Ал бұл жолы күшейтілген құраммен келген космодром офицерлері жеңіске жетіп, былтырғы кеткен есесін қайтарды. Әсіресе ке­зінде облыс құрамасының сапында болған Қуаныш Рақатов сынды белгілі спортшының ойынына көрермендер тәнті болды. Сондай-ақ қызылордалық ардагер-волейболшы Сабыр Жаң­быровтың қимылы көз сүйсінтті. Жаңақорғандық ойыншылар Әб­дібек Әбілсейітов, Жұмахан Нұр­тазаев, Самат Сопбеков, Шәді­бек Накипов, Шиелі ауда­ны­ның белді ойыншылары Өтеп Әбді­раманов, Елтай Серікбаев, Батыр Пазыл­беков­тің де ше­бер­ліктері ешкімнен кем түскен жоқ.

 

Нұрмахан ЕЛТАЙ

 Қызылорда